4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні
Кез келген халықтың тарих сахнасында мемлекет ретінде сақталып, іргесінің сөгілмей тұруы тек оның экономикалық қуаты мен әскери әлеуетіне ғана байланысты емес. Мемлекеттіліктің көзбен көріп, қолмен ұстауға келмейтін, бірақ әрбір азаматтың ішкі рухын қозғап, тұтас бір ұлтты ортақ мүддеге біріктіретін киесі бар. Ол – Мемлекеттік рәміздер.

Әдетте біз Туды, Елтаңбаны және Әнұранды заң жүзінде бекітілген, ресми іс-шараларда қолданылатын саяси атрибуттар ретінде ғана қабылдауға дағдыланғанбыз. Алайда осы бір қасиетті нышандардың
астарына үңілсек, олардың жай ғана геометриялық пішіндер мен бояулар емес, бойына ұлттың генетикалық кодын, бабалардың ғасырлар бойғы арманы мен болашақ ұрпақтың аманатын сыйдырған тірі ағза іспетті тылсым сипаты бар екенін аңғарамыз. Көк Тудың түсі – ежелгі түркілік танымдағы Көк Тәңірінің, шексіздік пен бейбітшіліктің символы. Ортасындағы алтын күн мен оның астында қанат жайған қыран құс еркіндік пен асқақтықтың, мемлекеттің кемелдігінің көрінісін сипаттайды. Ежелгі замандардан бері майдан даласында туды құлатпау, оны жаннан артық қорғау тек әскери бұйрықтан емес, сол Тудың бойындағы қасиетті күшке деген сенімнен туған. Ту жығылса, рух жығылады, мемлекет құлайды. Міне, осы тұрғыдан алғанда, біздің Көк байрағымыз бүгінде еліміздің тәуелсіздігін сыртқы күштерден қорғап тұрған рухани
қорғанымыз іспетті.
Елтаңбамызға көз жүгіртсек, оның әрбір бөлшегінен ежелгі көшпелілер мәдениетінің тылсым философиясын көреміз. Оның орталық элементі – Шаңырақ. Шаңырақ қазақ үшін – әулеттің, ошақтың, мемлекеттің киесі, ұрпақтар сабақтастығының алтын діңгегі. Ал Елтаңбаның екі жағындағы қос қанатты пырақтар (тұлпарлар) – қазақ мифологиясындағы тылсым күштердің, уақыт пен кеңістікті бағындырған асқан жүйріктік пен адалдықтың белгісі. Бұл бейнелер мемлекетті пәле-жаладан, сыртқы сұқ көздерден қорғайтын бойтұмар рөлін атқарып тұрғандай әсер береді. Пырақтардың алтын қанаттары болашаққа деген ұмтылысты, ал төбесіндегі бес бұрышты жұлдыз жол сілтейтін жарық жұлдызды, халықтың бақытты
болашағын меңзейді. Осы элементтердің үйлесімі мемлекеттің іргесі мығым, шаңырағы биік болуын бейнелейтін үлкен энергетикалық жүйені құрайды.
Қазақстанның Әнұраны – ұлттық кодтың дыбыстық толқыны. Әнұранның әрбір нотасы мен әрбір сөзі халықты бір толқынға тоғыстырып, ортақ мақсатқа жұмылдыра тын мистикалық күшке ие. Ол біздің сана
мызға бабалардың ерлігін, жеріміздің кеңдігін және еліміздің айбынын құйып тұрады.
Рәміздердегі рух байланысын тарқата отырғанда, алып-қосар ойымыз да қылаң беріп отыр: Мемлекеттік рәміздер – елдіктің белгісі, егемендіктің айнымас айғағы. Алайда, бүгінде біз осы қастерлі құндылықта рымызды лайықты деңгейде ұлықтай алып жүрміз бе? Бұл сауалға Мемлекеттік Елтаңбаның авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жандарбек Мәлібеков Рәміздерге қатысты конференцияда жауап қайырыпты. Ол ұлттық рәміздерді насихаттау жұмыстарының жүйесіздігіне, оның тек атаулы күндердің көлеңкесінде науқандық сипатта қалып қоятынына қынжылыс білдірді.
Автордың айтуынша, бізде рәміздер күніне орай жылына бір апта немесе он күндей ғана кездесулер мен іс-шаралар өткізіліп, кейін ұмыт қалады. «Бір конференциямен ғана мәселе шешілмейді» деген
Жандарбек Мәлібеков бұл үдерістің тереңірек жүруі тиіс екенін алға тартады. Елтаңба авторының пайымдауынша, рәміздердің мәні мен мағынасын, олардың терең тарихы мен құндылығын балабақша
қабырғасынан бастап, мектеп, жоғары оқу орындарында және ауыл жастарының бойына тұрақты түрде сіңіру қажет. Бұл – ұрандатып қана орындайтын міндет емес, ұрпақ санасына үздіксіз құйылатын рухани азық болуы тиіс. Жастар Көк байрағымызды тек ресми жиындарда емес, жүрек қалауымен үйінің төріне ілгенде, қолдарына мақтанышпен алғанда ғана шынайы патриотизм
оянады.
Көк Туымыз тұғырынан таймай, Елтаңбамыз еңселі болып, Әнұранымыз асқақтай берсе, мемлекеттігіміздің де рухани қалқаны мықты, болашағы баянды болмақ.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



