Өңірде «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі өтуде
Қарағанды қаласында аймақтың тауар өндірушілері мен қолөнер шеберлерінің басын қосқан «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі өтті. Ауқымды шара өңірдегі шағын және орта бизнесті қолдауға, сондай-ақ жергілікті өнімдерді насихаттауға бағытталған. Аталмыш көрме туған өлкенің мәдениетін, салт-дәстүрі мен өндірістік әлеуетін кеңінен таныстыратын бірегей жобаға айналды. Көрме-жәрмеңкеге Қарағанды облысының барлық аудандары мен қалаларынан жиналған отандық тауар өндірушілер қатысып, өз өлкелерінің ерекшелігін айшықтайтын, сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.

Жәрмеңке сөрелерінде жергілікті шикізаттан дайындалған тауарлардың сан түрі тізілді. Атап айтқанда, экологиялық тұрғыдан таза бал, сүт өнімдері, құрт пен ірімшік секілді ұлттық тағамдар көпшіліктің сұранысына ие болды. Сонымен қатар, көздің жауын алатын көрпе-жастықтар, өрнекті тоқыма бұйымдары мен заманауи нақыштағы қолдан жасалған сапалы сөмкелер қойылды. Ағаштан ойып жасалған дәстүрлі ыдыс-аяқтар, музыкалық аспаптар мен бірегей сыйлықтар да көрменің сәнін келтіріп, ұлттық рух пен ерекше атмосфера қалыптастырды.

– Дала дәмі, ұлттық дәмдер негізінде құрт, жент, ірімшік, қаймақ сынды өнімдерді пайдаланып, жаңаша түрде ұсынып отырмын. Біздің қазақтың тәтті ұлттық тағамдарына заманауи форматта сыйлық ретінде туристерге, қонаққа барғанға сұраныстар болып жатады. Осы Қарағанды облысының өнімдерін басқа форматта, заманауи форматта толықтай көрсетіп ұсынып отырмын. Тапсырыс жақсы түседі. Тойбастарға ерекше тапсырыстар түсіп жатады, – дейді көрмеге қатысушы Эльмира Болатқызы.
Іс-шараның басты ерекшелігі – қала тұрғындары мен қонақтары өнімдердің сапасын тікелей бағалап, дәмін татып көруге мүмкіндік алды. Тұтынушылар өзіне ұнаған тауарларды ешқандай делдалсыз, тікелей өндірушілердің өзінен сатып алды. Бұл қадам бір тараптан жергілікті халық үшін тиімді болса, екінші тараптан шағын кәсіп ісмерлеріне өз тұтынушыларын табуға және жаңа нарыққа шығуға үлкен септігін тигізді. Көрмеге келушілер отандық өнімді қолдау арқылы аймақ экономикасының дамуына және болашақ қазақстандық брендтердің қалыптасуына өз үлестерін қосты.

– Қолөнермен айналысқаныма 3 жылдың көлемі болды. Жүн адам денсаулығына пайдалы. Аурудан сақтайды әрі жүнмен емделуге болады. Суықтан, ыстықтан қорғап, қан қысымын тұрақты түрде ұстап тұрады. Табиғаттың өнімін, қазақтың болмысына, салтына тән дүниелерді насихаттап, қажетімізге жарата білуіміз керек. Менің мақсатым ел дәрі ішпей, өзіміздің өнімді пайдаланып ауырмай жүрсе екен, – дейді көрменің белсенді қатысушысы Раушан Балтабайқызы.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы ауылдық аймақтардағы кәсіпкерлік белсенділікті арттыруда пәрменді құрал екенін дәлелдеп отыр. Ұйымдастырушылар бұл шараның жергілікті халыққа шабыт сыйлап, отандық өндірушілерді қолдаудың маңызын айқындағанын атап өтті. Алдағы уақытта мұндай көрмелердің жүйелі түрде жалғасын табуы жергілікті брендтердің сапа стандарттарын арттыруға және жаңа жұмыс орындарының ашылуына берік іргетас қалайды. Қарағанды төрінде өткен бұл берекелі жәрмеңке өңірдегі іскерлік байланыстарды нығайтуға айтарлықтай серпін берді.
Нұрасыл АМАНЖОЛ,
ҚарҰЗУ II курс студенті



