Жиырма жыл: Франция тағы чемпион

14 шілде – Бастилияны алу күні – Францияда ұлттық мереке. Француздар бұл күнді биыл да ерекше атап өтті. Енді, міне, тойдың соңы тойға ұласқан жайы бар. Иә, Франция жиырма жыл бұрынғы жетістігін тағы бір мәрте қайталады. Екі дүркін әлем чемпионы. Жер-жаһандағы ең мықты құрама – француздар.

Хорваттар да қай мадаққа болсын лайық ұжым екендігін көрсетті. Финалға дейінгі «соқтықпалы, соқпақсыз» (Абай) жолды басып өтті. Аргентина бастаған топтағы қарсыластарын түгел жеңіп, 9 ұпайды қоржынға басты. 1/8 финалда – Данияны, ширек финалда – Ресейді пенальтимен жерге қаратты. Жартылай финалда жолы түйіскен азулы ағылшындар құрамасын қосымша таймда ұтты. Табандылық пен төзімділікті, шеберлік пен бірлікті осы хорваттардан үйренуге бола ма дерсің?!

Қос тарап жанкүйерге керемет ойын сыйлады. Алаңға жүгіріп шыққан тентектер де бұл кештің сыйқын кетіре алмады.

Финалдық кездесу есебі Манджукичтің голымен ашылды. Өз қақпасына. Француз Гризман оң жақтан көтерген допты хорват шабуылшысы аңдаусызда қақпаға тоғытты.

Он минут өте Балқан түбегінің өкілдері есепті теңестірді. 28-ші минутта Видадан пас алған Перишич қақпаны дәл көздеді.

Тағы он минуттан кейін Гризман таблодағы көрсеткішке өзгеріс енгізді. Айып добын қақпа торында тулатты. Үзіліске құрамалар 2:1 есебімен тарқасты.

Екінші таймда да көрермен қауым үш голға куә болды. Екеуі – француздар еншісінде.

59-шы минутта оң қапталмен келген Гризман айып алаңына жақындап қалған Погбаға доп тастады. Ышқына тепкен Погбаның соққысын қорғаушы Ловрен қайтарды. Дегенмен, Погба қайта тепкен доп қақпаға жер бауырлап еніп кетті.

Хорваттардың жылтылдаған үмітін сөндірген Мбаппенің голы болды. Эрнандес сол қапталмен әкеліп, ортаға шығарған допты Мбаппе жойқын күшпен қақпаға кіргізді. 23 метрден тебілген допты қақпашы Субашич те байқамай қалды.

Француздар сапында жұрт келешегіне үмітпен қарап отырған жігіттер бар. Қалыптасып қалған Варан, Гризман, Погбадан бөлек, осы Мбаппенің өзін алсақ жеткілікті. Франция алғаш чемпион атанғанда туған екен. Жиырмаға желтоқсанда толатын жас перінің құйын-перен ойынына тәнті болмаған жан бірді-екілі. ФИФА да лайықты бағасын берді. Мбаппе – «Турнирдің үздік жас ойыншысы» атанды.

Ойындағы алтыншы голды хорваттар өз есебіне жазды. Автоголмен таблодағы есепті ашқан Манджукич голдар шеруіне нүкте қойды. Қақпашы Льорис аяғына тиген допты әуелетіп алдыға асырмай, хорватты алдап өтпекші болған. Оңайға алданар Манджукич па?! Допты іліп әкетіп, қақпаға тепті. 4:2.

Сонымен, Франция араға жиырма жыл салып кубокты тағы қолға алды. 1998 жылы өз жерінде өткен турнирдің финалында Бразилияны ұтты. Ал, жартылай финалда осы хорваттарды 2:1 есебімен жеңді. Сол кезде хорваттар Голландиядан басым түсіп, қола жүлдеге иелік етті.

Ал, биылғы қола медаль – Бельгия құрамасында. Жұрт чемпиондықтан үміттілер қатарына қосқан ағылшындардан 2:0 есебімен айласын асырды. Гол авторлары – Менье мен Азар.

Жоғарыда айттық, Мбаппе – «Үздік жас ойыншы». Бұдан өзге, ФИФА тағайындаған арнайы сыйлықтардың бірі – «Алтын қолғапты» осы Бельгия қақпашысы Тибо Куртуа еншіледі. Хорват капитаны Лука Модрич «Алтын допқа» ие болды. Ал, турнирдің сұрмергеніне берілетін «Алтын бутсы» ағылшын шабуылшысы Гарри Кейннің үйінің төрінде жарқырайтын болды. 6 гол. Кейннен кейін Гризман (Франция), Черышев (Ресей), Мбаппе (Франция), Роналду (Португалия) және Лукаку (Бельгия) орналасқан. Бұлардың әрқайсысы 4 мәрте қақпаны нысанаға алыпты.

Тағы бір айтып өтері, Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам ойыншы және бас бапкер ретінде әлем чемпионатында жеңімпаз атанған үшінші адам. Бұған дейін бразилиялық Марио Загалло мен неміс Франц Беккенбауэр ғана бұл биікке көтерілген-ді.

Сонымен, футбол тойы тәмам. Төрт жыл бұрын Бразилияда топ жарған немістер чемпион тәжін француздарға табыстады. Келесі чемпионды төрт жылдан кейін білеміз, бұйыртса. 2022 жылы Катар әлемдік доп додасын қабылдайды.

Нұрқанат ҚАНАФИН,
«Орталық Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.