Жаңалықтар

Жиын өзегі-аймақ ахуалы

Бейсенбі күні облыстық мәслихаттың ХVІ сессиясы өтті. Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ, облыстық мәслихат хатшысы Серік ӨТЕШОВ қатысқан жиында бюджеттің игерілуі мен Аймақты дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Сессияда мәлім болғандай, облыстың экономикалық жағдайында өсім байқалады. Және халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған жұмыстардың көлемі ауқымды. Осының барлығы жерлігікті атқарушы билік пен мәслихат депутаттарының бірлескен жұмысының нәтижесі болса керек.

Бюджеттің дұрыс игерілуі – өңір экономикасын еселеу мен елдің әлауқатын арттырудың алғшыраттарының бірі екендігі белгілі. Бұл мәселе төңірегінде облыстың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ораз Тәуірбеков баяндама жасады.

– 2017 жылы бюджетке келіп түскен қаражат 136,9 миллиард теңгені құрады. Ол алдын ала жасалған болжамнан 6,9%-ға артық. Бағаларды әрдайым тұрақтандырудың нәтижесінде, аймағымыздағы инфляция деңгейін бекітілген үкіметтік деңгейде – 6,8% көлемінде ұстап тұра алдық, – деп мәлімдеді басқарма басшысы.

Өткен жылы облыста 374 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. 863 шақырым автожолдар жөнделді және 183,8 шақырым инженерлік желілер қайта қалпына келтірілді. Бұл өз кезегінде аймағымыздың 300 мыңнан астам тұрғынын сапалы қызметтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік тудырды. Бұл – Аймақты дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасының бір көрсеткіші.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Қарағанды облысы әкімдігінің 2017 жылғы қорытындылары бойынша барлығы 50 ұпайдың 46,9 ұпайымен бағалаған. Мұндай нәтиже барлық әлеуметтік міндеттердің орындалуы, сондай-ақ, 13 индикатор бойынша 25%-дан астам сапалы көрсеткіштер өсімінің нәтижесінде мүмкін болып отыр.

Облыстың шалғайдағы елді мекендерінде тұрып жатқан созылмалы дертке шалдыққан науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін жылжымалы дәріханаларды іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев мәлімдеді. – Тұрғындар тарапынан созылмалы дертке шалдыққан науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты наразылықтар көп болғаны құпия емес. 2017 жылы бізге осы саладағы қаржыландыруды 5,5 миллион теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік туды. Ол созылмалы дерті бар науқастарды 100% дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге септігін тигізді. Бұл проблеманы шешу үшін біз емханалардың ішінде дәріханалар ашып, әлеуметтік дәріханалар желісін құрдық. Биылғы жылы шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарын дәрі-дәрмекпен қамту үшін жылжымалы дәріханалар құруды көздеп отырмыз, – деді Ержан Нұрлыбаев.

Сондай-ақ, басқарма басшысы аймағымыздағы емханалар мен ауруханалардың техникалық жағдайын жақсарту жоспарда бар екені туралы айтты. Соңғы үш жылда 35 медициналық мекемеде күрделі жөндеу жасау үшін 3 миллиард теңгеден астам қаражат бағытталды. 2018 жылы 1,5 миллиард теңге 15 ғимаратты жаңғыртуға жұмсалмақ. Барлығы облыс бойынша 77 денсаулық сақтау мекемесі жөндеуге мұқтаж. Бұл мақсаттарға 7 миллиард теңгеден астам қаржы қажет.

– Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша денсаулық сақтау нысандарының жағдайын жақсарту бойынша үш жылдық жоспар құрылды. Республикалық бюджеттен келген субвенцияның арқасында біз үш жылда барлық нысандарды қалыпқа келтіре алатын боламыз, – деді басқарма басшысы. Бұған қоса, облыстық онкологиялық диспансерге қажетті жаңа жан сақтау-операциялық блоктың құрылысына қатысты мәселе шешілуде. Жобалық-сметалық құжаттама құрылған және де қазіргі таңда бекітуге жіберілген.

Сондай-ақ, 300 орынға шақталған облыстық клиникалық аурухананың жаңа ғимаратын салу жоспарланып отыр.

Дәрігерлер тапшылығы мәселесі қызметтік баспана беру жолымен шешілуде. Бұған дейін пәтерлер Балқаш және Саран қалаларының жас мамандарына берілді.

2019-2020 жылдары 160 медициналық қызметкерді ведомстволық баспанамен қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Облыстық мәслихаттың ХVІ сессиясында Жергілікті полиция қызметінің құқық пен тәртіпті қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстардың қорытындысы да қаралды.

ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы Ж.Жақаев баяндама жасады. Оның айтуынша, биылғы жылы қолда бар 85 қылмыс туралы фактінің 37-сі өткен 2017 жылдың үлесіне тиесілі. Оладың 23-і сотқа жіберілді (барлығы 2017 жылғы). 46 іс бойынша белгілі бір негіздермен оларды қысқарту туралы шешім қабылданды.

Есепті кезеңде кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстардың азайғаны байқалады, 1,5%.

Облыстық мәслихаттың бұған дейінгі шешімдерінің орындалысы да жиыннан тыс қалған жоқ. Бұл мәселе төңірегінде облыстық мәслихат аппаратының басшысы Қ.Нұркенов баяндама жасады.

Сессия соңында облыс әкімі Ерлан Қошанов сөз алып, билік өкілдері мен депутаттардың бірлескен жұмысының жүйелі екендігін және сол арқылы оң нәтижеге қол жеткізуге болатындығын айтты.

– Сессияда бірқатар маңызды мәселелер қарастырылды. Олардың ішінде, ең бастысы – аймақты дамыту бағдарламасын жүзеге асыру. Сіздер білесіздер, бюджетті жоспарлау кезінде біз осы бағдарламаға қарап бағыт аламыз. Егер, 2016 жылы аймақтық ішкі өнім деңгейі 2,4%-ды құраса, 2017 жылдың қорытындысы бойынша оның деңгейі 4%-ға ұлғайып, адам басына есептегенде 7,4%-ды құраған. Өсім экономиканың барлық негізгі салаларында байқалады. Байқап отырғанымыздай, бағдарлама жоспар бойынша орындалып жатыр. Алайда, кейбір бағыттар бойынша өзекті мәселелер бар. Оларды әлі де шешіп, жұмыс атқаратын боламыз, – деді облыс әкімі.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button