«Жергілікті полиция қызметінің құрылуы – дұрыс шешім»

Жалғасбай ЖАҚАЕВ,

Қарағанды облыстық Ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі:

Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында Жергілікті полиция қызметі құрылды. 2016 жылдың 1 қаңтарында. Құрылымның қалыптасу кезеңі мен қазіргі ахуалы қандай? Сондай-ақ, облыстағы қылмыстық жағдай нешік? Мәселенің мәнісін Қарағанды облыстық Ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Жалғасбай ЖАҚАЕВТАН сұрап білген едік.

Жалғасбай Сұлтанғали­ұлы, әңгімемізді Жергілікті полиция қызметінің құрылуы жайлы өрбітсек…

Міне, бір жарым жылдай уақыт бойы жұмыс істеп келеміз. Әрине, жеткен жетістіктеріміз де бар, сонымен қатар, жаңа құрылым енді аяққа тұра бастағанда қиындықтар да болмай қалмайтыны рас. Қызмет ауқымымыз үлкен, қоғамдық тәртіпті және жол ережесін сақтауды бақылау – ішкі істер құрылымындағы өте кең көлемді жұмыс қой.

2016 жыл – бүкіл республикамыздағы Жергілікті полиция қызметінің қалыптасу кезеңі. Бұл кезең біздің облыста көп қиындықсыз әрі іркіліссіз өтті. Министрлік басшылығы мен облыс әкімі тарапынан алдымызға қойылған міндеттердің бәрін талапқа сай орындадық. 2015 жылға қарағанда былтыр барлық жағынан көрсеткіштеріміз бен нәтижелеріміз жақсы болды. Жол-көлік оқиғаларының саны 26 пайызға азайса, қайтыс болғандар саны – 14,9 пайызға, ал жарақат алғандар 20 пайыздан астамға төмендеді.

Сонымен қатар, көшелерде және қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстар саны да азайды. Кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын қылмыстар да 5 пайызға төмендеді.

Қазіргі күні шешімін күткен проблемалар бар ма? Сізді басшы ретінде не алаңдатады?

Дәл бүгін қолбайлау болатындай проблема жоқ. Былтыр мен осы қызметке келгенде ішкі істер органдарының материалдық-техникалық жағдайы өте нашар еді. Біз соңғы 4-5 жыл көлемінде еліміздегі материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілмеген жалғыз облыс болдық.

Сол себепті, облыс әкімдігінде, облыстық мәслихатта, «Нұр Отан» партиясының филиалында, дөңгелек үстелдер басында, депутаттардың, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткен жиналыстарда Жергілікті полиция қызметінің материалдық-техникалық жағдайы аянышты халде екенін айтып, қаншама рет мәселе көтердік. Мәслихат депутаттары біздің өтінішімізге құлақ асып, тірек пункттерімізді, жол-патрульдік полициясы полктерін аралап, қарап шықты. Біздің қандай жағдайда жұмыс істейтінімізді, материалдық ахуалымызды көрді. Облыс әкімінің бірінші орынбасарымен бірге де тірек пункттері мен полктерді араладық. «Жыламаған балаға емшек берілмейді» дейді емес пе, өз жағдайымызды осылай айтып, көздерін жеткізгеніміздің нәтижесінде бізге қомақты қаражат бөлінді. Сол үшін әкімдік басшылығына және депутаттарға алғысымыз шексіз.

Яғни, материалдық-техникалық қамтамасыз етілу толыққанды жүзеге асты ғой…

Бөлінген қаражатқа 100 пайыз болмаса да, 70-80 пайыз көлемінде қамтамасыз ету көзделіп отыр. 1 жылдың ішінде мұндай көрсеткішке жетудің өзі – үлкен жетістік. Өткен жылы қыркүйек-қазан айларында жеңіл көліктер сатып алынды. Біздің бағдарламамыз 2017-2018 жылдарға арналған. Осы аралықта ІІД мен Жергілікті полиция қызметін толықтай материалдық жағынан қамсыздандыру көзделіп отыр.

Осы күні сіздерде қанша бөлініс жұмыс істейді?

Облыс көлемінде 7-8 бөлініс бар. Жергілікті полиция қызметінде 3 мыңға жуық адам еңбек етеді. Оның 800-дейі – учаскелік, 200-ден астамы – ювеналдық полиция инспекторы. 800 шақтысы – патрульдік полиция полкі мен облыстық арнайы батальонның сержанттық құрамы. Одан бөлек, табиғатты қорғау полициясы, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторлары бар. Жергілікті полиция қызметінің осы қызметкерлері Қарағанды облыстық ІІД жеке құрамының жартысына жуығын құрайды.

Бір жылдан астам уақыт жұмыс істедіңіздер. Қалай ойлайсыз, Жергілікті полиция қызметін құру қажеттілігі өзін ақтай алды ма?

Әрине, Жергілікті полиция қызметінің құрылуы – дұрыс шешім. Неге десеңіз, осы өзгерістің арқасында полиция қызметкерлеріне тиесілі міндеттемелердің шекарасы нақты белгіленді. Әрбір қызметкер тек өзіне тікелей жүктелген міндеттемелерімен айналысуы керек. Әсіресе, Жергілікті полиция қызметіне қарайтын учаскелік инспекторлар туралы айтуға болады. Олар – өз учаскесінің берік қамалы болуы тиіс. Жергілікті полиция қызметі құрылғанға дейін учаскелік инспекторлар барлық қылмыстарды тергеумен айналысатын. Тонау, ұрлау, алаяқтық, тағы да басқа Анықтау органдарының міндетіне кіретін істердің бәріне солар араласатын. Бұл учаскелік инспекторлардың мойнына шамадан тыс жүктеме артып, өздерінің нақты міндеттемелерін орындауына қиындық келтіретін.

Қазір учаскелік инспектор қылмыстық істерді тергемейді, тек өз міндетін орындайды. Олар халықпен етене тығыз жұмыс істеп, әр айда есеп беріп отыратындықтан, біз қазір оларға көпшілік алдында іркілмей сөйлей білуді үйретіп жатырмыз. Бұрын олардың көбі адамдармен сөйлесіп, мінбеде тұрып халық алдында есеп беруге дағдыланбаған еді. Себебі, бұған дейін учаскелік инспекторлар өздеріне келетін бірнеше адаммен ғана сөйлесетін болса, қазір әр ай сайын өз учаскесі алдында есеп береді. Ол есеп берулердің бейнежазбасын да түсіріп, бізге жіберулерін талап етеміз. Біртіндеп инспекторларымыз осы жаңа міндеттемені де меңгеруде. Бұл – халық пен полиция арасын жақындатуға жасалған қадам.

Өзіңіз айтқандай, учаскелік инспекторлардың мойнынан артық міндеттемелер түсті. Бірақ, халықпен тікелей жұмыс істеуден қашқақтап, көбі учаскелік инспекторлықтан бас тартпай ма?

Учаскелік инспектор болудан қашқақтады дегенді естімеппін, бізде мүлдем керісінше. Тергеу бөліністерінде жұмыс істейтіндер жұмыстың тым көптігінен учаскелік инспектор болып ауысқысы келеді. Қарағанды облысында учаскелік инспектор қызметінде бос жұмыс орны жоқ. Неге? Өйткені, қазір олардың мәртебесі көтеріліп келеді. Жоғарыда айтқанымдай, қолдарындағы папкалары бұрынғыдай қағазға толы емес. Себебі, қылмыскерлерді торуылдамайды, қылмыстық істермен айналыспайды. Таңертең жұмысқа келіп, тек өзіне тиесілі істермен шұғылданады, учаскесінің тыныштығы мен тәртібін қадағалайды, өзінің әкімшілік материалдарымен жұмыс істейді.

Учаскелік инспекторлардың мәртебесі көтеріліп келеді дедіңіз. Жалпы, олардың қазіргі қоғамдағы рөлі туралы не айтасыз?

Қазір учаскелік инспектор болуға ниеттілер жетіп артылады. Ал, бұрын қалай еді? Тергеуші, жедел уәкіл бола алмағандарды ең соңғы, төменгі саты ретінде – учаскелік инспектор болуға жіберетін. Қазір мұндай көзқарас түбегейлі өзгерді. Тек, осы іске лайықты, білікті мамандар ғана учаскелік инспектор болып жұмысқа тұра алады. Учаскелік инспектордың көмекшісі деген офицерлік құрам бар, сол жерде инспектордың қасында 3-5 жыл жүріп, қызметтің қыр-сырын үйреніп, кәсіби деңгейде жеткен қызметкерлер ғана учаскелік инспектор болуға лайықты. Бұл істі білмейтін адамдардың тағайындалуына жол берілмейді.

Облыс бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің (ҚАЖД) Пробация қызметімен байланыстарыңыз қалай?

Қарағанды – еліміздегі түзеу мекемелері ең көп облыс болып табылады. Сондықтан да шығар, біз республикада алғашқылардың бірі болып пробация қызметіне қатысты ІІД, ҚАЖД және үкіметтік емес ұйымдар арасында үшжақты меморандумға қол қойдық. Күні кеше ғана облыстық әкімдікте «Қақпа алдындағы кездесу» атты осы меморандумның таныстырылымын жасадық.

Осындай өзара іс-әрекеттестіктің арқасында бүгінде бізді Қарағанды облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментімен, оған қарасты Пробация қызметімен байланысымыз өте жақсы. Тұңғыш «Қақпа алдындағы кездесу» сәтті өтті. Түзеу мекемесінен шыққан алғашқы 5 адамды Майқұдықтағы Уақытша әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастырдық. Олардың тұрғылықты жерлері де, туған-туыстары да жоқ. Сотталып шыққандар бұл орталықта 1 айдан 6 айға дейін тұрады. Осы уақыт аралығында олар өздеріне жұмыс және тұратын жер тауып алуы тиіс. Ал, үшжақты меморандумға қол қойған үкіметтік емес ұйымдар осы адамдарды алғашқы 1 айда оқытып, сылақшы-әктеушіден бастап зергерлікке дейінгі кәсіп түрлерін оқытатын болады. Кейін олардың жұмыс табуына да Пробация қызметі атсалысады. 6 айға дейін олар өздеріне қандай да бір кәсіпті табады деп сенеміз.

Өткен жылдан бастап Қарағанды облысында алты тірек пунктінде Пробация қызметі мен біздің учаскелік инспекторлардың бірлескен кабинеттерін аштық. Өйткені, жазасын өтеп шыққандар ҚАЖ департаментіне бір барып, сосын учаскелік инспекторға белгіленуге бір барып жүрмей, бір жерден ғана жұмысын бітіруі үшін осындай тиімді тәсілді жүзеге асырып отырмыз. Әрбір үлкен елді мекенде ортақ кабинеттер ашу күн тәртібінде тұр.

Тірек пункттерінің дені кеңес заманынан қалған ескі ғимараттарда орналасқан болатын. Қазір жағдай қалай?

Біз 2016 жылы осы бағытта үлкен жұмыстарды атқардық. Жоғарыда айтып өткендей, мәслихат депутаттары, облыс әкімінің бізге кураторлық жасайтын бірінші орынбасары, қала әкімімен бірге жүріп барлық тірек пункттерін араладық. Олар қызметкерлеріміздің қандай жағдайда қызмет етіп жатқанын көрді. Осы мақсатта жиналыстар ұйымдастырдық. Нәтижесінде, әзірге 42 пункттің сметасын жасап, соған облыстық бюджеттен 162 миллион теңге қаражат бөлінді. Ал, негізі облыс көлемінде 68 тірек пункті күрделі жөндеуді қажет етіп тұр.

Облыста халық санының артуына байланысты, жаңадан 7 тірек пункті қажет. Алайда, қазіргі мүмкіндігімізге байланысты Қарағандының Оңтүстік-Шығыс бөлігі мен Теміртау қаласындағы адамдар көп жүретін жерлерде 2 экспериментті тірек пункті салынатын болады.

Жол-патрульдік полициясындағы өзгерістерге тоқталсаңыз…

Бұрын жаяу патрульдер жол ережесін бұзғандарды жезлмен ұстай беретін болса, қазір олар көлікті тоқтатпайды. Тек, автопатруль ғана жұмыс істейді. Бірақ, олар да жайдан-жай ешкімді ұстамайды, тек жол ережесін бұзғандарды көргенде ғана дауыс ұлғайтқышпен көлік нөмірін айтып тоқтата алады. Осы өзгерістер енгізілгеннен бері, әрине, жол ережесін бұзу оқиғалары 40-50 пайызға азайды. Бұл жол ережесін бұзатындар азайды деген сөз емес. Патрульдік машиналардың аздығына байланысты бәрін бірдей ұстау мүмкін емес, сондықтан, көрсеткіш бұрынғыдан төмендеп отыр.

Енді, жаңа ережеге халық үйрену үшін уақыт керек. Жол ережесін бұзбау үшін халықтың да сана-сезімі артуы қажет. Алдағы уақытта біз тағы 105 көлік сатып алғалы отырмыз. Солар қатарға тұрғаннан кейін көрсеткіштеріміз артады деп ойлаймын. Ал, жұртшылыққа айтарым, жол-патрульдік полицейлердің қолынан таяғын алып тастады екен деп, оңды-солды ереже бұзуға болмайды. Ондай теріс түсініктен арылып, заманауи адам екенімізді көрсетуіміз керек. Өйткені, мұның бәрі өзіміздің, балаларымыздың қауіпсіздігі үшін керек.

Полиция қызметкерлерін материалдық қолдау мақсатында өзге қандай іс-шаралар қолға алынуда?

Әкімдік алдында есеп беретін құрылым болғандықтан, Жергілікті полиция қызметіне облыс әкімі тарапынан айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Айта кететін жайт, өткен жылы Полиция күнінде облыс әкімі 10 үздік полиция қызметкеріне 300 мың теңгеден сыйақы берді. Қазір бұл марапаттау жыл сайын өтетін арнайы бағдарлама ретінде қабылданып отыр, яғни, әр жылы Полиция күнінде үздік қызметкерлерге қомақты сыйақы берілмек. Бұл іспен айналысатын арнайы комиссия да құрылды. Биыл Қазақстан полициясының құрылғанына – 25 жыл. Мерейлі жылға орай, үздіктерге 300 мың теңге емес, бәлкім 500 мыңнан сыйақы берілуі де ғажап емес. Ол мамыр айында белгілі болмақ.

Сұхбаттасқан

Қуаныш

АМАНҚҰЛОВ.

One thought on “«Жергілікті полиция қызметінің құрылуы – дұрыс шешім»

  1. УПП материалды?-техникалы? жара?тауы ж?не ?стауы учаскелік полиция инспекторлары мен оларды? к?мекшілерін ?амтамасыз ету ?олданыста?ы за?нама?а с?йкес жергілікті бюджеттен ж?зеге асырылады.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.