Жаңалықтар

Әжемнің әңгімесі әлі есімде

1937 жылы әжем София Ли мен атам Юрий Ким Қазақстанға жіберілген. Олар Манчжурияда тұрыпты. Бір күні аяқ астынан солдаттар келіп, көлікке тиеп алып кеткен. Қолдарына іліккенді ғана алыпты. Көпбалалы болғандықтан әжем іші күрішке толы үлкен қазанын өзімен бірге ала шыққан. Атамды еңбек әскеріне Қарағанды шахтасына жөнелтіпті. Әжем 5 баласымен Петропавл облысына қарасты Блюхер селосының маңындағы қазақ ауылына тоқтаған. Ауылдың атауы есінде жоқ.

Сол жерде еңбек етіп, өмір сүре бастайды. Қолдарында ештеңе болмағандықтан, еңбекке қажетті дүниенің бәрін жергілікті қазақтар берген. Ет, ұн, құрт, ірімшік, картоп беріп, үнемі хабарласып отырған. Әжем өмірден өткенше «Осы күнге аманесен жеткеніміз – құшағы кең қазақ халқының арқасы» деп үнемі айтып отыратын. Алғыс айту күні өте орынды енгізілген. Кәрістер сияқты өзге де ұлт өкілдері баршылық. Әрқайсысының өз тағдырлы тарихы бар. Бұл күн  – алғыс айтуға үлкен мүмкіндік.

Қазақстанда әжемнің тағы 3 баласы өмірге келген. Менің шешем және екі бауыры. Ал, атам 1958 жылы жұмыстан азат етіліп, отбасына оралыпты. Осы жылы шешем мен әжем Қарағанды қаласына көшіп келген. Көп ұзамай әкеммен танысып, 1959 жылы өмірге мен келіппін.

Қалған өмірім кешегідей көз алдымда. Оқу бітірдім. Жұмысқа тұрдым. Қазақстан – менің Отаным! Алыс кетсем, жеткенше асығамын. Әжемнің айтқандарын есімнен бір сәт шығарған емеспін. Өмірімдегі әр сәт үшін қазақ халқына шексіз алғыс айтамын. Демеп, қолдап, әлі күнге дейін төбелеріне көтеріп келеді. Өзім де ұрпақ өсіріп, немере бағып отырмын.

Бүгінде Қарағанды қаласындағы №4 мектеп-интернаты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарымын. Бойымдағы бар білім-білігім мен көрген-түйгендерімді ұрпақ санасына сіңірудемін. Бар өмірім – интернатпен, ондағы әрбір оқушымен тығыз байланысты. Жоғары оқу орнын бітіріп, жолдама бойынша «Молодежный» кентіндегі орта мектепте алғашқы 3 жыл мұғалімдік қызмет еттім. Кейін қазіргі қызметіме тағайындалдым. Содан бері ештеңеге алаңдамай бір орында қызмет етіп келемін.

Тәуелсіз Қазақстанымның тыныштығын сақтауға титтей де болса үлес қоса алсам, демек, өмірімнің босқа өтпегені.

Ата-әжемнің, әулетіміздің атынан қазақ еліне зор алғыс айтамын. Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!

Лариса КИМ,

№4 мектеп-интернаты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Басқа материалдар

Back to top button