Желтоқсан оқиғасына - 35 жыл

Желтоқсан жарасы жазылған жоқ

35 жыл өтсе де, желтоқсан көтерілісіне қатысушылар әлі толық ақталмай келеді. Алматы қаласындағы бір кездегі Брежнев атындағы алаң алдына шыққан сан мыңдаған жастардың жасаған жанқиярлық ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Желтоқсанның жүрекке салған жарасын жыламсырап отырып, жыр қылып айтатын үлкендердің алды 55-60-қа толып, ата-әже атанды. Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне қатысып, алаңда «Колбин керек емес!», «Әр елдің өз көсемі болуы керек!» деген ұрандарды көтеріп, жанұшырып шырылдап, жоғарыдан әділдік іздеген сол кездегі өрімдей өз қатарластарымыздың самайын ақ шалды.

Ақ қар, көк мұздың үстінде елінің намысы үшін бейбіт ереуілге шыққан халықты күшпен жаншуға әкелген жасақшылар, желтоқсанның ызғарына қарамастан өрт сөндіргіш көліктен шашылған суға кеудесін тосқан өжет ұл-қыздардың қарсылығы күні кешегідей көз алдымда.

Желтоқсан көтерілісінен кейін туған ұрпақтың алды орда бұзар 35-ке толды. Ел егемендігін алған соң қаншама ұрпақ дүниеге келді. Тәуелсіздіктің оңай келмегенін олар білуге тиісті. Сондықтан жүректегі ескі жараны қозғап, көзбен көрген Желтоқсан көтерілісі жайлы тағы да толғауды жөн көрдім.

Желтоқсанның 16-шы жұлдызы

Қыстың қысқа күні қымқырылып, астана тағы да бір кештің құшағына ене бастаған. Төрт пар сабақтан шаршап шыққан студенттер жатақханаға келісімен қара шайы мен вермишелін жеп, жүрек жалғап алғанда сағат тілі төртке таяп қалған еді. Енді демалып, аздап мызғып аламыз ба деп отырғанда, есік қағылып, бір қыз жүгіріп келді. Іле-шала:

Қыздар, радиодан естідіңдер ме, бүгін пленум болып, Қонаевтың орнына Колбин сайланыпты. Қасымдағы үш орынды бөлмеде тұратын Сара:

– Па, шіркін, өз жерімізден бір адам табылмағаны ма? – деп қынжылыс білдірді. Сол сәт басқалары да:

– Сара, сен ғана емес, осы хабарды ести сала бүкіл студенттер қарсылық  білдіріп жатыр. Ал сендер айналаларыңда не болып жатқанын білмей, ұйықтағалы жатырсыңдар.

Әп-сәтте жатақхана іші әбігерге түсті де қалды. Марқұм Айдар Елтүзеров:
– Ертең сабаққа бармаймыз. Үкімет үйінің алдына барып, митингіге қатысамыз, деді. Сол-ақ екен тұс-тұстан «біз ғана емес, қара да тұр, ертең бүкіл кеудесінде жаны бар жергілікті халықтың бәрі қатысады» деген дауыстар шыға бастады. Сол күні бүкіл студенттер:

Біздің республикамызға еліміздің қыр-сырын білмейтін, әрі тілін білмейтін адамды басшылыққа сайлағаны дұрыс емес. Жоқ, бұған біз келіспейміз, – деп іштері қазандай қайнап, күресуге дәрмен болмай, түннің бір уағына дейін ұйықтамай, ерсілі-қарсылы жүріп алды.

Желтоқсанның 17-ші жұлдызы

Таңертең екінші пар – логика сабағы болды. Курстастарым лекция оқып тұрған орыс апайды құлықсыз тыңдап отыр. Бәрі тықыршып, үзілістің болуын асыға күткендей. Кейбіреулері оқтын-оқтын қол сағатына қарап алып, есінеп қойып отыр. Енді ше? Түнімен дүрлігіп, ұйықтамады.

Үшінші пар «Қазақ ауыз әдебиеті». Есіктен оқытушы Шәкір Ыбыраев пен кураторымыз Ләтипа Ахметова ене берді. Ол кісі пән мұғалімнен сөйлеуге рұқсат сұрап алды да, бетін бізге бұрып:

– Өздеріңе белгілі, кеше пленум болып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына Колбин жолдас сайланды. Міне, осы хабарды ести сала политех, АЗВИ, СХИ-дің студенттері саяси соқырлық жасап, сабақты тоқтатып қойып, Үкімет үйінің алдына жиналып, қарсылық білдіріп жатқан көрінеді. Бұл дұрыс емес. Бір де біреуің ол жаққа барушы болмаңдар. Сабақтың соңына дейін тексеріп отырамыз, – деп қатты ескертіп, шығып кетті.

Куратор шығып кетісімен сыбыр-сыбыр әңгіме таусылмады. Сабақ үстінде хатшы Мәншүк апай келіп, тізім бойынша бізді тағы да бір тексеріп шықты да, «ешкім ешқайда сабақ үстінде кетпеңдер!» деп ескерту жасады. Сол-ақ екен Ұзақбай:
– Иә, апай, сабақ үстінде кетпейміз. Сабақтан соң барамыз, деп қалғаны. Бұл сөз екінші топтың кураторы Ыдырысов Әбілпайыз ағаның құлағына тисе керек, сабақ соңын ала жетіп келді:

– Манағы сөздерің не? Оны айтқан кім?деді. Үнінде зіл бар.

– Мен, ағай!

Ұзақбай орнынан ұшып тұрды. Іле-шала: «Мен ол сөзді ойнап айтқанмын» деді. Ағайдың түсі жылыйын деді.

Бұл күні ұстаздар «темірдей тәртіп» орнатып көргенімен, түстен кейін біраз студенттер алаңға кетіп қалған еді. Түстен кейін алаңға барар жолда алдымен «Пионер» дүкеніне соғып, конспекті жазуға қалың дәптер алмақ болып, №61 автобусқа міндім. Әншейінде ұрыс-керіссіз қала жұртшылығы сыйып кететін автобус ішінде сол күні қақтығыс, орыс-қазақ бірін-бірі итермелеп, жұлқылап, тістерін қайрап, итше ырылдасып қалған. Автобус «Абай» аялдамасына беттегенде Үкімет үйі жағына көз тіктім. Сұмдық! Қаптаған қара құрым халық! Алаңға осы аялдамадан түсіп қалып, сәл ғана жаяу жүріп жетуге болатын еді.

Салондағы барлық қазақтар осы аялдамадан түсіп қалды. Автобустан түсе бергенде ішінде оншақты өзге ұлт өкілі ғана қалғанын байқадым. Олар біртүрлі, айналаға үркіп қарайтын сияқты көрінді. Қас қарайып, дүкен жабылмай тұрып алдымен қалың дәптер алайын, сосын алаңға барамын деп жоспарлап алдым. Дүкеннің алдын қиып өтетін жолда мені милиционерлер әрі қарай жібермей қойсын! Оларға бәлендей ойымда бөтен ой жоғын, тек дәптер алуға бара жатқанымды түсіндірмек болдым. Милиционер сөзіме құлақ асқан жоқ. «Осы жерден жылдам кетіп қалмасаң, арты жаман болады» дегенді айтты. Сосын мені келген жағыма қарай итере бастады. Амалсыз манағы жолмен қайтуыма тура келді. Бұл кезде сағат тілі кешкі бесті көрсетіп қалған.

Жақындай бере байқағанымҮкімет үйі алдында өрт сөндіретін машиналар. Темір қорған мен сойыл ұстаған жасақшылар. «Үкімет басына өз адамымыз сайлансын!», «Қазақтарды басынғаны ма, үкімет жергілікті халықтың пікірімен неге есептеспейді?» деген ашу-ызаға толы саңқылдаған сөздер тұс-тұстан естіліп жатты. Көпшілік арасынан мінбеге ұмтылып, наразылығын білдірмекшілер көп. Амал не, бастарына каска, қолдарына резеңке сойыл ұстаған милиционерлер олардың бірде-біреуін мінбеге жібермей, ұстап қалып отырды. Дауыс күшейткішпен «Партия таңдауы дұрыс! Тараңыздар!» дегенге құлақ асып жатқан ешкім жоқ.

Кенет ентелеген шерушілерді тарату үшін өрт сөндіретін көліктер су шаша бастады. Алдымызда тұрған жастар судан жан-жаққа бытырай қашты. Ашынған кейбір жастар қолдарына іліккен заттарды «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей көлікке лақтыра бастады. Әлгі көліктің әйнектері быт-шыт болып сына бастады. Сырт киіміміз суға малшынып, бойымыз тоңып, қалтырай бастадым. Мойныма су құйылып кетпесін деп пальтомның жағасын көтеріп, тоқылған көк түсті бас киімді маңдайыма тартып қойдым. Қараңғы түсті. Тісі-тісіме тимей тоңып барамын.

Қараңғылық орнап, прожекторлар жағылды. Кенет сырттан әкелген арнайы жасақшылар жұртқа лап қойды. Әсіресе, жастарды ұрып-соғып, көлікке сүйрей бастады. Айнала у-шу. Ешкімді ешкім түсініп болмайды. Айналаның бәрі аласапыран. Кеспелтектермен, сапер күректермен жарақтанған әскер қар мен мұзға тайып жығылған жан біткеннің жынысына, жасына қарап жатқан жоқ, бәрін қан жоса қылып сұлатып жатыр… 

Абыржып қалған мен автобус аялдамасына қарай жүгірдім. Жетсем, автобус іші лық толған халық. Жалма-жан есіктің ортасын бөліп тұрған темірден шап бердім. Көлік қозғалғанда тегеурінді қол менің пальтомның жағасынан мықтап ұстай алды. Келесі аялдамаға дейін әлгі қол мені жібермеді. Автобус тоқтап, адамдар түскенде мені әрі қарай күшпен лақтырып жіберді. Автобустан түскен адамдардың аяғының астында қалып, әлгі адамның бет әлпетін де көре алмай қалдым. Сол бейтаныс жанға әлі қарыздармын. Егер мені желкемнен мықтап ұстап тұрмағанда, көліктің астына түсіп қалар ма едім. Әупірімдеп ішке ендім. Салон іші у-шу!

Сүйретіліп жатақханаға жеттім. Ол жылы белім қиылып, әдемі көрінсін деп пальтоның сыртынан қайыс белдік тағатын едім (суретте). Шешінейін десем, белдіктің басындағы темір мұз болып қатып қалған. Суықтан көкпеңбек болып тоңған қолым икемге келер емес. Жатақханада бір қыз көмекке келді. Пальтомның түймелерін ағытқанда белдіктен әрі қарай өтпей жиналып қалған мұз қиыршықтарын көрдім. Көрпенің астында дірілдеп, таң атқанша кірпік ілмедім. Бірақ біз сол сәт халық толқуының арты насырға шабатынынан мүлдем бейхабар едік.

Желтоқсанның 18-ші жұлдызы

Ертеңгілік есікті дүрсілдете соққан дыбыстан көзімізді ашып алдық. Есікті ашуға кеткен Әуес бір кезде:

– Студсовет Иманбаев Абай екен. Студенттерді түгелдей сабаққа жіберу үшін ертерек оятуды қолға алыпты,деп шәйнекті тоққа қыстыра бастады.

Сағат 13.00-де Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшысы Г.В.Колбин жолдастың сайлануына байланысты қарсылық білдірген бүлікшілік жайында өзекті мәселе қаралатын жиналыс болады дегенді естідік. Әлі уақыт ерте. Жатақханаға бармақ оймен есікке беттегенбіз. Келсек, бір-екі студент дәл есіктің алдына орындық қойып, отырып алып, шығам деушілердің жолын кес-кестеп жібермейді. Жақындаған бізге:

– Сендер студентсіңдер ме? деді.

– Иә,дедік біз.

– Ендеше шығуға рұқсат жоқ!

Қарсыласқанымыздан түк шықпайтынына көзіміз жетіп тұр. Тағы бір сыртқа шығатын қосымша есікке барсақ, ішінен бекітіп тастапты. Есіктің алдында тұрғандар бізге тағы да:

Студенсіңдер ме? – дейді.

– Иә, бірақ біз сырттай бөлімде оқимыз.

– Құжаттарыңызды көрсетіңіздер.

– Құжат… Жоқ, бізде.

– Алдамаңыздар. Сіздер күндізгі бөлімде оқисыздар. Коля, мыналарды жібермеңдер!

«Лаж жоқ, ұстап алып, жауапқа тарта ма» деп, қайта кейін қайттық.

Сөйтіп, сағат 13.00-де жиналыс басталды. Тағы да жастар байғұсты жазғырды. Саяси соқырлық жасап отырғанын айтты. Жағдайды «жақсылап» түсіндірді. Қайдан келгенін кім білсін, ортамызға қазақша сөйлейтін бір орысты ала келіпті. Оған сөз беріп еді, ол осынау достықтың және интернационализмнің арқасында қазақ тілін үйренгенін, бүгінгі қазақ достарының ойланбастан ақымақ іске қадам басқанын құптамайтынын, үкімет басына келген адам Совет Одағының азаматы екендігін айтып, біраз «пәлсәпа» соғып тастады. Бірақ, студенттер «Сіз бізді дұрыс түсінбей отырсыз, бұл жағдайдың тереңінде қаншама шиеленіскен жайлар барын білмей айтып тұрсыз» деп пікірін ортаға салып, айтқанына келісе қоймады.

Желтоқсанның 19-шы жұлдызы

Бесінші жатақхананың 303 бөлмесінің екі адамдық орнында Оранаева Әуес екеуміз тұрамыз. Кешкі сағат 7-нің кезі. Әлдекім есік қақты. Ішке толықша келген еңгезердей жігіт ағасы амандаса еніп, әлдебір суреттерді алдыма тартты. Суреттер арасынан пальтомның жағасын құлағымнан асыра көтеріп, шапканы маңдайыма түсіріп киіп, бетімнің жартысы түсіп қалған түрімді көріп, ішім қылп ете қалды. Қасымда бірге тұратын Әуестің беті толық түсіпті.

Мына фотодағы адамды танисың ба?

Еш алаңсыз, көпшілікке қарап тұрған өзімізбен бірге тұратын Әуестің суретін тани кеттім. Аузымды ашқанымша болған жоқ, Әуестің өзі кіріп келді. Баяғы ашық-жарқын көңілімен:

– О, не ағай? деп ұялы жанарын жарқ еткізе қарады.

– Мына фотодағы қыз сіз екенсіз ғой. Сізбен сөйлесетін азын-аулақ шаруамыз бар, – деді. Ә дегеннен Әуестің жүзі аппақ болып оңып кетті.

Сәлден кейін қайтып келген Әуес:

Құрысын, ол жаққа не мақсатпен бардың, не істедің? Қасыңда кімдер болды? деп жауаптың астына алды. Қай уақытта сыртымыздан суретке түсіріп үлгерген? Біз байғұстың қолымыздан не келеді деп ойлайды екен, айналаға қарап қайтқаннан басқа, – деп бұлқан-талқан болды.

Шынында да ол қақ-соғы жоқ, біртоға жан еді. Объективке қайтіп қана ілігіп қалғанын. Хош, сонымен Әуесті ертеңгі күні тағы да тергеуге алды.

Кешегі сөзімді қайталап айтып беріп едім, көп ұстамады, – деп қайтып келді.

Күнде ұйықтар алдында екеулеп жазған «тексті» қайталап, пысықтап жататын болдық. Ертеңінде тағы да шақыртты. Бірнеше күнгі сыннан мүлтіксіз өтсе керек, ақыры «қауіпсіз» деп танылып, мазаламайтын болды. Бірақ осы суреттерге сүйеніп, кейбір студенттерді оқудан шығарып жатқанын естіп, біз іштей тәубе дестік. Мен суреттегі пальтомнан сезік алмасын деп ертеңінде ескі пальтомды киіп алдым.

Желтоқсанның 22-ші жұлдызы.

Арада екі күн өткен соң осы желтоқсан оқиғасына қатысып, алдымен көзге түсіп қалған Аманғазы Кәріпжановтың мәселесі қаралатын болды. Мен бұл кезде топтың комсомол жетекшісі едім. Жиналыс ашу маған жүктелді. Арнайы курстан лекция тыңдап болғаннан кейін 212 аудиторияға бүкіл курстың жастары жинала бастады. Жиналысқа оқытушымыз Әбілфайыз Ыдырысов пен сол кездегі факультет комсомол комитетінің хатшысы Әміржан Қосанов та қатысты. Алғашқы сөзді оқытушымыз Әбілфайыз Ыдырысов алып:

– 17 декабрь күні 202 группаның студенті Аманғазы Кәріпжанов рұқсатсыз алаңға барып, трибунада сөз сөйлеуге ұмтылған… – деп жиналыстың кімге қатысты екенін айтып, мән-жайды түсіндірді. Ол сөзді ең алдымен «айыпталушының өзі» Аманғазыға беретіндігін айтты. Күтпеген жерден осындай ауыр халге түсіп қалып, абыржыған Аманғазы орнынан әзер көтерілді. Аманғазы болған жайды баяндай бастады:

Түсте жиналыс өтті. Түстен кейін өткен жолы Ғалия Ыбыраева телевидениеге шақырған болатын. Сағат 2-ге. Сонда бардық. Космонавт көшесінен Мир көшесіне қарай жаяу жүрдік. Қасымда Бөпетаев, Дайрабаева бар. Мир көшесіне миллиционерлер өткізбеді. Фурманова көшесі арқылы өтпекші едік, тағы да жібермеді. Сол арада кідіріп қалып едік, бір топ адамдармен бірге мен де алаңға келдім. Келсем, трибунада қайсыбір жұрттың «Бұл бейбастық…» деп халықтың бұл толқуына басу айтып жатыр екен. Мен де көпшілікке осындай сөз сөйлемекші едім, бірақ саясатқа қарсы шығып сөз сөйлеу менің ойымда жоқ болатын.

Аманғазы қысқаша жағдайын айтып болысымен Журналистика факультетінің комсомол комитетінің хатшысы Ә.Қосанов орнынан ұшып тұрып:

Мен сенің трибунаға көтеріліп, сөз сөйлеуге ұмтылғаныңды көрген едім. Бірақ саған тоқтау айтуға мені жібермей қойды. Кімнің қандай пікірі бар? – деді ол сөз соңында.

201 топтың старостасы Ж.Құлиев:

Кәріпжановтың мәселесін егжей-тегжейлі қарап шығу керек. Біздің мақсатымыз жазалау емес шығар, тәрбиелеу керек.

А.Сексенбаев:

– Мен онымен бес жылдан бері жақын доспын. Кешірсек қайтеді? Бәлкім, ол қателескен болар.

Комсомол жетекшісі ретінде мен соңғы сөз сөйлеп, қорытындылауыма тура келді.

Комсомол қатарынан шығармай-ақ қояйық. Комсомол қатарынан шықты деген сөз – оқудан шығып қалды деген сөз. Егер көпшілік құптаса, қатаң сөгіс берейік, – дедім.

– Осы дұрыс пікір, құптаймыз, – деген үндер жан-жақтан шыға бастады. Аманғазыға қатаң сөгіс жарияланды.

***

Бірақ мұнымен Аманғазының мәселесі біте қоймапты. Сағат 17.00-де екеумізді факультет комсомол комитетінің жиналысына шақырды. Арнайы курстан бізді босатып, 212 аудиториядағы жиналысқа келдік. Манағы курста өткен жиналыста қазақша толтырған хаттама жарамайтын болды. Қазақша толтырып апарған хаттаманы «орыс тіліне аударып әкел» деген соң, орыс тобында оқитын Ержан Қарабековке аудартып, комсомол комитетінің үлкен жиналысына жетсем, жұрт жиналып қалыпты. Жиналыста комиссия кілең «бүлікші» деп танылған жастардың мәселесін қарағалы жатыр екен.

Бірінші болып А.Кәріпжанов екеуміз ендік. Кең залдың іші студенттерге лық толған. Бәрі де – «Ал, енді мынау не бүлдіріп қойыпты» дегендей анталап қарайды. Қазақшадан орысшаға аударып әкелген хаттаманы үстел басындағылар бір-екі аударыстырып, көз жүгірткендей болды да, Аманғазыға болған жайды баянда деп иек қақты.

Журналистика факультетінің қазақ бөлімінде оқитын А.Кәріпжанов мән-жайды өз ана тілінде түсіндіре бастауы сол еді: «Көпшілік сенің айтқаныңды түсіне бермейді, орыс тілінде жеткіз» деп төрде отырғандар «бүйректен сирақ» шығарды. Біздің қазақ орыс тілін өгейсітіп көрген бе, енді Аманғазы ойын орыс тілінде жеткізуге тырысты. Дегенмен, пікірін орысша жөнді жеткізе алмай қиналды. Сөйлейін деп едім, ешкім құптамады. Манағы біздің шешіміміз жайына қалып, Аманғазыны комсомол қатарынан алып, енді оқудан шығару туралы ұсынысты дауысқа сала бастады.

Жүрегім дір ете қалды. Маңдайымнан суық тер бұрқ етті. Оның үйінің үміт күтіп отырған үлкені, соңынан ерген қаншама бауырлары барлығын мына жұрт қайдан білсін?! Сөйлемек болып ұмтыла беріп едім:

Тойбекова, уже все решено, деп қағып жіберді.

Мына сұмдықты қараңыз, «Оқудан шығарылсын» деп дауысқа салғанда, басым көпшілігі қол көтеріп, дауыс берді. Қарсы болғандар бірен-саран ғана.

Аманғазының билетін сол жерде алып, «боссың!» деп бізді шығарып жіберді.

Комсомол билетін тастап, сыртқа атып шыққан группаласымның жанарында жас. Қалш-қалш етіп әрі-бері теңселіп жүр. Сөйтіп бойы өнерге тұнған ақын жігіт оқудан шығып кете барды.

Арада жылдар өтті. Аманғазы Кәріпжан бүгінде ақын, сазгер, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері, қоғам қайраткері.

Тұрмысқа шыққан соң, алаңда табаннан ызғар өтіп, өрт сөндіретін көліктен шашылған суық судан тиген аурудың азабын тарттым. Дәрігерлердің бала тууыма қарсы болғанына қарамастан, жүкті болдым. Бірақ тұңғышым қайтыс болды. Екінші баламды жеті ай бойы ауруханада, иненің астында жатып, дәрігерлердің бақылауымен дүниеге әкелдім. Үшінші баланы көтеру үшін сегіз жыл ем қабылдадым. Желтоқсанды еске алсам, жүрегім ауырады…

Біздің замандастарымыз еліміздің тәуелсіздігі үшін, намысы үшін денсаулығын, болашағын, тіпті өмірін қиды. Алаңға шыққан азаматтар аяусыз жазаланды. Сол бір ауыр соққыдан алған жарақаттар тән жарасы ғана емес, жан жарасы болып, мәңгі жүректерінде қалды.

Оларға «ұлтшыл», «саяси соқыр», «нашақор», «маскүнем», «бұзақы» деген қауесет таратып, жала жабылды. Ендігі уақытта Қазақстанның азаттығы үшін күреске шыққан желтоқсаншы ұл-қыздарымыздың ерлігін, қаһармандығын дәріптейтін, бағалайтын, кейінгі ұрпаққа үлгі ететін күн туды!

Жұлдыз ТОЙБЕК,

Желтоқсан көтерілісіне қатысушы, ақын, журналист,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

СУРЕТТЕ:

1.Желтоқсанда алаңға шыққанда пальтомның сыртынан таққан қайыс белбеу әзер шешілді.

2.Күнделігімдегі 1986 жылы, 22 желтоқсандағы жазу.

Басқа материалдар

Back to top button