Желтоқсан оқиғасына - 35 жыл

Найзағай намыстылар

Тәуелсіздік пен еркін дамуға деген ұмтылыс – әрбір халыққа, ұлтқа, жұртқа тән табиғи құбылыс. Бірнеше ғасырлар бойы азаттық жолындағы азапты жолдан өткен қазақ халқының да Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне, міне, отыз жыл толып отыр. Кеңестің тоталитаризмнің қабырғасын сөккен желтоқсанда бас көтерген жастар еді. Сол жастардың арасында «БалқашУниверсал» ЖШС аймақтық директоры Қайрат САДЫҚОВ та болды.

Қайрат Үмітбекұлы ол кезде небары 17 жаста екен. «Нашақорлар, маскүнемдер, бүлікшілер» деген жала жабылып жатқанда жанкештілікпен бостандық, ұлт намысы үшін күрескен жалынды жас Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында I курста оқып жүрген.

– Бізді ешкім «алаңға шығыңдар» деп итермелеген жоқ. Қыз-жігіттердің барлығы адал ниетімен, шын көңілімен бейбіт шеру арқылы Мәскеуден берілетін партия көсемдерінің бұйрығымен келіспейтіндігін мәлімдемекші болды. Ел намысын аяққа таптатқымыз келмеді. Біз тек қазақ халқын қазақ басшысы басқарсын деген талабымызды айттық. 16 күні сабаққа қатыспай алаңға бардық. Алматы көшесін жастар кернеп тұрды. Бізді қоршап алған қызыл жағалылар мен әскери адамдар «тараңдар» деп бұйрық берді. Біз алаңнан кетпеген соң ұрып-соға бастады. Су шашты. Қыздарға қол көтергенде шыдап тұра алмадым. Араша түстім. Аямай соққанда қорғанып, қолымды көтере беріппін. Екі қолым бірдей тілініп кетті, мұрнымды әлгілер оңдырмай жарақаттады. Әлі күнге дейін сол жарақаттың ізі бар. Бірақ, ол түк емес, желтоқсанда жүрекке түскен жара жазылар емес, – дейді Қайрат Садықов.

Оның айтуынша, Желтоқсан оқиғасына қатысқан өзінің курстастары сол күні кешке жатақханаға қайтады. Келесі күні жатақхананы қоршап алған қызыл жағалылар бір студентті де сыртқа шығармаған екен. Оқытушылар алаңға барғандарды үйге шығып кетуге кеңес беріпті. Қайратты бірнеше рет жатақханаға іздеп келгенімен мұндағылар білмейтіндігін айтып шығарып салған екен.

– Алматыға арман қуып барғанымызда көңіліміз су сепкендей басылды. Өйткені, бізге берілетін дәрістер орыс тілінде өтеді. Және студент жастарға құқай да көбейе бастады. Осының барлығы жастардың бас көтеруіне әсер еткені сөзсіз. Талай жігіт сотталып кетті. Оқиғадан соң тығылып жүріп, I курсты тәмамдап, әскерге кеттім. Ол жақта да, бізді жаудай жақтырмай қарайтын. Екі жылдық Отандық борышты өтеп келіп, оқуымды жалғастырдым. Желтоқсан оқиғасы қазақ тарихының ұлттық рухы мен намысын ту еткенімен әлі күнге дейін ақиқаты ашылмай келеді, – дейді желтоқсаншы. Қайрат Үмітбекұлы намыстың жанартаулары атқылаған Желтоқсан оқиғасына қатысқанда елдік мұратымыз қол созым жерде тұрғандай болғандығын айтады. 1991 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастар ақталып, ел өз алдына егемендік алғанда көзінің жасын тоқтата алмапты. Өйткені, асау уақыттың жалынан ұстай біліп, заманның тынысын тапқан жастардың бұл үлкен жеңісі еді.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button