Бас тақырыпЖелтоқсан оқиғасына - 35 жыл

Желтоқсан жаңғырығы – көрмеде

Елім деп егескен, тәуелсіздік үшін күрескен ерлер есімінің жадымызда ерекше жаңғыратын күні – желтоқсанда. Дегенмен, ондай тұлғалар санада мәңгілік сақталады. Себебі, оларды тарих ұмытпайды. Желтоқсан көтерілісіне қатысып, тәуелсіздікті бір табан жақындатқан ерлер туған топырағымызда да жетерлік. Сол кездегі алаңға шыққан студенттердің алды бүгінде ел ағасы болды. Біз сейсенбі күні Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен «Біз білмейтін Желтоқсан» атты көрмеде тірі куәгерлермен кездестік.

Бұл көрме Тәуелсіздіктің 30 жылдығына және Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орай Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Қарағанды облысының «Желтоқсан» республикалық халықтық-отаншылдық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының ұйымдастыруымен өткізілді.

Азаттыққа ұмтылған қазақ халқы тарихында елеулі оқиға саналатын, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуында маңызды рөл атқаратын 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына бүгінде 35 жыл болды. Бұл көрме Тәуелсіздікті сыйлаған Желтоқсан көтерілісіне арналып отыр. Республиканың Тәуелсіздігіне алғашқы салмақты қадамның бірі болған көтеріліс Алматы, Қарағанды және тағы да басқа қалаларда өтті. Қазақ жастарының наразылығы Кеңес Одағының Конституциялық құқықтар үшін өткен бұқаралық митингілердің алғашқыларының бірі болып, Орталықтың диктатурасына қарсылық білдіру нысанына айналды. Бүгінгі көрмеде осы оқиғаға қатысқан жерлестеріміздің архивтік құжаттары және материалдары ұсынылып отыр. Осындай көрмелер мен іс-шараларды өткізу – қазіргі жас ұрпақтың бойына патриоттық, саяси және ұлттық сана-сезімді қалыптастыруға, өз елінің тағдыры үшін жауапкершілікке тәрбиелеуге бағытталады, – деді Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нілдібаев.

Көрменің салтанатты ашылу рәсімінде Қарағанды облысындағы «Желтоқсан» ұйымының басшысы Абай Абдрахманов пен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нілдібаев көрменің ашылу лентасын қиды. Көрме экспозициясы мұражайдың акт залында орналасқан және 8 бөлімнен тұрады. Әр бөлімде Қарағанды облысынан Желтоқсан оқиғасына қатысып, істі болған азаматтардың студенттік жылдардағы фотосуреттері мен жеке мұрағаттық құжаттары қойылған. Сонымен қоса, Қарағанды облысынан қатысқан студенттер мен жұмысшылардың статистикалық мәліметтері және кітаптар, музей қорындағы жәдігерлер ұсынылған. Сондай-ақ, Қарағанды қаласының университеттерінде оқитын студенттердің осында өткен Желтоқсан көтерілісіне қатысып, оқудан шығып қалған, сотталған бұйрықтарын осы көрмеден табуға болады. 1987-88-89 жылдары – 3 жыл бойы қадағалауда болған студенттердің статистикалық деректері көрсетілген.

Алматыда болған Желтоқсан оқиғасына қатысып, қанды қасапты көзімен көрген Жәлел Әуезұлының архивтік құжаттары да көрмеге қойылған. Істі болған азамат 65-бап бойынша сот үкімімен үш жылдай Ресей қалаларындағы абақтыға тоғытылған. Осы көрмеге митингіге қатысқан азаматтардың бірқатары келді. Олардың ішінде Жәлел Әуезұлы да бар. Ол жас ұрпаққа тәуелсіздік жолында күрескен ерлердің ерлігі мен басынан өткен оқиғасын баяндап берді.

Қарағанды облысындағы «Желтоқсан» ұйымының басшысы Абай Абдрахманов 1986 жылғы оқиғаның тарихымен бөлісті:

Тәуелсіздікпен қоса жүретін Желтоқсан оқиғасына биыл 35 жыл толып отыр. Митингіге шыққандардың арасында бірен-саран мектептің оқушылары, жұмыскерлер мен үлкен кісілер де болды. Қандай да бір көтеріліс болса, сол кездегі Жоғары Кеңестің бір күн ішінде басып тастауға қауқары жететін. Ал, бұл оқиға бірнеше күнге созылды. 17,18,19 желтоқсанда Алматыда, 19-23 желтоқсан аралығында Қазақстанның басқа қалаларында, аудан орталықтарында, өндіріс ошақтарында болған. Тәуелсіздікке жеткізген Желтоқсан оқиғасында 120 адам сотталды, 2 адам өлім жазасына кесілді. Түрмеден шыққанда барлық азаматтар бірігіп, қоғамдық бірлестік құрды. Бастапқыда оларға ешкім құлақ асқан жоқ. Кейін олар 4-5 күнге ашаршылық жариялады. Жігіттер өздерін қанға бөктірді, өз-өзіне қол салды, тамырларын кесті. Іс насырға шабарын білген билік Алматыдағы офиске жиналып, 1991 жылы 12 желтоқсан күні 1986 жылы митингіге қатысқан адамдар ақталсын деген Президент үкімі шықты. Желтоқсан оқиғасы 3 қалада болған. Біз биыл Қарағанды облысында филиал ашып отырмыз. Қазір заман басқа. Әкімдік тарапынан бұл жұмыс қолдау тауып отыр. Алдағы уақытта жүйелі жұмыстар жасалады, – деді Абай Жұмабайұлы.

Сонымен қатар, ұйым басшысы қазіргі кезде бұл оқиғаны зерттеуге Америка да ықылас танытып отырғанын айтты. Олар Қазақстанда шығып жатқан кітаптарға қызығушылық танытып, сұратады екен. Болашақта осы кітаптарды ағылшын тіліне аударып беруге ниетті екенін жеткізді.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button