Желтоқсан оқиғасына - 35 жыл

Желтоқсан-86: шетелдік қазақтар да шет қалмаған

1986 жыл. Қазақ ұлтының тағдыры сынға түскен шақ. Осы кезге дейін ұлттық мүддені аяққа басып, білгенін істеп үйренген Мәскеу тағы да белден басып, Республиканы ұзақ жыл басқарған Дінмұхамед ҚОНАЕВТЫ 18 минуттық мәжілісте қызметінен алып, орнына қазақ еліне мүлдем қатысы жоқ Геннадий Колбин дегенді отырғызды. Бұл хабар ернеуінен асып төгілгелі тұрған кеседегі суға тамған соңғы тамшыдай әсер етті. Ертеңіне жүздеген, тіпті, мыңдаған қазақ жастары Алматыдағы орталық алаңға жиналып, наразылық білдірді. Ұлт намысын ту етіп көтерген жастардың арасында бір дәуірде қызыл үкіметтің қорлығын көріп, туған жерінен босып кеткен қазақтардың ұрпағы, Моңғолия қазақтары да болған еді. Солардың бірі бүгінде Абай ауданында тұратын ұстаз Серік МӘГЕЖҰЛЫ…

Кейіпкеріміз Моңғолия Халық Республикасының Баян-Өлгей аймағында дүниеге келген екен. Ес біліп, етек жиғалы ауыл үлкендерінің Қазақстан, қазақ даласы туралы әңгімелерін тыңдап, бабаларының жорықтағы ерлігі туралы аңыздарын естіп өскен. Сол аңыз-әңгімелердің арқасында жүректеріне атамекенге деген сағыныш орнаған. Мектеп бітірер шақта Қазақстанға барып білім алсақ деген арман ұялапты. Бұл тілек Жаратқанның назарына ілінген болса керек, 1982 жылы Моңғолия жастарына Қазақстанға барып білім алуға мүмкіндік беретін 4 квота бөлінген. Қырық бала сегіз пәннен сынақ тапсырып, кейіпкеріміз төртеудің бірі болып оқуға жолдама алған екен. Сөйтіп, 1982 жылдың 22 тамызында атамекенге табаны тиген.

Атамекенде еркелеп жүріп білім алдық. Бетімізді қағып, кемсіткен жан болған жоқ. Қайта біздің өзге мемлекеттен келгенімізді естігенде көмек қолын созып, барынша бауырына басатын еді. Жатақханада жігіттер болып бас қосқан шақта елдегі ұлттық мәселе, қазақ тілінің ахуалы, 700 қазақ мектебінің жабылуы сынды дүниелерді талқылап жүрдік. Ашық айтпаса да студенттердің көкейінде ұлттық саясатқа деген наразылық болатын еді. Мәскеудің 16 желтоқсандағы шешімі жылдар бойы жинақталып тұрған жараның жарылуына, наразылық жалынының атқылауына себеп болды, – дейді кейіпкеріміз.

Оның айтуынша, 16 желтоқсан қалыпты күндерден еш айырмасыз, тыныш өткен. Кешкі сағат 10 кезінде «Время» деген хабардан ҚазақКСР КП ОК төрағасы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың орнынан алынғаны туралы қысқа ғана ақпарат беріледі. Осы хабардан соң студенттер арасында толқу болып, түнімен талқылаулар жүрген.

Ертеңіне, сағат 13:00 кезінде сабаққа келдік. Ғимаратта ешкім жоқ екен. Жанымыздан бір жігіттер жүгіріп өтті. Сұрап едік, жұрттың бәрі қазіргі «Фараби» алаңына жиналып жатқанын айтты. Біз де бардық. Біршама студент жиналып қалған екен. Қызу пікірталас жүріп жатты. Біреулер «Алаңға барамыз» дейді. Келесілері «Бармаймыз» дейді. Артынша көпшілік күш алып, баратын болып шештік. Жас оқытушылар «Барғанымыз дұрыс. Қазақ тым құрығанда тұяқ серпіп өлуі керек қой. Жастар, болашақ біздің қолда, бару керек» деп қолдау көрсетті. Сөйтіп, орталық алаңды бетке алдық. Сол кезде жергілікті қазақтың қыз-жігіттері бізге: «Сендер басқа елдің азаматысыңдар ғой, мұның арты жаман болып кетуі мүмкін. Бармасаңыздар да болады. Ыстық ықыластарыңызға рахмет» деп, кері қайтармақ болды. Біз болсақ: «Қазақтың азаттығы, намысы бәрімізге ортақ. Шетел азаматы болсақ та, қанымыз қазақ. Не көрсек те сіздермен бірге көрейік» дестік. Сөйтіп, көппен бірге алаңда тұрдық, – дейді Серік Мәгежұлы.

Алаңдағы жастар «Қазаққа қазақ басшы керек», «Әр ұлтқа өз көсемі» деп ұран тастап, «Атамекен» әнін шырқайды. Мыңдаған жастың тегеурінді талабы мен жалынды ұранынан асқарлы Алатаудың өзі орнынан қозғалардай болып, тербеліп тұрған сәт. Жастарды райынан қайтарып, сабырға шақыру үшін оқиға орнына университет басшылығы да келеді. Олардың қатарында сол кездегі филология факультетінің деканы Талғат Сайранбаев та бар екен. Ол кісі бірден шетелдік төрт қазақты алаңнан ертіп кетеді. Сөйтіп, №8 жатақханаға алып келіпті. Бұл жерде университет оқытушылары және мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің екі қызметкері болған. Олар Моңғолия елінен келген төртеуге өзге елдің азаматтары екенін естеріне салып, жатақханаға қамап кетеді. Бірақ, олар қазақтың қыз-жігіттері ұлт намысын көтеріп, алаңда жүрген шақта шыдап отыра алмай, екінші қабаттың балконынан секіріп, қашып шығады.

Бұл кезде желтоқсанның қысқа күні батуға таяп, күн кешкіріп қалған шақ. Алаң толық қоршауға алынып, мұздай қаруланған әскерилерге толып кеткен. Су шашатын машиналар әкелінген. Билік наразы жастарды күшпен таратуға нық бекініп алыпты. Дей тұрғанмен, олардың сұсты жүздері намыс кернеген қазақ жастарын қорқыта алмаған. Алаңдағы студенттер өз талаптарын қойып, кері шегінбей тұрып алады. Осы сәтте бұйрық беріліп, әскерилер қарусыз жастарға тап берген.

Бір демде у-шу болды да кетті. Қыздар шыңғырып, жігіттер айқайлап жатты. Қым-қуыт шақ. Адамдар Абай көшесі мен Фурманов көшесінен Алатауға қарай жөңкіліп, жүгіре жөнелді. Мен есімнен айырылғандай болып, тұрып қалдым. Жанымдағылар кетіп үлгерген екен. Бір кезде қасыма аласа бойлы орыс жігіті жетіп келді: «Хочешь жить? Уходи. Каратели пришли. Они никого не щадят» деп ұрса жөнелді. Қарасам ит ерткен, автомат асынған әскерилер топырлап келе жатыр. Қолындағы тоқпақпен жолындағы жастарды аямай сабап, құлағандарын өлексе артқандай машиналарға тиеп жатыр. Сол кезде әлгі орыс қолымнан сүйрей жөнелді. Әйтеуір алаңнан алыстап, жатақханаға жеттік. Келсем үсті-басы малмандай болып Ерболат отыр. Қыздар отыр. Бәріміз қосылып жыладық. «Қазақтың құрығаны осы екен. Атамекенге ораламыз деген арманымыз өшкен екен, қазақ ұлты тарихтан жойылады деп күңірендік. Жаратқанның көзі түзу екен. Арада 5 жыл өткенде Қызыл империя құлап, Қазақстан тәуелсіз ел атанды, – деп еске алды Серік Мәгежұлы.

Желтоқсан оқиғасынан кейінгі жаппай қудалаудан моңғолиялық төрт қазақ аман қалған екен. Бәлкім, олардың шетел азаматы болғаны да ықпал еткен болуы мүмкін. Серік Мәгежұлы мен достары оқуларын аяқтап, Моңғолияға аттанады. Десе де, Қазақстандағы саяси ахуалға алаңдап, үнемі елеңдеп жүреді екен. Әсіресе, 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Бүгін Қазақстан Тәуелсіздігін жариялайды» деген хабарды естігенде тіптен мазалары қашып, радионың әр хабарын қалт жібермей тыңдайды.

Баян-Өлгейдің орталық алаңына ЗИЛ мәшинесін әкеліп, бортын ашып, үстіне кілем төседік. Оған дауыс зорайтқыштарды қойып, радиодан Қазақстан хабарын тыңдап тұрдық. Бір кезде «Қазақстан Жоғарғы кеңесінің депутаттары Тәуелсіздік туралы заңды қабылдады» деген хабар айтылды. Алаңда абыр-сабыр басталып кетті. Жылаған, бірін-бірі құшақтап, құттықтаған ел. Атамекенімізге қайтамыз, өз Отанымызға ораламыз деп мәз болдық, – дейді Серік Мәгежұлы.

Хош, сонымен кейіпкеріміз алғашқылардың бірі болып ат басын атажұртқа бұрып, Қазақстанға көшіп келген. Алғашында Ағадыр ауданы, Ақшатау ауылына қоныстанады. Кейін өндірісті өлкеге жақындайық деген ниетпен Абай ауданы, Сарепті ауылына көшіп келіп, осындағы мектепке мұғалім болып қызметке тұрған.

Рас, алғашқы жылдары қиындық көрдік. Бірақ, жаман болдық деп айта алмаймын. Жергілікті халық үйін берді, алдымызға мал салды, жағдайымызды жасады. Не көрсек те елмен бірге көрдік. Осы ауылға көшіп келген кезде мұнда қазақтардың саны тым аз еді. Қазақ мектебі болған жоқ. Бас-аяғы 22 баламен қазақ сыныптарын ашқыздық. Тәуба, қазір 11 жылдық қазақ мектебіне айналды. Жақсы шәкірттеріміз бар. Атамекенге келген соң шамамыз келгенше қазақ мемлекетіне, тәуелсіздікке қызмет етіп жатырмыз. Ендігі жалғыз тілек – Тәуелсіздігіміз мәңгілік болып, көк туымыз желбіреп тұра берсе екен, – дейді желтоқсаншы.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button