«Жаужүрек полк»: ерлiк – ел есiнде
9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президент мұражайының алдында «Жаужүрек полк» акциясына қатысушылар жиналды. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін. Отан соғысына қатысқан және қаза болған, соғыстан кейінгі кезеңде елдің жағдайын көтеруге ат салысқан, қазір өмірден озған туыстарының портреттерімен шеруге шығу үшін. Мақсат біреу – ұрпақ жадында мәңгі сақталуы тиіс ерлікке тағзым, ардагерлерге құрмет және бейбіт заман қадірін түсіну.
Үш буынның ұрпағы қатысқан шеру колоннасын мыңнан аса адам құрады. Туысының ерлігі үшін кеудесін мақтаныш кернеген, мәңгілік естеліктің белгісін таққан теміртаулықтар Республика көшесінің бойымен асықпай жүріп отырды. Шеру барысында соғыс жылдарындағы және патриоттық әндер шырқалды.
Колонна алдында әскери киім кигендер «Жаужүрек полк» деген жазуы бар баннерді алып жүрсе, одан кейінгі қатарды Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов пен мекеме басшылары, әскерилер құрады. Әр суретте – отбасының ғана емес, бүкіл елдің тарихы. «Біз аталарымыздың ерлігі мен батырлығының алдында басымызды иеміз, Отанымызды қорғап, бүгінгі бақытты, бейбіт күнге жеткізгені үшін алғысымызды білдіреміз», – дейді шеруге қатысушылар.
Шеру Ұлы Отан соғысында қайтыс болған теміртаулық жауынгерлер ескерткішіне келіп, гүл шоқтарын қоюмен аяқталды. Ескерткіш жанында шатыр құрылып, шеруге келгендер сарбаз ботқасынан дәм татты.
Ұлы Жеңіс мерекесін тойлау «Ардана» дәмханасында жалғасты. Бүгінгі күні көзі тірі, шеруге қатысу мүмкіндігіне ие болған жиырмаға жуық ардагерге арнайы дастарқан жайылып, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
– Құрметті ардагерлер! Сіздерді бүгінгі Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ерліктеріңіз ешқашан ұмытылмақ емес. Сіздер кеуделеріңізді оққа тосып, жанқиярлықпен бейбіт күнді жақындаттыңыздар. Соғыстан кейінгі жылдары еліміздің экономикасын көтеріп, халықтың жағдайын жақсартуға ат салыстыңыздар. Сіздердің алдарыңызда мәңгі қарыздармыз, – деді Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов өзінің құттықтау сөзінде.
Қайрат Балташ, Ауғанстандағы әскери іс-әрекеттердің тікелей қатысушысы, Теміртау қаласының әскери комиссары:
– Құрметті ардагерлер! Сіздерді Ұлы Жеңіс мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сұрапыл соғыста жеңіске жеткен Сіздердің алдарыңызда басымызды иеміз. Жанқиярлықпен Отан қорғаудағы ерліктеріңіз мәңгі жадымызда сақталады. Дендеріңіз сау болсын, әр жыл сайын Ұлы Жеңіс мерекесін бірге тойлай берейік!
Арнайы қабылдаудан кейін қала әкімі шеруге қатыса алмаған ардагерлерді үйлеріне барып құттықтады. Олардың арасында облыстағы ең қарт ардагер, 101 жасқа келген Илья Кубанкин де бар.
Теміртау қаласында Ұлы Отан соғысының ардагері, тоқсан жасқа келген Виталий Чурсов та тұрады.
– Соғыс зұлматтарын ұмыту мүмкін емес, әлі күнге дейін түсімде көрумен келемін. Біз жасарымызды жасадық. Ендігі ұрпақ – жастар мықты болып, Отаны үшін жанын беруге дайын болуы керек. Соғыс болмасын, – дейді ол.
1944 жылы небары он жеті жасында соғысқа аттанып, Қытайдағы Маньчжурияны жүріп өткен ардагер елге аман-есен оралғаннан кейін Теміртау қаласында зауытта еңбек етіп, жарақат алғаннан кейін, зейнеткерлікке шыққан.
«Үздік пулеметші», «Үздік барлаушы» атақтарын алған қарт жауынгердің кеудесін бейбіт күнде де ордендер толықтыра түсті. Өкініштісі – соғыс жылдарында алған марапаттарын жоғалтып алғаны.
Салтанат ИЛЬЯШОВА
ТЕМІРТАУ қаласы.