Тұлға

Жауынгердің ерлік жолы

Мәскеу облысы, Подольск қаласындағы Ресей Федерациясы Әскери-соғыс мұрағатының «Память народа» сайтынан Қарқаралы ауданының Бесоба, Ынталы селолық округтерінен екінші жаһандық соғысқа катысқан майдангер аталарымыз бен әкелеріміз туралы деректер іздестіріп отырған едім. Қоңырау соғылғанға есікті ашсам, пошташы газеттерімді әкелген екен. Әдетімше, шолуымды өзімнің «Орталық Қазақстанымнан» бастадым. Газеттің сол күнгі нөміріндегі «Шырақшы» атты мақалаға көзім түсіп, аяғына дейін зер салып оқыдым. Жаңаарқа ауданы, Ералиев ауылының қадірлі ақсақалдарының бірі, елінің бірлігіне ұйтқы болып, игілікті істердің иірімінде жүретін сыйлы қариясы Берген қажы ҚОЖАМҰРАТҰЛЫ туралы екен.

 

Автор мақаласында Берген ақсақалдың әкесі Қожамұраттың Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, жеңіспен елге оралғаны туралы айтыпты. Әкесінің фамилиясы Тапанов екен. Оны мақала авторына телефон соғып білдім де, сол сәтте үйреншікті әдетіме салып, аталған сайттан майдангер атамыз Қожамұрат Тапанов туралы деректер іздеуге кірістім. Одан Қ.Тапановпен фамилиясы ұқсас 98 жауынгердің фамилиясы шықты.

Сәті түсіп, сайттан Тапанов Қажымұрат туралы төрт құжат табылды. Тек аттарында ғана өзгешелік бар екен. Құжаттарда майдангердің аты әр түрлі және орысша жазылған: «Кожамурат», «Кажамурат», «Кажемурат» және «Калемурат» болып. Іздеп отырған адамым Жаңаарқа ауданының тумасы болғандықтан, туған жері туралы деректерді қарасам, бәрінде: «Казахская ССР, Карагандинская обл., Жана-Аркинский район» деп жазылған екен. Іздеуді әрі қарай жалғастыруға сенім әкелген осы факті болды. Деректерді анықтап, сараптауға кірістім.

Құжаттарда Тапанов Қожамұрат 1895 жылы туған, Жаңаарқа ауданының тумасы. Әрине, өкінішті жағдайлар да бар. Барлық майдангерлердің жеке құжаттарында, бұйрық, наградтау туралы парақтарда олардың туған жері, соғысқа дейін тұрған мекен-жайы, отбасы туралы деректер үстінен ақ бояумен боялып өшірілген. Неге? Әзірше беймәлім. Бәлкім соғыстың жазылмаған «заңы» немесе соғыстан кейінгі «саясаттың салқыны» ма екен?…

Қ.Тапанов Қызыл әскер қатарына 1941 жылы шақырылған, айы, күні жазылмаған. Майдангер атамыз 46 жасында І Украин фронты құрамындағы 100 атқыштар дивизиясының 72 атқыштар полкінде жаудың атыс ұяларындағы станокті пулеметтерін жоюға қарсы соғысатын ротаның көздеушісі болып 50 жасында әскерден босаған. Бұл жерде айта кететін бір мәселе, құжаттарда майдангер ротасының батальоны көрсетілмейді, ал әскери тәртіп бойынша рота батальон құрамында болуы керек. Соған қарағанда Қ.Тапановтың ротасы арнайы немесе ерекше құрам болған сияқты. Соғыс кезінде мұндай бөлімдер тікелей полк немесе дивизия командирлеріне бағынатын болған.

Келесі құжатта Қ.Тапанов 14.07.1942 – 11.05.1945 жылдар аралығында 100-ші Львов атқыштар дивизиясының 472 полкінің құрамында соғыс қимылдарына қатысып, Белоруссияның Львов қаласын азат еткеннен кейін Чехословакияның Троппау қаласына дейінгі майдан жолынан өткен деп көрсетілген. Еске сала кетейін, құрамына Қ.Тапановтың ротасы кірген 472 атқыштар полкі 1942 жылдың 14 шілдесінен 1945 жылдың 11 мамырына дейін 100 дивизияның құрамында болған. Осы құжаттың «Награды героя» деген парағында Қожамұрат Тапанов 472-ші атқыштар полкі командирі бұйрығымен 1944 жылдың 20 ақпанында Винница қаласын азат етудегі қанды ұрыстарда көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін «За боевые заслуги» медалімен наградталған деп жазылған. Мұрағаттағы картотека нөмірі – 1421029838. Ал 1944 жылдың 20-шы қазанында «За отвагу» медалімен наградталғаны жазылыпты. Картотека нөмірі – 1421029837. Оған дәлел мынадай бір дерек бар екен. Құжат орыс тілінде болғандықтан қаз-қалпында келтіріп отырмын.

«Секретно. Экз. №2. Приказ № 024/Н. По 472 стрелковому полку 100 стрелковой Львовской дивизии от 20 октября 1944 года. От имени Президиума Верховного Совета ССР награждаю медалью «За отвагу». Әрі қарай рет саны бойынша 5 қатарда былай деп жазылған: «…Наводчика ружья, роты противостанковых ружей краснармейца Тапанова Кажемурата за то, что он в бою 21 июля 1944 года подавил огонь станкового пулемета противника и уничтожил 2 немецких солдат. 1895 года рождения, казах, беспартийный, призван Жанааркинским РВК Карагандинской области. Ранении и наград не имеет». Бұйрықта 472 атқыштар полкінің командирі подполковник Бужинский мен Штаб бастығы майор Дегтяровтың қолдары, полктің печаты тұр. Бұйрықтың көшірмелері СССР Қорғаныс Халық Комиссариаты мен СССР Жоғарғы Кеңесіне жіберілсін деген сілтеме бар.

Қ.Тапановтың марапаттау парағы мен командирлерінің бұйрықтарындағы деректерде 1944 жылдың 15-ші тамызында Белоруссияның Львов қаласын азат етудегі қанды шайқаста, 1945 жылдың 3-ші мамырда Чехословакияның Троппау қаласы үшін болған ұрыста екі рет жарақат алғаны айтылады. 100-ші дивизияға құрметті Львовский атағы 1944 жылдың 24 шілдесінде Украинаның Львов қаласын жаудан азат етуде дивизия жауынгерлерінің фашистермен жанқиярлық шайқаста жаппай батырлықтың үлгісін көрсеткені үшін берілген екен.

Соңғы алған жарақатына байланысты нөмірі 2645 Әскери госпитальдің бастығы, медицина қызметінің майоры Анисимовтің бұйрығымен 1945 жылдың мамыр айының соңында әскер қатарынан босатылған.

Ерекше көңіл аударарлық мына жайтты айтқым келеді. Жарақатынан емделіп жатқанда госпиталь бастығы, майор Анисимов оның ротасының солдаттары майдан даласында ерекше ерлік көрсеткені туралы фактілерді әскери тәртіппен қысқаша баяндап, жоғарғы командирлеріне Қ.Тапановты «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен наградтау туралы наградтау парағын толтырып, полк командиріне жібереді. Марапаттау парағында мынадай фактілер келтірілген: «В городе Рыбник (Польша) рота уничтожила 75 немцев и взяли в плен 15 офицеров, в боях за город Троппау взято плен 25 немцев из них 3 офицера, где он (Қ.Тапанов) был ранен, в настоящее время находится в госпитале. Достоин к представлению Правительственной награде орденом «Отечественной войне ІІ степени». Марапаттау парағының дәл ортасында көлденеңінен «Слава 3 ст.» деп жазылып қол қойылған. Демек жоғарғы саптың командирлері Қ.Тапановты «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденінің орнына ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапаттау туралы шешім шығарған. Өйткені, «Даңқ» ордені майдангерлер мен халық арасында «солдат ордені» аталып кеткен ғой. Құжаттың келесі бетіндегі Орден суретінің үстінде «Орден Славы ІІІ степени», «Представление на награждение» деген жазу тұр, ал астында «Приказ подразделения, Архив ЦАМО, Фонд 37, Опись 687572, Ед.хранения: 67, № записи 49497040» деген жазулар бар.

Енді төртінші марапаттау құжатының тарихы. Құжаттың атауы: «Секретно. Именной список офицерского, сержантского и рядового состава, награжденных орденами и медалями за период Отечественной войны, наградные листы на которых находятся на хранении отдельно от приказов соединений и частей». Бұл тізімге қатардағы жауынгерлерден бастап, полковник дәрежесіне дейінгі офицерлер құрамы кірген. Фамилиялары алфавит бойынша тізімделген, бірақ нөмірленбеген, бас-аяғы 159 бетте қатталған. Әр парақтағы тізімге 28-29 адам тіркелген деп санасақ, жалпы саны 4500-ге жуық жауынгер болады. Осы тізімнің 128 парағында жоғарыдан төмен санағанда 13 ретте «Красноармеец Тапанов Кажамурат – 1895» деп жазылған. Тізімге 1949 жылдың 17 маусымында қол қойып, мөрін басқан – КСРО Қорғаныс Министрлігінің Кадр жөніндегі Бас Басқармасының 2-бөлімі бастығының орынбасары, әкімшілік қызметтің полковнигі ГОНЧАРОВ.

Өкініштісі – аталған жауынгерлердің қандай орденмен наградталғаны белгісіз болғандығы. Құжатқа қосымша тіркелген парақта мынадай сөздер жазылған: «Тапанов Кажамурат, Орден: Документ о награде. Память народа». Приказ подразделения, от 17.06.1949 г. Издан: Президиум ВС СССР, Архив ЦАМО, Фонд 33, Опись; 687572; Единица хранения: 52; Номер записи: 45865762». Менің ойымша:

1. Тізім соғыстың кейін белгісіз себептермен қаралмай қалған наградтау парақтары негізінде жасалған болуы мүмкін. Себебі кім қандай орденмен наградталғаны анықталмаған, яғни, тізім жасалғанмен, бұйрық шықпаған. Немесе, бұйрық шығарылған күнде ол КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен бекімеген. Немесе бұйрық пен Жарлықтың көшірмелері сайт мұрағатына салынбаған.

2. Тізімнің «Орден» аталуының себебі марапаттау парағын дайындап, нақты наградаға ұсыныс жасайтын төменгі сатыдағы командирлердің шешімін жоғары сатыдағы командирлердің үнемі келіспей, өзгертіп отыратынына байланысты болуы да мүмкін.

3. Тізімге Қ.Тапанов госпиталь бастығы майор Анисимов толтырған наградтау парағына сәйкес кіргізілген.

4. Егер осы «Орденмен» наградтау туралы бұйрық жеке шығарылса, онда Қ.Тапанов соғыстың аяқталғанының төрт жылдығына сәйкес басқа орденмен де наградталуы ғажап емес. Олай дейтінім, тізім 1949 жылғы маусым айының 17 күні қол қойылып, бекітілген. Сондықтан, бұл орден ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені болуы да мүмкін. Соғыстан кейін соғыс ардагерлерін Жеңіс күндері осы І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен наградтау дәстүрі болды.

Сондықтан, майдангер атамыз Қ.Тапанов екі медаль екі орденмен наградталған деп нақты айта аламыз. Олар «За боевые заслуги», «За отвагу» медальдары мен ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендері.

100-ші атқыштар дивизиясының 472 полкінің майдан жолы 1942 жылдың тамыз айында Воронеж қаласынан басталады. Одан кейінгі майдан жолы Ресейдің Белгород, Полтава қалалары, Белая церковь қаласы маңындағы елді мекендерді, Украинаның Винница, Хмельницкий, Тернополь, Львов, Польшаның Жешув, Краков, Зорау, Рыбник, Чехословакияның Троппау (Опава) қалаларын азат етумен аяқталады. Майдангер Қожамұрат атамыз 1945 жылдың 3 мамырында осы Троппау қаласы үшін шайқаста жараланып, майдан даласының нөмірі 2645 госпиталінде емделіп, еліне 50 жасында оралған.

Сәлижан САДЫҚОВ,

отставкадағы полковник.

Басқа материалдар

Back to top button