Жаңалықтар

Жатақхана жаңартылуда

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ маңызды бес әлеуметтік мәселені қозғаған Үндеуі қоғамда қолдауға ие болғаны белгілі. Балқашта қызу қолға алынған жатақхана жөндеу жұмысын жұртшылық осы Үндеумен байланыстыруда. Онысы орынды.

 

Жарты ғасырдан бері жөнді жөндеу көрмеген гуманитарлық-техникалық колледж жатақханасын жаңғыртуға биыл облыстық бюджеттен 58 млн. теңге қаржы бөлінді. Бұл қажетті қаражаттың бестен бір бөлігі болғанына қарамастан, төрт қабатты ғимараттың тозған төбесі мен шатырын, ескірген есік-терезесін жөнге келтіруге, жертөлеге желдеткіш орнатуға жетіп жатыр. Құрылыс жұмысын қыркүйектің аяғына дейін бітіру жоспарланған.

Ал, жөндеу жұмысына 170 млн. теңге қаржы қарастырылған медициналық колледждің бес қабатты жа тақханасы қазір қызу құрылыс алаңына айналған. Қабырғаны тазарту мен тегістеу, электр желісі мен жылу жүйесін айырбастау, тағы басқа толып жатқан қауырт шаруа қатар жүруде. Қазірдің өзінде қырықтан астам терезенің пластик түрі қойылды.

Ғимараттың ішін жобаға келтіргесін құрылысшылар шатырды толық ауыстырып, жатаққана аумағын абаттандырумен айналысады. Спорт алаңы салынады, жатақхана жертөлесі жаттығу залына айналады. Колледж бен жатақхананы жалғасты рып жатқан 25 метрлік жабық өтпежол да жөнделеді.

 – Медициналық колледж басшысы ретінде маман тапшылығы менің қабырғама қатты батады. Жас маман тарту мен тұрақтандыру түптеп келгенде қаражатқа келіп тіреледі. Оның көшіп-қону шығынын көтеру, баспанамен қамтамасыз ету керек. Керек десеңіз, бұл қиындық – медицина ғана емес, барлық салаға тән.

 Елбасы жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін көтергенде студенттер қалай шаттанғанын шамалау қиын емес. Себебі, 360 орындық жатақханаға күрделі жөндеу жүргізудің жобалық-сметалық құжаты 2016 жылы қарашада дайын болғанымен, тек екі қабатының игілігін көріп келдік. Үш қабаты 20 жылдан бері жабық тұрды,– дейді медициналық колледж директоры Серік Пішенбаев.

Иә, 36 жылдық тарихы бар жатақхана биыл толық жаңартылып, кеңейтіледі. Жөндеуден кейін тұрғын қатары екі есе көбейеді. Әр қабатта жеке-жеке жуынатын жер және бос уақыт өткізетін орын болады. Жаңа техника және жиһазбен жабдықталады. Ал, бесінші қабат қайта құрылып, жалға беріледі. Мұнда бір бөлмелі 16 пәтер болады. Оның он екісінде аурухана маманы, төртеуінде колледж оқытушысы қоныс тойын жасайды.

 Белгіленген барлық жұмысты қарашаға дейін аяқтау көзделіп отыр. Оған дейін колледж студенттері басқа жатақханаларда тұрады.

Әлібек ӘБДІРАШ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button