Спорт

Жарылғапов бәсекесі қыза түсуде

   Қазір Қарағандыда Қазақ КСР-нің еңбегі сіңген жаттықтырушысы Ғалым ЖАРЫЛҒАПОВТЫ еске алуға арналған ХХХІІІ Халықаралық турнирдің көрігі қыза түсуде. 19 желтоқсанда басталған бокс бәсекесі ертең, яғни, 23 желтоқсанда мәреге жетпек.

   Турнир С.Сәпиев атындағы бокс орталығында өтуде. Сейсенбі күні мұнда облыс әкімінің міндетін атқарушы Асылбек Дүйсебаев арнайы барып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

   Дәстүрлі турнирдің мәртебелі меймандар легін америкалық боксшы, 1988 жылғы Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері, жартылай ауыр салмақ дәрежесі бойынша әлемнің абсолютті чемпионы кіші Рой Джонс бастап келді.

    Бұл – оның Қарағандыға екінші сапары. Алғаш келгенінде ринг төрінен ән салған Рой бұл кеште де сол дәстүрінен жаңылмады.

    Лондон Олимпиадасының чемпионы, жерлесіміз Серік Сәпиев, Афины Олимпиадасының қола жүлдегері Серік Елеуов, әлем чемпионы Назым Қызайбай, Афины Олимпиадасының қола жүлдегері Дмитрий Карпов, тағы бір даңқты жерлесіміз – Геннадий Головкиннің анасы Елизавета Головкина осы салтанатта құрметпен ортаға шақырылды.

    Қонақтар лебізінен соң қазақы дәстүрмен Рой Джонстың иығына шапан жабылып, қошемет көрсетілді. Өз кезегінде америкалық боксшы жастар арасындағы әлем чемпионы Садреддин Ахмедовке қолтаңбасы қойылған былғары қолғап тарту етті.

   Биылғы турнирде бес мемлекет пен республиканың өңірлерінен келген боксшылар күш сынасуда. Жігіттер он салмақ дәрежесі бойынша мықтылық байқасуда. Сондай-ақ, алғаш рет әйелдер арасындағы жекпе-жектер ұйымдастырылуда. Бойжеткендер 51, 60 және 75 келі салмақтарда мықтыны анықтайды.

Арқадағы бокс мектебінің қалыптасу жолында толайым тер төккен тұлғаның есімін ұлықтауды мақсат еткен турнир туралы толыққанды материалды газетіміздің алдағы сандарының бірінен оқисыздар.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button