Жаңалықтар

Жарқын болашақ кепілі

Тіл – ұлттың жаны болса, ана тілі – оның болашағы. Ана тілін еркін меңгеріп, өзге тілдерді де үйренуге талпыныс жасау – жарқын болашақтың көрінісі. Өркениет көші алға шығып, жаһанданудың лебі есіп тұрған шақта, уақытпен санаспай қарыштап дамып жатқан заманда көп тілді игеру – үлкен жетістік.

Қай заманда болсын, бірнеше тілді меңгерген мемлекеттер мен халықтар өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтетіні анық. Соның ішінде әлем мойындаған ағылшын тілін меңгеру – көп нәрсеге өзгеріс тудыруға жол ашпақ. Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілімен қатар, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгеріп, дамыған ұрпақ қалыптастыруға талпынсақ, бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылатынымыз сөзсіз.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан Халқы ассамблеясының XII құрылтайында үштұғырлы тіл жобасын жария еткен болатын. Ал, келесі жылындағы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты халыққа жолдауында «Тілдердің үш тұғырлылығы» атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды. Аталған бағдарламалардың идеясы мен мақсаты бір. Ол – елімізді әлем халықтарына үш тілді бірдей пайдаланатын, бәсекеге қабілетті, білімді мемлекет ретінде таныту. Олай болса, қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі – дамыған мемлекеттермен терезе теңестіріп, солардың қатарына қосылу тілі болмақ. Бүгінгі таңда ағылшын тілін меңгеру – ғаламдық ақпараттар мен инновациялардың ағымына ілесу деген сөз. Елбасының «Қазақстан – 2030», «Қазақстан – 2050» стратегияларында айтылғандай, Қазақстан – кәсіпқой мемлекетке айналу керек. Ал іскерлік қарымқатынас пен әлемнің кез келген нүктесінде кәсібіңді еркін әрі сәтті жүргізу үшін ағылшын тілі үлкен рөл атқарады.

Аталған мақсатта бүгінгі күні бірқатар бағдарламалар қабылданып, қарқынды түрде жүзеге асуда. Осы тұрғыда Қарағанды қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, этнос тілдерін дамыту, мәдени мұраны сақтау мен мемлекеттік тіл деңгейін арттыру мақсатында тұрғындар арасында әр түрлі формадағы іс-шаралар жүйесін өткізеді. Атап айтсақ, «Қазақшаң қалай, балақай?», «Тіл шебері», «Абай оқулары», «Оралхан Бөкей мен Мағжан Жұмабаев оқулары», «Мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттарының сапасын арттыру» және тағы да басқа концерттік бағдарламалар, семинарлар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырып келеді. Жылдан-жылға іс-шараларға қатысушылардың саны артып келе жатқандығын да айта кету керек.

Бүгінгі таңда барлық мекемелердің қызметкерлерін үш тілге үйрету қолға алынып, талапқа айналып бара жатыр. Елдегі барлық білім ордаларында ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылып келеді. Мектептің бастауыш сынып оқушыларының сабақ кестесіне де ағылшын тілі енсе, балабақшалар да көштен қалыспай, алты жасқа дейінгі бүлдіршіндердің тілін ағылшынша сөйлетуге күш салып жатқаны белгілі. Осыған орай, Қарағанды қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қалалық білім бөлімімен тығыз байланыс жасап, білім ошақтарында да ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрады. Ең бастысы, жүргізіліп жатқан бұл шаралардың барлығы оң нәтижелер көрсетіп келеді. Демек, жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын естен шығармауымыз керек. Талпынсақ тас жаруға болатынын өскелең ұрпақ, әсіресе жалынды жастар саналарына бекіту керек.

Болашақ – жастардың қолында. Елбасы айтқандай, «Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады».

 

Айсұлу НҰРТАЙ,

Қарағанды қаласының

мәдениет және

тілдерді дамыту бөлімінің

бас маманының міндетін атқарушы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button