Жаңалықтар

Жаны жайсаң азамат

Адам атаулының жан дүниесінің тамыршысы, сайын далада отарын өрбіткен шопан, сырқат жанға дауа іздеген емші, ұрпаққа білімнің нәрін төккен ұстаз, темір тұлпарын тақымында тізгіндеген механизатор, талантымен тас жарған ғалым, нарықтың құпия құлпын ашып, табыстың тізгінін ұстаған кәсіпкер, домна пешінде құрыш құйған металлург: осылардың бәрі туралы өтпелі уақыттың өзгермейтін тарихын жазып қалдыратын тұлғалар кімдер? Ол қалтасында қаламы, санасында соны ақпараты жүретін ойы ұшқыр, тілі шұрайлы, көзі қырағы, көргенінен танбайтын, жазғанынан қайтпайтын, жаңалық атаулыға алып ұшып тұратын елгезек, оттан да, оқтан да, ақ түтек боран мен құм дауылдан да қорықпайтын жансебіл жан – журналист.

Өз басым табиғаты журналиске тән Оралбектің жаратылыс мінезін тылсым құбылысқа теңеймін. «Шіркін, мейірімінің шуағы төгіліп тұратын ұстаз болғанда қай биіктен көрінер еді?!» деп те қиялдаймын. Қалай десек те, өз өмірі өзіне қанағат тұтарлық тәлім болған аптал азаматтығына тәнтімін. Қаламгерге тән төл қасиеттің бір қыры, ақпараттар айдынында тап болған ширығып тұрған түйінді уақиға желісін бірден адуын ашудың жетегіне салып жібермей, адами мінездің сабырымен журналистік сараптаудан өткізіп, түйткілді тарқатып алып «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» деген байсалды ұстаныммен жариялату осы Оралбектің тәсіліне тән құбылыс деп бағалаймын. Бұл ойымды қарапайым адамдардың адал еңбегі мен жетістіктері, ел тынысы мен дәуір жаңалықтары туралы баспасөз беттерінде том-том боларлық толассыз жарияланған тағылымы мол мақалаларына көз тігіп, қайыра қопарып оқып шықсақ айқын аңғарар едік. Бәріміз бастан кешіп жатқан сыры жұмбақ өткінші өмірде өзін сонша мықтымын деп санайтын мінезді адамдардың көбісінің төзімділік пен шыдамдылыққа келгенде ерік-жігерінің шамасы жете бермей, болмашыға шытынап, құбылып кететіні құпия емес. Ал, Оралбектің мінезіндегі тылсым құбылыс­тың ең құндысы, шаттанып қуанғанда да, қамығып ренжігенде де, қыспаққа алған қиындықта да, жетістікке жеткен жеңістерде де, тай-талас, дау-дамай мен той-думанда да, сынға түскен пікір-сайыс, додада да, баяғы баз қалпынан өзгермейтін Арқаның самал желіндей жанға жайлы салқынқанды сабырлылығы, ақкөңілділігі мен биязылығы, жылы жүзі жымиып тұратын көркем мінезі екендігін бағалап, мойындау – парызымыз болса керек. Орынсыз жерге өктемдеп килігу, болымсыз дүниеге бет-жыртысып өкпелеу, кісі ақысына қиянат жасау – Оралбек үшін жат әдет. Ол – өзін қоршаған ортадағы әр қилы әрекеттерге өте қырағы, тәкаппар емес тәубешіл, қатыгез емес кешірімпаз, жан-жағына жайлы, жаны жайсаң, еңбекқор азамат. Ол өмірінің 50 жылындағы журналистік қолтаңбасы алғыстан Ақ Отау тігіп берген, оқырмандары қошеметтеп Көк Орда құрып берген талантты қаламгер. «Тау баласы тауға қарап өседі» дегендей (Р.Ғ), ізгілік атаулыны Ақсораңның биіктігінен іздеумен өскен Оралбек ешқашан өзін өзге жұрттан биік санап көрген емес. Алайда, өмір бойы қасықтап жиған абыройын атақ-мансап атаулының бәрінен де биік санайды. Өзімізге сыры мәлім ортада еш пендемен араздаспаған адам екеу болса, соның бірі, ал біреу болса, сол жалғыздың өзі осы, оннан астам шығармалары өз оқырмандарының көзайымына айналған жазушы, ақпараттар айдынында ақ желкенмен еркін жүзген қарымды қаламгер, журналистер отбасының отағасы, 70 деген кемел жасты қайыспай, қайрат-жігермен бағындырған Оралбек екенін мақтан тұтамыз.

Тұңғышбай МҰҚАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button