Жаңалықтар

Жаман ауру жас талғамай тұр

Осы бір дертпен адамзат болып күресіп келеміз. Десе де, аты да, заты да жаман ауру дес берер емес. Әсіресе, соңғы жылдары оның жасарып бара жатқаны байқалады. Бұл жайт Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан бастап біздің дәрігерлерді алаңдатып отыр. Еліміз бойынша жылына 600-700 бала онкологиялық науқастар тізіміне алынады. Ал, біздің облыста былтыр 190 балада қатерлі ісік анықталып, оның 62-сі көз жұмды.

Онкологиялық аурулардың бұлайша таралу себептерін ешкім нақты дәлелдермен түсіндіріп бере алмайды. Мамандар оның пайда болу себебін жан-жақтан іздейді. Тұқым қуалаушылық, нашар экология, құрамында канцерогендері бар тамақ… Бесіктен белі шықпаған балалардың ұялы телефонға күн ұзаққа телміруі де обыр жасушаларын қоздырып жіберуі бек мүмкін. Дәрігерлер дерт неғұрлым ерте анықталса, айығып кету мүмкіндігінің соғұрлым мол екендігін айтады. Бірақ, бала бойындағы бұл дерт бірден білінбейді екен. Бұл ретте мамандар бала тәбетінің жоғалуы, өңінің қурауы, бас ауруы, әлсіздік, жүрек айнуы, жиі құсуы байқалса, дәрігерге жүгінуді ескертеді. Нұра ауданы Көбетей ауылының тұрғыны Гүлмира Балтабаева дәл осылай жасапты. Ол былтыр ақпанда баласы Асылбектің жүріс-тұрысындағы өзгерісті байқап, аудандағы ауруханаға апарыпты. Онда бауырында киста деп диагноз қойған екен. Сонда да ана көңілі секем алғандай ұлын бірден Астанадағы №2 қалалық ауруханаға апарады. УДЗ онкология екенін бірден айтыпты. Іш құрылысы нейробластомасы…

Гүлмира БАЛТАБАЕВА, ата-ана:

– Бізді бірден «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығына жіберді. Компьютерлік томография 12 сантиметрлік ісікті анықтады. Ота жасалды. Бірақ, ол толық алынған жоқ. Дәрігеріміз К.Дигай ісіктің омыртқаның бойында, тамырларға тым жақын орналасқанын айтып түсіндірді. Оң аяққа баратын тамыр ота кезінде зақымдалыпты, оған жасанды түтікше қойып берді. Метастаза жоқ дейді енді. Бірақ, нақты сенімді болу үшін МРТ күтіп жүрміз. Бізге қарашада жасалуы тиіс болатын. Қарағандыдағы барлық ауруханаларда ол құрылғы жоқ, немесе істемейтін болып шықты. Астанадағы орталыққа хабарлассақ, «контраст жоқ, күтіңіздер» деді.

Тиісті тексеріс пен ем-домды нақты айтар ешкімнің жоқтығына, дәрігерлердің салғырттығына налыған ана: «25 шақырымдағы аудан орталығына қан алдырту үшін апта сайын баламызды өзіміз тасып жүрдік. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарласқаннан кейін қазір қан талдамасын өздері келіп, алып кетіп жүр. Заң бойынша мұндай науқастарға дәрігер келуге міндетті. Не аудан дәрігерлері, не облыстағы гематолог балама қандай ем-шара қажеттігі туралы мардымды ештеңе айтпайды. Өзім шырылдамасам, менің баламды ұмытып та кететін бұлар» – дейді қамығып.

Ауыр дертпен өздері күресіп келе жатқан Асылбектің анасы ауыл, облыс тұрғындарының көмектесетіндігін айтады. Жылы қабақ пен көңіл науқасқа – қуаныш, ата-анасына – дем береді. Мәселен, жақында Асылбекке мектеп оқушылары келіп, көңілін көтеріп, бір серпілтіп кетіпті. Дерттен жаны жүдеген балаларға, жүрегі езілген аналарға жылы сөз де – үлкен дәрі әрі садақа.

«ҚАЙҒЫНЫ БӨЛІССЕ, АЗАЯДЫ»

Жаман аурумен бетпе-бет келген кез келген адамға моральдық, материалдық қолдау ауадай қажет. Облыс көлемінде психологиялық, ақпараттық-құқықтық, материалдық көмек көрсететін қайырымдылық қорлары саусақпен санарлық қана екен. Соның ішінде құрылғандарына бір жыл ғана болған «Будь ближе» жеке қайырымдылық қорының ауыз толтырып айтар жетістіктері бар. Қордың негізгі қызметі – ауыр сырқатқа шалдыққан балаларға жан-жақты көмек көрсету.

 Ирина КИМ, «Будь ближе» қорының қызметкері:

– Қоғамдық емес, жеке қор болғандықтан, демеушілері бар. Қоғамның назарын осындай балаларға аудартуға тырысамыз. Былтыр 10 баланың еміне қаржылай көмектестік. Биыл екі баланы Павлодар қаласындағы Абилитация, қайта қалпына келтіру және түзету орталығына ем алуға жібердік. Тағы 6 баланың ата-анасынан өтініш түсті. Олар қаражат күтуде. Тиісті құжаттарды жинап жатқан ата-­аналар да баршылық. Жайлап болса да алға жылжып келеміз.

Әрине, мұндай диагнозды есту әркімге де ашық күндегі найзағайдай әсер ететіні анық. Ешкім ондайды күтпегендіктен болар, басына түскенде қайда, кімге жүгінерін білмей дал болады. Уақыт ұттырмас үшін атаананың әуелгі әрекетін анықтайтын ақпараттық қолдау, құқықтық көмек аса қажет. Онкологиялық ауруларға шалдыққан балалар Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына немесе Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жіберіледі. Қазір облыс бойынша 128 бала сол орталықтарда ем алуда.

ОРТАЛЫҚ МҮМКІНДІГІ ҚАНДАЙ?

 Ана мен бала ғылыми орталығы 2010 жылы ашылғанда 30 орынға есептелген еді. Ал, бүгінде оның мүмкіндігі 106 орынға дейін кеңейтілген және 4 онкология бөлімшесі жұмыс істейді. Сонымен қатар, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер тобы жұмылдырылған. Мектеп жасындағы балалар оқу бағдарламасы бойынша сабақ та оқиды. Мұнда жылына республика бойынша 700-800 бала емделеді.

Дайыр НҰРҒАЛИЕВ, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының онкогематология бөлімінің меңгерушісі:

– Біздің орталықта ең соңғы болмаса да, әлемдік қолданыстағы технологиялар мен әдіс-тәсілдер бар. Ем жүргізу хаттамасы 3, 5 жылда бір жаңарады. Жаңа туған баладан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер емделеді. Қазір орталықтағы ең кішкентай науқасқа – 8 ай. Балаларда негізінен, лейкоз, нейробластома, ретинобластома сынды онкологиялық аурулар жиі кездеседі. Аурудың пайда болуы, дамуына қатысты бірыңғай стандарт жоқ. Әр баланың жағдайы әртүрлі. Барлық онкологиялық аурулардың анықталғаннан бастап, өршуі немесе кемуіне қатысты өзгерістер ғылыми тұрғыдан зерттеліп, бекітілген халықаралық хаттамалар бойынша жұмыс жасаймыз.

Орталықта онкологиялық ауруларды диагностикалаудың озық әдістері, ісік тініне иммуногистохимиялық және цитогенетикалық зерттеулер, иммунофенотиптеу, томографияның әр түрі пайдаланылады. Бұл диагнозды нақты анықтап, емдеу тәсілдерін белгілеуге мүмкіндік береді. Онда 24 дәрігер, 58 білікті мейіргер қызмет етеді. Науқас балалар мен олардың ата-аналарына көрсетілетін психологиялық көмек емдеу шараларымен қатар жүргізіледі.

 Бір атап өтерлігі, баладағы қатерлі ісік емге тез көнеді, 70-90% жағдайда жазылады. Тек ерте анықталуы – шарт. Бұл тұрғыдан облыс орталықтарындағы диспансерлерге балалар онкологиясына қатысты лицензияларын қайтару қажеттілігі байқалады. Өкінішке қарай, қазір біздің облыстық диспансер онкологиялық ауру балаларды тек тіркеуге алады, оларды емдеуге құқығы да, қауқары да жоқ.

АЙМАҚТЫҚ КӨМЕКТІ ЖАНДАНДЫРУ КЕРЕК

 Біздің облыс – онкологиялық ауруларға қарсы күрес, скринингтер өткізу, осы аурумен сырқаттанғандардың өмір сүру ұзақтығы бойынша республикада алдыңғы орында. Әтегенайы – балалар онкологиясының жоқтығы. Лицензияның жоқтығы онкологияның осы бағыты бойынша жұмыс жасауға қолбайлау болып тұр. Сәйкесінше, тиісті материалдық-техникалық база, білікті мамандар да тапшы. Бір жағынан балалардың бірегей орталық жауапкершілігінде болғаны да жөн шығар. Дегенмен, науқастардың барып-қайтуы, ем кезінде жақындарының орналасуы қосымша қыруар қаражатты қажет етеді. Аурудың бірекі күнде жазылып кетпесі бәріне аян. Кемі екі-үш ай ем алады. Ал, аурудың ерте анықталуы – аса маңызды фактор. Алғашқы кезеңдерінде анықталу деңгейі – 40%.

Найля ҚАБЫЛДИНА, «ҚМУ» КҚҰ онкология және сәулелік диагностика кафедрасының меңгерушісі, онкохирург:

– Кафедра меңгерушісі ретінде әуелі педиатрия бөлімдерін қайта ашу қажеттігін айтқым келеді. Сол жерде балалар онкологиясы бағытындағы мамандарды даярлауға мүмкіндік болар еді. Әрине, балалар онкологиясын өзімізде емдеген дұрыс.

Қазір медициналық мекемелердің қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі бұрынғыдай Денсаулық сақтау министрлігіне емес, жергілікті билікке қарайды. Сондықтан, бұл жайт жергілікті биліктің бақылауында болуы керек.

Жалпы, Қазақстандағы балалардың онкогематогиялық қызметінің пайда болғанына биыл 26 жыл ғана екенін ескерсек, аталмыш салаға мемлекеттің жан-жақты қолдауы аса қажет. Мемлекет қолдап та келе жатыр.

ҚАТЕРЛІ ІСІК ҚАТЕРІН ҚАЙТСЕ АЗАЙТАМЫЗ? Мемлекеттік бюджеттен науқас әр баланың еміне 10-12 млн. теңге көлемінде қаражат беріледі. Яғни, барлық ем тегін жүргізіледі. Бірақ, ата-аналардың отандық мамандарға сенімсіздік танытып, баласымен бірге шетел асатындары көбейді. Әрине, шетелдік клиникаларға жүгінуге әркім – құқылы. Бірақ, оны бәрінің бірдей қалтасы көтере бермейді. Ол үшін қаражатты халықтан сұрау да жөнсіз.

 – Ота өзімізде жасалмаса, доноры табылмаған жағдайда мемлекеттік бюджет есебінен шетелге емделуге жолдама беретін әлемдегі жалғыз ел – Қазақстан. Ресейде өз елдерінде ота жасау үшін ақша жинайды. Мәселенің байыбына бармай, жасалған жұмысты жоққа шығаруға болмайды,– дейді Дайыр Нұрғалиев.

Денсаулық сақтау министрлігі соңғы 10 жылда қатерлі ісік 9,5%-ға артқанын алға тартып, елімізде «2016-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында балалар онкологиялық және гематологиялық қызметін жетілдіру» Жол картасын әзірледі. Ол онкологиялық және гемотологиялық аурулармен сырқаттанған балаларға көрсетілетін медициналық көмек сапасын арттыруға негізделген бірқатар іс-шараларды қамтыды.

Жол картасы аясында заңнамалық және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, диагностикалау мен емдеу сапасын арттыру мақсатында медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту, бағаналық жасушаны транспланттауды дамыту, кадрлық әлеует деңгейін арттыру жоспарланған. Сонымен қатар, онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтау, қатерлі ісік ауруларын емдеу мен оңалтудың заманауи технологиялары бойынша тұрғындардың хабардарлығы мен сауаттылығын арттыру шаралары қарастырылған.

 Одан бөлек министр былтыр «ҚР онкологиялық аурулармен күрес бойынша 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспары» жобасын таныстырған болатын. Жоспар міндеттеріне алдын алу және тәуекел факторларын басқару, онкологиялық аурулардың жоғары сапалы ерте диагностикасы, онкологиялық көмек көрсетудің кіріктірілген моделін енгізу, онкологиялық көмекті цифрландыруды дамыту және кадрлық әлеуетін және ғылымды дамыту кіреді.

Министрліктің мәліметінше, осы мақсатта 35,1 млрд. теңге бөлінген.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Астанада жаңа Ұлттық ғылыми онкология орталығын құру да бұл мәселені шешудің бір амалы болары анық.

P.S. Материалды номерге дайындап жатқанда Гүлмираға тағы бір хабарластық. Астанадағы орталықта қызылшаға байланысты карантин жариялапты. Енді олар келесі аптада Қарағандыдағы жеке клиникалардың бірінен МРТ жасатады.

Жансая ОМАРБЕКОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button