Жаңалықтар

“Жалаңашта” – жаңа алаң

Аудан көлемінде игі дәстүрге айналған Ауыл күні күрежол бойындағы «Жалаңашқа» да жетті. Мұнда өскелең ұрпаққа ұлағат болар шырайлы шара жүзеге асырылды. Оның есте қаларлықтай өтуіне ауыл тұрғындары белсене атсалысты.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде дүниеге келген «Ауыл күні» аясында «Жалаңашта» жаңа балалар спорт алаңының ашылуын тұрғындар ұлан-асыр мерекеге айналдырды. Шағын ауыл барынша жасанып, той салтанатына сай киіз үй сап түзеді.

«Бауырсақ-шоу» мен «Қымыз-шоу» ұйымдастырылып, көпшілік бал қымыз бен балбыраған бауырсаққа кенелді. Оған ұйытқы болған Алмагүл мен Құрметке, базарлық ретінде балаларға тегін балмұздақ пен тәтті сусын таратқан аудандық мәслихат депутаты, осы округтен сайланған халық қалаулысы, Атымтай жомарт атанған азамат Ертай Отыншинге ауылдастар алғыс айтты.

Шырайлы шара үстінде аудан әкімі Салтанат Әбеуова ата салтымен Жақсылық ақсақал мен Зағым анаға сый-сияпат жасады, екі отбасының балаларына спорттық киім табыстады. Сондай-ақ, ауыл балаларына байғазы ретінде төрт доп берілді.

Ән әуелеп, күй шалқыды. «Сәуле», «Үшарал», «Жалаңаш» ауылынан төрт команда шығып, футболдың көрігін қыздырды.

Әлібек ӘБДІРАШ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button