Жаңалықтар

Жаңа дәуір шешімі

Қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі – қазақ әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру. Ұлт мүддесі мен туған тіліміздің келешегі үшін жасалып отырған осы игі бастаманы жүзеге асыруға атсалысу – әрбір қазақстандықтың борышы деп білемін.

Орындалуы бір күнді емес бірнеше жылды талап ететін бұл міндетті іске асыру жұмыстары бүгінгі күні арнайы жоспарға сәйкес жүргізілуде. Еліміздің түпкір-түпкірінде түрлі іс-шаралар өткізіліп, латын графикасына көшу мәселесі қызу талқылануда.

Осындай шараның бірі жақында Саран қаласының Мәдениет үйінде өтті. «Латын әліпбиіне көшу – өркениетті шешім» деп аталған қалалық семинарға Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Алмагүл Әділова, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының жанындағы «Ресурстық тіл орталығы» КММ директоры Гүлназ Мұстағұлова, осы орталықтың әдіскері Әсия Смықова, мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру орталығының аға оқытушысы, саясаттанушы Серік Мұстафин, «ТілKZ»ЖК, қаладағы мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.

Алғашқы болып сөз алған ресурстық тіл орталығының директоры Гүлназ Серікқызы қатысушыларды жаңа әліпбиге көшу мәселесімен Үкімет деңгейінде айналысатын төрт жұмыс тобымен, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру кезеңдерімен, осы бағытта атқарылып жатқан облыс көлеміндегі іс-шаралармен таныстырып өтті. Ал, Алмагүл Советқызы латын графикасына көшу қажеттілігінің лингвистикалық сипаттағы себептерін түсіндірді. Серік Хамзаұлы болса, латын графикасына негізделген қазақ жазуының философиялық-саяси қырлары туралы әңгімеледі.

Іс-шараның соңында ресурстық тіл орталығының әдіскері Әсия Смықова «Латынша жазып дағдыланайық» атты тренинг өткізді. Тренинг барысында қатысушылар жаңа әліпбиімен толығырақ танысып, латын графикасы арқылы сөздер мен сөйлемдер жазды. Екі топқа бөлініп сайысқа түскен олар ойын түрінде латынша жазылған мәтіндерді оқып, өз білімдерін толықтырды. Семинарды өткізуге белсене қатысқандар Саран қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Осы мақсаттағы шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырылатын болады.

Б.ЖАРЫЛҒАПОВА,

тілдерді дамыту орталығының әдіскері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button