Жаңалықтар

Жұрт игілігіне – жаңа нысан

Футбол – балалар мен жасөспірімдер арасында «ішкен асын жерге қойғызған» бірден-бір танымал спорт түрі. Кейінгі кезде спорттың осы түріне қызығушылық танытып, кәсіби түрде айналысқысы келетіндер саны да күннен күнге артып келеді. Демек, балалардың футболмен айналысуы үшін арнайы алаң жасақтау – қажеттілік. Осы орайда, Астана күнінде Қарағанды қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде шағын футбол алаңының салтанатты түрде ашылуы өтті. Қала әкімі Нұрлан Әубәкіровтің қатысуымен өткен шараға үздік нәтижеге жеткен футболшылар да шақырылды.

Биыл қалалық бюджет есебінен 13,6 млн. теңге бөлініп, шағын футбол алаңы салынды, сондай-ақ, 15,6 млн. теңгеге мектеп ғимаратының қасбетіне жөндеу жұмыстары да жүргізілуде. Футбол алаңы спорттың осы түрімен айналысуға оқушыларды көптеп тартуға және сапалы оқу-жаттығу процесін ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде спорт мектебінде гандбол, бадминтон, футбол, баскетбол, еркін күрес, бокс, NOMAD MMA сияқты спорт түрлерінен жаттығулар өткізіледі. 66 топта барлығы 760 оқушы жаттығу жасаса, оларды 22 оқытушы жаттықтырады.

Шараға арнайы шақырылған «Шахтер-М» футбол командасының ойыншылары, «U-18» Қазақстан Республикасы құрама командасының мүшелері Дмитрий Бачек, Марат Қайдаров, Кирилл Алексеев жас футболшыларға сәттілік тілеп, қазақстандық футболды өркендетуге үлестерін қоса берулеріне тілектестіктерін білдірді.

Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің өзінің спорт базасы да бар. Бұл – спорттың түрлерімен айналысуға арналған 2 спорт залы бар бірден-бір мектеп. Сондай-ақ, еркін күрес, бокс жаттығуларына арналған залы бар.

Спорт мектебінің базасында гандбол мен бадминтоннан облыстың құрама командасы жасақталып, қазіргі уақытта ҚР құрама командасына гандболдан – 3 адам, жастар құрамасына – 7 адам өтіп, жасөспірімдер командасында 5 адам өнер көрсетуде. Бадминтоннан 5 адам ҚР жасөспірімдер ұлттық құрамасында. Спорттық жетілдіру топтарында 20 спорт шеберіне үміткер, 22 спорт шебері жаттығады.

Сондай-ақ, спорт мектебінің түлектері аудандық, қалалық және республикалық сайыстардың бірнеше мәрте жеңімпаздары, халықаралық жарыстарда да есесін жібермеген.

2001 жылы ата-аналар мен мектеп оқушыларының өтініші бойынша футбол бөлімшесі де ашылған. Негізін салушы – Ю.Лисицын.

Айта кету керек, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары 2005 жылы жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында 1-орынды иеленген болатын. Қазір мектептегі 12 футбол тобында 156 оқушы жаттығуда.

Салтанат ИЛЬЯШОВА,
«Орталық Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button