Жүрегіміз де, тілегіміз де бір Тілеш еді немесе достар туралы реквием

Біздер 1974 жылы ҚазМУ-дің атақты журфагын, жаңылмасам, 54 қыз-жігіт бітіріп шықтық. Солардың ішінде қарағандылықтардың қарасы әжептәуір еді. Саттар, Тілеш, Самат, Жүрсін, Аманжол, Дәуітәлі және өзім бар, бір өңірден – бақандай жеті жігітпіз. «Өтемістен туған он едік, онымыз атқа қонғанда, жер қайысқан қол едік» деп Махамбет жырлағандай, жетеуіміз бірге жүргенде журфактың түңдігі желпілдеп кетуші еді. Қайран дүние, өттің де кеттің… Бұлай деп күңіреніп отырғаным, осылардың ішінде тұлпардың үйірінен қалған тұяқтай, қыранның қанатынан қалған қияқтай ғана болып енді Жүрсін екеуміз ғана қалыппыз. Өрт шалған ормандай болып сиреп қалдық. Тілеш… Қайран Тікең… Сенің жөнің де, әрқашан күлім қаққан өңің де бөлек еді-ау! Жарты ғасырға жуық достықтың теңізінде бір қайықта бірге жүздік. Өмірдің өрінде де, төрінде де бірге болдық. Қай кезде де, қандай жағдайда да достықтығымызға қылау түскен емес. Сырымыз да, жырымыз да бірге еді. Бұл достығымыз сонау бір жалындаған жиырма жасар кезімізде студенттік партадан басталып еді-ау…

Сырттай оқудан ауысып барған кезім. Жөнді ешкімді танымаймын. Ол кезде әр жоғары оқу орнында әскери кафедра болатын. Бұл бір ұл балалардың өзін ерекше сезінетін әрі ерік-жігеріңді жанитын тамаша тағылым еді. Ара-арасында жас текеше бақылдасып, сүзісіп те алатынбыз. Менің жаңа ортадағы алғашқы күнім осы әскери сабақтан басталды. Курсымызда бір тентектеу бала бар екен. Әскери ойын арасында соның қараптан-қарап тұрып маған ұрынғаны ғой. Бөтенсіреткені ғой баяғы. Әлгі жанымнан өте беріп өтірік сүрінген болып ішімнен бір нұқып кетті. Айнала беріп шынтағымен тағы қақты. Сезіп тұрмын – ауыл балаларының төбелес бастайтын төл әдеті. Менің де қаным басыма шапшып шыға келді. Оның үстіне мектепті қаладан бітіріп, еркін күреске қатысқаным бар. Әлгі тағы қиқалақтай бастағанда бұрынырақ қимылдап, итеріп-ақ жібердім. Әлгі жүгермек енді ашық айқасқа шықты. Одан қорыққаным жоқ. Әлім жететіні анық. Бірақ, оның артында албастыдай болып, бойы екі метрге жуық, екі иығы керегедей бір дию тұрды. Сескендім, енді. Ол болса, итке қараған теке көзденіп, маған суық жанарын қадап алған. Әлгі кішкентайға «қайтпа, мен бармын» дегендей ымдап қояды. «Батырға да жан керек». Расымен сасайын дедім. Жігіттерге ермек керек. Орталарын ашып, алаңқай жасап алған. Бір кезде олардың арасынан суырылып екі жігіт шықты да менің қатарыма келіп тұрды. Екеуі де қошқардай-қошқардай қожырайған денелі. Әсіресе, көзілдіріктісінің кеудесі – есіктей, балтыры – бесіктей.

– Өй, бәтшағарлар, бұларың не? – деді ол ақыра сөйлеп. – Бұл жігітпен әлі танысқан да жоқпыз ғой. Алда бес жылымыз ол тұр.

Сөйтіп, болашақ курстастарыммен шекісіңкіреп барып бекіскенім бар. Әлгі екеуімен келесі үзілісте қол алысып таныстық. Біреуі – Самат Жүнісов, келесісі – Тілеуқабыл Байтұрсынов екен. Екеуі де – Қарқаралыдан. Бір қызығы, бәріміз қарағандылық жерлес болып шықтық. Ал, ана екі тентекпен де кейін ішекқарынымыз араласқан дос болдық. Аттарын атамай отырғаным да, сондықтан.

Міне, Тілешпен кейін ғұмыр бойға достыққа ұласқан таныстығымыз осылай басталып еді. Содан қызыққа толы күндер, таң атқанша ұйықтамайтын түндер басталды да кетті. Каникулда елге бірге келеміз. Бірге қайтамыз. Сондай бір жүрісте Қарағандыда, достарымыздың ортасында көбірек жүріп қалып, үш-төрт күн кешігіп келгеніміз бар. Алдымызда ат ойнатып баяғы Қожакеев – темір Темкең тұр екен тосып. Сылтауымыз – сол баяғы Арқаның ақ бораны. «Ұшақ ұшпай қалды». Жаттанды сценарий. Соларды айтып, міңгір-міңгір етеміз.

– Әй, – деді ағайымыз шаңқ етіп, – сонда немене Қарағандыларыңда қыс бойы боран соқса, сабаққа келмейсіңдер ме?!

Екеуміз де мырс етіп күліп жібердік. Темір Темкеңнің көзі қаршығаның жанарындай дөп-дөңгелек болып кетті.

– Күледі-ей, еще. Күлкілеріңді көкжөтелге айналдырамын әлі. Бар, жоғалыңдар!

Бұл – аты арамызда әлі күнге аңыз болып жүрген, сол кездегі деканымыз Темірбек Қожакеев. Тілі бір қарағанға ащылау көрінгенімен зілі жоқ еді жарықтықтың. Әлі күнге ол кісіні пір тұтып, басымызды иіп, аса бір сағынышпен еске аламыз.

Сол жылы күзге қарай мен үйленетін болып, күйеу жолдастыққа, әрине Тілеш досымды таңдадым. Некеге отыратын айтулы күн.

– Қожакеевтен өзің сұрап ал, – деді әншейінде батыр досым қалбалақтап. Көзілдірігін жұлып алып, ормалымен құшырлана сүрткіштеді. Бұл – сасқалақтағандағы әдеті. Амал не, екеуміз сүмірейіп, Темкеңе тағы кірдік.

– Әй, – деді деканымыз маған қарап, – сендердің құшақтасқандарыңды, сүйіскендеріңді міндетті түрде көзілдірік киген біреу қарап тұру керек екен ғой. Барсын! – деді сосын оқыс шаңқ етіп. Екеуміз сыртқа дүрліге шықтық. Есікті жауып жатып ағайымызға көзім түсіп кетіп еді, оның мейірлене жымиып отырғанын байқап қалдым. Қайран Қожакеев!

Досымның арқасында ол туып-өскен Нұркен ауылы өз ауылымдай болып кетті. Тағдырдың мына кереметін қараңыз, сол жылдары осы ауылда Аманбек, Рая, Бигүл деген үш кластасым және студент кезімізде бірге болған Ерғазы, Егінтай, Серік деген достарымыз қатар жүріп қызмет істеді. Көпшілігі – мектепте мұғалім. Директорлары – кластасымыз Раяның жолдасы Жәнібек. Ол да бір ақпейіл азамат екен, кейін онымен де достасып кеттік. Әлі күнге бірге келе жатырмыз. Нұркенге бара қалсақ, күнде айт пен той. Шіркін, ол да бір қайта оралмас дәурен екен-ау!

Әлі есімде, бұрнағы жыл болуы керек, ерке де серке досымыз Жүрсін түн ортасында қоңырау шалып, «Қарағандыда айтыс өткізіп жатырмын, «Чайка» қонақ үйіне кел, бөлмең дайын», – деді әдетінше дүрсілдеп. Бардым. Сол жолы айтысқа бармай, бір күнімді Тілеш досыма арнағаным бар. Қонақ үйдің жайлы бөлмесінде кешке дейін сырластық. Бір-бірімізді әбден сағынып қалыппыз. Айтылмаған әңгіме қалмады. Әрине, негізгі арқауымыз – достарымыз. Қойшы, көңілдің қоясын түгел ақтардық, қылдай құлта қалған жоқ. Қайдан білейік, Құдай білдірген бе, бұл өзара кешу айтысуымыз екен ғой. Асыл жан, аяулы досыммен қоштасып отырғанымды білмеппін. Содан біраз уақыт өткенде ортақ досымыз Ерғазыдан жай оғындай жұлқынып қаралы хабар жетті.

Өмірден Тілеш кеткенде сиреп емес, күйреп қалдық. Анау-мынауға жіби қоймайтын Жүрсіннің өзінің бордай езіліп, күзгі жаңбырдай егіліп отырып, «Тілеш кеткенде» деп арнайы қазанама жазуы – ақын жүректің алқынысы, сарғайған сезімнің толқынысы болар деп топшылаймын. Иә, қарағандылықтардың қайығында енді екеуміз ғана ескек ұстап, мынау өткінші өмірдің арынды ағысына түсіп алып, әзиз достарымыздың кеткен жағына қарай заулап келеміз. Бүкіл қызық өмірдің қырмызы тірлігінің бәрі сол достарымызбен бірге кеткендей. Ойын-күлкінің бәрі солармен бірге сарқылып, бізге тек қарып түсер қара суыққа төзе алмай сарғайған жапырағы қалт-құлт етіп қалтыраған күзгі өмірдің күрсінісі, жұлмаланған жүректің бұла бір бұлқынысы ғана қалғандай.

– Жүрсін, ананы қара, – деймін қара бұлт тұмшалаған қара аспанды нұсқап. Түнгі аспанды тілгілеп, дәл бір Тәңірдің қамшысының өріміндей иректеліп найзағай жарқ ете қалғанда арғы жағынан ай нұрына бөккен бір тамаша әлем көрініп кеп қалады. Ішінде баяғы бірге жүрген жора-жолдас, ағайын-туыс өріп жүр. Бәтір-ау, анау Дәуітәлі көкем ғой. «Сәукен, бірдеме әкелдің бе?» дейді әдеттегідей мені еркелетіп. Өзі жазған «Тамұғы мен жұмағының» арасында ол жақтың астан-кестенін шығарып, жортып жүрген сияқты қасқаң. «Бауырбүйрек, жүректі алатындай, Мен Сізге бір қуырдақ қарыз ба едім!» деп құдекеңе де қиястанып тұр ма, қалай?

Жаратқанның атқан жебесіндей болып, найзағай тағы жарқ етті.

Анау Саттар ғой. Сері Саттар. Ашылмай кеткен талант. Бізге бір қырындап, алысқа қарап, емешесі кетіп, үздігіп тұр. «Өзі кеткен соң жеңгеміз Люба балашағасын алып Ресейге біржола көшіп кетіпті» деп естуші едік, сол жақта тұрып, солығын баса алмай тұр-ау қайран дос.

Ал, анау – Самат. Арамыздан ертерек кеткен ертегінің еріндей ерен мінезді Саматымыз. Қызылды-жасылды ұлпадай бір ұйықтан асығыс шығып келеді. Фирдаус деген жұмақтың төрі болады деуші еді. Сірә, сол осы болар. Дос десе, өткір кездікпен өзегін өзі тіліп беретін періште көңіл, бұлақтай мөлдір, тұмадай таза азаматымыз еді, ақыры Алланың алқауына іліккен екен. Баяғы сол мінезі, көрмейсің бе әне, «Тілешім-ау, бауырым-ау, мен сені көп күттім ғой!» деп қолына қоржынын алып ұшып келеді. «Өй, пәтшағар!» деп өзінің риясыз бала күлкісімен жайраңдап Тікең де қарсы ұмтылып барады.

– Тілеш, қайт, қайт! – деп ышқына айғайлаймын жерде тұрып. Қайда-а-а, ғапыл даусым, ғарыш түгілі, мына дүниені тұмшалап тұрған қап-қара бұлттың бір жемелегін де желп еткізе алмады. Құдай-ау, біз неткен әлжуаз, әлсіз бейшара едік. Тағдырдың талайына тосқауыл болмақ түгілі, Тәңірдің қалауынсыз, тіпті, қыбыр етіп қимыл да көрсете алмайды екенбіз. Әйтпесе, бізге салса, бір жақта, бір топта топырлап бірге жүрмес пе едік әлі де.

Бір-бірлеп жоғалып барамыз мынау жалғанның жарығынан. Жүрегіміз де, тілегіміз де бір Тілеш кетті дегенде ала қайғының ащы запыраны лықсып, кеңірдегіме шейін келді. Бірге өткізген өміріміздің бүкіл ащы-тұщысы өксік болып өрекпіп, бүкіл кеудемді кернеп, жанарымнан жас болып ақты. Алланың әміріне амал қайда. «Мені де ала кетші» деп шалғайынан шап етіп ұстап, біраз сүйретіліп барып едім, балуан білек, сәби жүрек жан досым бір бұлқынып қалдырып кетті. «Жүре тұр, пәтшағар, мынау жалған дүние жалықтырғанда келерсің сен де» дейді және еңкілдеп жылап тұрған маған лекіте күліп.

Сарыарқаның сақылдаған сары аязында қалшиып қатып тұрған Қарағандыға жаныңмен жылу беріп, қабағын жібітіп тұратын сен едің, Тікебайым. Енді сен жоқсың. Қаламыз қайтадан сұп-сұр болып қатып қалғандай. Дәл бір саған соққан ескерткіш тәрізді ме, қалай… Жерлестерім кешірсін, енді мен Қарағандыны дәл осылай елестетіп, ол ой-санама дәл осылай орнығады. Иә, дәл осылай. Ал, сіздер бұрынғыдай ойнапкүліп жүре беріңіздер. Құдай одан айырмасын. Жаралы көңілдің қаралы көші бізбен кетсін. Онсыз да майы сарқылып, пілтесі біткен шамдай болып таусылуға айналдық қой.

Жанымда қалған жалғыз Жүрсін өлең оқыды:

«Біз сені еркелетіп Тілеш дедік,

Айтармыз әрқайсымыз бір естелік.

Қиналған кездеріңде демегенмен,

Сергелдең сапарыңа ілеспедік!».

Ойпырым-ай, ақын да алжасады екен-ау! Неге ілеспейміз?! Жо-о-қ. Алжасып отырған мен екенмін. Жүкең мынау пәни дүниені айтып отыр екен ғой. Ал, анау мәңгі сапардың шұбырындысына ерте ме, кеш пе бәріміздің де қосылатынымыз анық.

Қорқыт бабасына тартқан Жүкең ол жаққа аттап басқысы жоқ. Мына пәни дүниеге мен сияқтылардың талайы келіп, кетіп жатыр ғой. Ал, Жүрсін болса, халықтың ойында, айтыстың тойында жүрген айтулы азамат. Ақындығы қандай. Ендеше атының өзі айтып тұрғандай, Жүкең әділетсіздікпен айтысыпжұлқысып жүре берсін.

Жалған болса да мына сиқыр дүние тәтті ғой, шіркін. Ал, немерелеріміз одан да тәтті. Алыстағы, ғарыштағы ағайындар, сәл асықтырмаңдаршы.

Найзағай тағы да гүрс ете қалды…

Астапыралла!

Сәулебек ЖӘМКЕНҰЛЫ,

курстас досы.