Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Заң жүйесіндегі жаңалықтар

Бұған дейін заңдар санаулы мемлекеттік ұйымдардың қатысуымен талқыланып келген-ді. Енді, бұдан былай олай емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне норма шығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қоюы – бұл жүйеге көп өзгерістер әкелді. Егер, бұрын заңдар мемлекеттік органдар өкілдерімен қарастырылса, енді бастапқы кезеңде ол жұртшылық арасында және әрбір мүдделі топта кеңінен талқылануы тиіс. Ал, бұл болса, ел арасында халықтың көзқарасын өзгертуге ықпал ететінін атап өткен жөн…

Сонымен, заң шығару процесінің жаңа кезеңі енгізілуде. Осы кезеңде уәкілетті мемлекеттік органдар проблемаларға зерттеу жүргізіп, олардың шешу жолдарын жұртшылықпен талқылауы тиіс. Осылайша, заңдарды қабылдаудың болашақтағы тәртібі анықталды. Ол кезеңдерден тұрады.

Айталық, алғашқы кезең. Бұл – проблеманы анықтау сатысы. Онда мәселені әртүрлі жолдармен, оның ішінде, азаматтардың өтініштерін қарау қорытындылары бойынша немесе құқықтық, қоғамдық мониторинг жүргізу арқылы анықтауға болады.

Екінші кезеңде – консультативтік құжатты қалыптастыру. Оған бар проблема негізінде барлық жүргізілген талдауды қосу қажет. Содан кейін барып, жұртшылықпен құжатты талқылауға көшеді. Талқылаудың үш тәсілі бар. Бірінші тәсіл – бұл «Ашық НҚА» порталында пікір білдіру. Сонымен қатар, жария тыңдаулар өткізу. Үшіншісі – пікірталастар.

Осыдан кейін мәселелерді шешудің нақты жолдары анықталады. Яғни, уәкілетті мемлекеттік орган осыдан кейін ғана жеке заң әзірлеудің мақсатқа сай екендігі туралы шешім қабылдайды. Тағы бір айта кетерлігі, заң шығару жүйесінде, жоғарыда аталған екінші және үшінші кезең болған емес.

Мамандардың айтуынша, заң қоғам мүшелерін заң шығару процесіне тарту тетіктерін жетілдіріп қана қоймай, бірқатар басқа да маңызды мәселелерді шешеді. Атап айтқанда, мемлекеттік органдарға ақпараттық және түсіндіру жұмыстары барысында қойылатын талаптарды күшейтеді. Ол үшін әрбір заң жобасына және қабылданған заңға ақпараттық сүйемелдеу бағдарламасы қоса беріледі. Бұл бағдарламада азаматтарды алдағы, не заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы хабардар ету тәсілдері мен мерзімдерін нақтылайтын іс-шараларды қамтитын болады.

«Ақпараттық және түсіндіру жұмыстарын жүргізуден басқа, жаңа Заң мемлекеттік органдарды азаматтарды жаңаша реттеуге дайындау мерзімін белгілеуге міндеттейді. Бұл, кем дегенде, 60 күн», – дейді мамандар.

Бұл азаматтардың жаңа міндеттерді қарастыратын нормалар кем дегенде 60 күн өткеннен кейін күшіне енетінін білдіреді.

Заңға енген өзгерістер аясында заңдардың тиімділігін бағалау да енгізіледі. Яғни, мемлекеттік органдар заңдарды қабылдаудың нақты әсерін бағалауды жүргізе бастайды. Заңдар қабылданғаннан кейін бес жыл ішінде оларды практикада қабылдау мақсаттарының жетістіктері туралы есеп беруге міндеттеледі.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button