ҚарқаралыАймақЖаңалықтар

Қарқаралыда ақындар аллеясы бой көтеруі мүмкін

Қарқаралы қаласында тұрғындар мен қонақтарға арналған жаңа демалыс орны салынып жатыр. Әлімхан Ермеков атындағы №2 мектептің маңынан бой көтеріп жатқан сквердің жалпы аумағы 800 шаршы метрді құрайды. Қазір құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Қалған бөлігі алдағы бір айдың ішінде толық бітеді деп жоспарланып отыр.

Суреттерді түсірген А. Марченко

Қарқаралы қаласының әкімі Аслан Рахымбергеновтің айтуынша, бұл бастама Тоқтар Әубәкіров көшесін жөндеп жатқан «Arm srtoy» ЖШС мердігер ұйымының демеушілігімен жүзеге асуда. Жоба қала және аудан әкімдігінің бірлескен ұсынысы негізінде қолға алынған. Жалпы құны 50 млн теңгеге бағаланған жұмысты мердігер ұйым өз қаражаты есебінен атқарып жатыр.

– Бұл жер қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы демалыс орны болуы үшін жасалуда. Мердігер ұйым сквер аумағына асфальт төсеп, жарық шамдарын орнатады, орындықтар қояды. Қаланы абаттандыру жұмыстары осындай нақты істер арқылы көрініс табады. Ең бастысы, бұл нысан мектеп маңында орналасқандықтан, оқушылардың да күнделікті тынығуына, елдік рухты сезінуіне ықпал етеді, – деді қала әкімі.

Жаңа сквердің тағы бір ерекшелігі – оның тарихи-рухани мазмұнымен сабақтас болуы мүмкін. Қоғамдық ұсыныс қолдау тапса, Құнанбай қажы мешітінің жанындағы Бала Абай мен Құнанбай ескерткішін осы сквер аумағына көшіру қарастырылмақ. Бұл ойдың астарында да өзіндік мән бар. Себебі, жаңа демалыс орнына қарама-қарсы бетте Абай мен Құнанбай аялдаған тарихи үй орналасқан.

Қала әкімінің айтуынша, бұл мәселе әлі толық пісіп-жетілген жоқ. Ескерткішті көшіру тек қоғамдық пікір ескеріліп, тұрғындардың қолдауымен ғана жүзеге асуы мүмкін.

– Қарқаралы – тарихы терең, рухани салмағы бөлек мекен. Сондықтан әрбір абаттандыру жұмысы қаланың тарихи келбетімен үйлесуі керек. Егер тұрғындар тарапынан қолдау болса, бұл скверге Бала Абай мен Құнанбай ескерткішін орналастыру арқылы тарихи сабақтастықты күшейтуге болады. Әсіресе, туристер үшін де тартымды нысанға айналары сөзсіз, – деді Аслан Рахымбергенов.

Алдағы уақытта бастама толық жүзеге асса, жаңа демалыс орнына «Ақындар аллеясы» деген атау беру де ұсынылуы мүмкін. Бұл атау Қарқаралының әдеби-рухани болмысымен де үндеседі. Өйткені қасиетті өңір қазақ руханиятының талай тұлғасына табан тіреткен, Абай мен Құнанбай ізі қалған тарихи мекен ретінде ел жадында сақталған.

Жаңа сквер тек абаттандыру нысаны ғана емес, қала кеңістігіне көрік беретін, жас ұрпаққа тағылым ұсынатын рухани орынға айналуы ықтимал. Әсіресе, мектеп маңында орналасуы оқушылардың туған жер тарихына құрметін арттырып, отансүйгіштік сезімін қалыптастыруға сеп болмақ.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
Нұрасыл АМАНЖОЛ

Қарқаралы ауданы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button