Қыс қыр астында: жемшөбіңіз дайын ба?

Ауылдағы шаруа қылышын сүйретіп келетін қыстан қысылып қалмаудың қамын жаздан ойлайды. Жер аяғы кеңігеннен тыным таппай техникасын сайлап, басын көтерген «әр көденің» амандығы үшін сыйынып, ауылдағы ер-азаматтың бәрі шөпке – мал азығын дайындауға аттанады. Олай етпеске шарасы да жоқ. Ірі шаруа қожалықтарын айтпағанда, әлі күнге дейін күнкөрістің жалғыз көзі – малға қарап отырған шалғай ауылдағылар қысқы отыннан бөлек жемшөбін сайлап алмаса, қыс қысып бергенде, шаруасы да шатқаяқтайды…

«ШӨП БИЗНЕСІ»

 Өндірісі мен өнеркәсібі жоқ, мектеп пен ауыл әкімдігінен өзге жұмыс орнын шаңқай түсте шаммен іздесең де табылмайтын облыстағы шалғай ауылдарда отын-суы мен ішер тамағын қолындағы азын-аулақ малымен айырып, бала-шағасын асырап отырғандар қаншама?! Жылда төлдесе де көбеймейтін, көбейе қалған күннің өзінде жұмсалатын жері дайын тұратын «бетіне қараған бес сиыр» талайдың қажетін ашады. Оның үстіне, қыстың қытымырлығы да малдың басын көбейте қоюға мұрша бере ме?!

Малы күйлі болсын дегендердің де, шауып алған, өздерінен артылған шөптерінен пайда тапқысы келгендердің «бизнесі» де осы кезде басталады. Ресми түрде байқалмайтын сауданың бұл түрі бір қар жауғанға дейін тоқтамайды. Даладағы тегін шөпті орып алсаң, көп-көрім ақша. Шөп саудасының қызатыны да осы кез, әрі әр аудандағы бағасы да әр түрлі. Мәселен, Қарқаралы ауданында трактордың 2 тонна көлемінде шөп сыятын тіркемесіне толтыра тиелген шөп – 30-35 мың теңге. Жаңаарқа мен Ақтоғайда да осы баға. Әкімдіктің ресми дерегі бойынша тоннасы 15-20 мың теңгеден дейді. Ал, Нұра ауданының Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марлен Оспановтың айтуынша, трактордың тіркемесіне толтыра тиелген шөп 25-30 мың теңгеден екен. Ең қымбат шөп Осакаров ауданында тәрізді. Бір тоннасы 22 мың тұратынын айтады тұрғындар. Қалай десек те, сұраныс бар, ұсыныс та жоқ емес. Биылғы шабындық жерлердің өртенуі де көңілді алаңдатқаны рас. Бірақ, оған орын жоқ тәрізді. Мысалы, талай шабындығын өрт шалған Қарқаралы ауданы бардың өзіне қанағат етіп, қалған жердің өзіндегі шөп аудан малын қыстан шығаруға жеткілікті десе, жаңаарқалықтар ерте қамданғандықтан, өрт шыққанға дейін аудан шаруашылықтары мал азығын қамдап алғанын айтады.

Шөп бизнесі демекші, талайдың уақытша жұмыспен қамтылатын кезі де осы тұс. Шабындығы мен техникасы жоқтар шаруа қожалықтарына жалданып, жұмыс ақысына шөп алады. Шөбі шабылған қожалықтар да, қысқы шөбін қамдап алған ауыл тұрғындарының да есебі – түгел.

БАҒА НЕГЕ ТҰРАҚСЫЗ?

 Әлбетте, ірі қара болсын, ұсақ мал болсын, қыста қолға қараған соң, негізгі азығы – шөп. Шабындықтан шөп шабу өзге азық түрлерін дайындаудан арзанға түседі. Бірақ, дайындауы арзан болғанымен, жыл сайын құны көкке шарықтаған шөппен ауылда бірлі-жарым мал асырау қиынға айналып бара жатқандай. Мәселен, жоғарыда көрсеткен бағадан, әр аудандарда шөп бағасы биыл кем дегенде 10 мың теңгеге артқан. Әлбетте, мұндай бағаның пайда болуына бірнеше факторлардың әсері бар. Олардың қатарында дизельді отын бағасының көтерілуі, шөп шабуға қажетті техниканың қосалқы бөлшектерінің қымбаттауы, сондай-ақ шабындық жерлердің өртенуі мен құрғақшылық салдарынан шөптің шықпай қалуы да бар.

Салыстырмалы түрде қарасақ, 2018 жылы шөп шабудағы негізгі техника – тракторға пайдаланылатын дизельді отынның еліміздегі орташа құны – 181,6 теңге болған екен. Ал, биыл, 2019 жылы – 192,5 теңге. Демек, он теңгеге көтерілген солярка құны шөп бағасына айтарлықтай әсер ете қоймасы даусыз. Ауыл тұрғындарының өздері былтыр шөпті биылғы бағадан әжептәуір арзанға алғандарын жасырмайды. Он теңгеге қымбаттаған жанар-жағармай үшін шөптің құнын он есеге дейін шарықтатуға не себеп болғаны да белгісіз. Биыл ауа-райының қолайлылығы да шөпті мезгілінен кешіктірмей жинап алуға мүмкіндік берді. Оның үстіне, әр ауданның ауыл шаруашылығы бөлімдері де шөптің жеткілікті екенін айтып отыр. Олай болса, үлкен шаруа қожалықтары ғана емес, жекелеген адамдарға да мал басын көбейтуге мүмкіндік беру үшін шөп бағасын бірқалыпты ұстап тұратын бір жүйе керек тәрізді.

ТЕХНИКА САЙ БОЛСА – КӨҢІЛ ДЕ ЖАЙ

Қолындағы жалғыз сиырына шөпті қол шалғымен шауып, қолмен жинап, ат арбамен жеткізетін кезден кеткелі қай заман. Оның үстіне, ауылдағы ағайынның жағдайы жаман деп айтуға да келмес. Тонналап шөп алатын малының болғаны – соның көрінісі. Ал, тонналап шөп шабуға керегі – техника. Мемлекет бөлетін субсидиямен техникасын жаңалаған шаруа қожалықтарын айтпағанда, қолдағы бар ескі көлігін жамап-жасқап, жоқтан бар жасап, қажет шөбін өздері шауып алатындары да бар. Техника болған соң, сынбай тұрмайды. «Бір шалғының өзін облыс орталығынан кем дегенде 8 мың теңгеге сатып аламыз» – дейді, ауыл тұрғыны Сәкен Байғозин. Одан бөлек, трактордың тағы бір сайманы – сыртқы қорабы тағы бар. Оның құны да осал емес – 20 мың теңгеден. Жанар-жағармайсыз көлік орнынан қозғалсын ба?! Облыс бойынша орташа бағасы 195 теңге болатын солярканы бөшкелеп, аудан орталықтарынан жеңіл көлікпен таситындарын да жасырмайды. Ал, көп жағдайда қолда ақша болмағандықтан, жанар-жағармай бекеттерінен емес, көтерме бағамен көлденең көк аттылардан малға айырбастайды екен. Кез келгеніне емес әрине, ірі қара малдың ұрғашысына ғана.

Айтпақшы, трактордың құлағында ойнайтын жастарды да кездестіре қою неғайбыл. Шетел көлігін жүргізгенде алдына жан салмайтын жастарымыз тракторға келгенде шорқақтау екенін де айтады ауыл тұрғындары.

ОБЛЫС МЕЖЕСІ ОРЫНДАЛДЫ

Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше – биылғы жылға жоспарланған мал азығы толығымен дайын. Аудандар бойынша 1 млн. 995 мың тонна, ал қалалар бойынша 5 мың тонна шөп дайындалса, 12 мың тонна сенаж тағы бар. Мал азығын ең көп дайындағандар ішінен қара үзгені Шет ауданы болса (364 мың тонна), одан кейін Қарқаралы мен Жаңаарқа (250 мың тоннадан), Ақтоғай, Нұра, Бұқар жырау аудандары. Мал санына байланысты – Абай ауданы да жоспарлаған 70 мың тонна шөпті дайындап үлгерген.

Ауа-райы не дейді? Ауа-райын болжайтын ресми орындардың болжамдарына сүйенсек, биылғы қыс кәріне қатты мінбейтін тәрізді. Желтоқсан айында орташа температура – күндіз минус 11 градусты, түнде ара-тұра минус 25 градусты көрсетсе, ең суық кез қаңтар айында деп күтілуде. Қардың қалыңдығы да 16-17 мм шамасында болатын тәрізді. Қатты аяздар ақпан айының басына келгенімен, оның өзі ұзаққа созыла қоймайды-мыс.

Әрине, бұл нақты ақпарат емес, болжам ғана. Қалай болғанда да, қордың болғаны жақсы. Қысқа сеніп, қапысыз қалуға болмасы анық. Ресми деректер де облыс аудандары қысқа қалтқысыз дайын деп сендіруде. Дегенмен, қысқа да, ауа-райы болжамына да емес, өзіңе ғана сенгеннен дұрысы жоқ. Жемшөп сай болса – малдың да қыстан күйлі шығары анық.

ТҮЙІН

Қысқы мал азығын қамдау – ойлап қарағанға оңай емес. Мемлекет тарапынан өзге шаруаға көмек көрсетілгенімен, шөп шабу науқаны тысқары қалған сала. Жаздың ыстығына қалдырмай, қурап кетпей шауып, оны жауын-шашынға қалдырмай тасып алу қыруар еңбекті қажет етеді. Дегенмен, бүкіл бір ауылды маусымдық болса да, жұмыспен қамтып, қажеттерін ашатын кәсіптің осы түріне жіті көңіл бөлінгені де дұрыс-ау…