Жаңалықтар

Қылқалам шеберлері-Қарсақбайда

М.Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі академик Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің қолдауымен қазақ мысының қарашаңырағы атанған Қарсақбай кентінде «Қарсақбай… Уақыт пен бояу үндестігі» тақырыбында ҰлытауЖезқазған аймағы суретшілерінің пленэрін өткізді. Қылқалам шеберлерінің тарихи өндіріс ошағы орналасқан өңірге «жорығы» алғашқы мыс балқымасының алынуының 90 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Ізгі ниетті шара нәтижесінде тарихи өндіріс ошағы орналасқан елді мекеннің сыртқы келбеті мен оның төңірегіне, ғасырлық шежіре сырлары бар өндіріс нысандарына қылқалам шеберлері туындылары арқылы мейлінше тартымды рең берілді.

Осы орайда, суретшілер әдеттегідей мольберттің алдында ғана отырмағанын айта кеткен жөн. Пленэрдің басты ерекшелігі де осы болды. Олар жергілікті еңбек ардагерлерімен кездесіп, тарихи нысандарды бірге аралады. Қысқасы, Қарсақбай және қарсақбайлықтар тарихын байырғы тұрғындардың көзімен танып, білу мүмкіндігін иеленді. Әсіресе, Қарсақбай қажының Мұхаметжан ата бастаған тікелей ұрпақтарымен жүздесу, өлкетанушы Тоңболат Мұқанұлы шерткен ауыл әңгімелері, академик Қ.Сәтбаевтың музей-үйінде өткен жылышырайлы сұхбат суретшілердің шығармашылық шабытын ширата түсті.

Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің игі бастамасына Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің ректоры Әбділмәлік Тәкішев пәрменді қолдау көрсетті. Аталған жоғары оқу орнының бейнелеу өнері, технология секторының меңгерушісі, Еуразиялық Дизайнерлер одағының мүшесі, педагогика ғылымдарының кандидаты Төлеутай Қазанғап пен Қазақстан және Еуразиялық дизайнерлер одақтарының мүшесі, Мәдениет қайраткері, доцент, белгілі суретші Қайрат Мұқаметжан пленэрдің талап деңгейінде өтуіне атсалысты. Шығармашыл топ құрамында сонымен қатар, Жезді музейінің суретшісі Мұхит Уатаев, жезділік қылқаламшы, портрет жанрының шебері Серік Жайлыбаев және университет түлегі, бейнелеу өнері пәнінің оқытушысы Азамат Жайлыбаев болды.

– Өндірістік пейзаж жазу үрдісі бейнелеу өнерінде, әсіресе, ХХ ғасырдағы индустриялық өрлеу кезеңінде ерекше танымал жанр болды. Қазақстан аумағындағы индустрия алыптарының бедерлі бейнесі мен тыныс-тіршілігі танымал суретшілердің туындылары арқылы тарихта қалды. Олардың картиналары бүгінде музейлер мен галереялардың алтын қорында сақтаулы. Қазақ мысының тұңғыш өндіріс ошағындағы нысандар да қылқалам шеберлерінің тартымды туындыларының арқауы болуға, көрмелердің ажарын енгізуге барынша лайықты, – дейді М.Төрегелдин атындағы музейдің әдіскері Зибагүл Нұрмағанбетова.

Өңір суретшілері қауымының Қарсақбайға жасаған шығармашылық «жорығы» барысында өмірге келген туындылардың алғашқы таныстырылымы ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығы, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті және «Ұлытау алтын мұрасы» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Ұлт киесі – Ұлытау» республикалық форумы аясында өткізілді.

ҰЛЫТАУ ауданы.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button