Қарағанды

Құқық. Құндылық

    Еліміздегі аса маңызды демократиялық процесс – ұлттық гендерлік саясат. 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын қабылдау және іске асыру, тек, әйелдердің ғана емес, сонымен қатар, ерлердің де құқықтары мен мүмкіндіктеріне неғұрлым тең қарауға мүмкіндік берді.

2009 жылы алғаш рет гендерлік саясатқа бағытталған заңнама – «Тұрмыс қажеттілігіне күштеуді жою», «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктеріне байланысты мемлекеттік кепілдеме» заңдары қабылданды. Басқару саласында әйелдер айтарлықтай көп. Мысалы, барлық мемлекеттік қызметшілер арасында әйелдердің саны – 55,2 пайыз. Ал, жетекші қызметтегі әйелдердің жөні бөлек. Олардың саны әлемдік талаптармен (30 пайыз) салыстырғанда бір шама төмен екені рас. Парламент депутаттарының саны 27,1 пайызға дейін ұлғайды. Барлық деңгейдегі мәслихаттарда орта есеппен 22,2 пайыз депутат әйел бар.

Бүгінде арулар араласпаған сала кемде-кем. Кезінде нәзік жандарға «қол емес» саналған ішкі істер органдарында жыл сайын қыз-келіншектердің қатары артып келеді. Мәселен, бүгінде ІІМ-нің орталық аппаратында әйелдердің үлес салмағы 30 пайызға жетсе, ал жалпы министрлік бойынша қызметкерлердің 10,4 пайызын әйелдер құрайды екен. Қазір адамды жынысына қарап емес, қабілетіне қарай бағалайтын заман. Сондықтан, қазақ әйелдеріне деген құрмет, тек, отбасы, ошаққасы төңірегінде ұйысқан десек, қателік болар еді. Қазірдің өзінде әйелдер саясатқа, билікке ұмтылып жатыр. Бірақ, мысалы, Парламент депутаттарының 27,1 пайызы ғана нәзік жандар, мәслихаттардағы саны одан да аз. Қайта, денсаулық сақтау және білім беру саласында, шағын және орта бизнесте әйелдер жүр. Гендерлік тең құқық болуы үшін билік басында қоғамға үн қататын, өжет, қайсар ханымдардың болғаны маңызды. Әйелдер ақыл-парасаты жағынан да, білімі, кәсіби шеберлігі мен қабілеті жағынан да ер адамдардан еш қалыспайды. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Қыз-келіншектердің интеллектуалдық потенциалын билікте де пайдалану керек.

Ал, гендерлiк саясат – қоғамдық өмiрдiң барлық салаларында ерлер мен әйелдердiң теңдiгiне қол жеткiзуге бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық қызмет. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік жылдары гендерлік саясатты дамытуда үлкен жұмыстар атқарды. 1998 жылы Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Отбасы және әйелдер iстерi жөнiндегi ұлттық комиссия құрылды. Осы комиссияның ұйытқы болуымен 2011 жылдың 5 наурызында Қазақстан әйелдерінің тұңғыш съезі өтті. Съезде сөз сөйлеген Президенті Н.Назарбаев ер мен елге қиын болған кезеңде әйел-аналар отбасы мен қоғам жүгін қайыспай қатар көтере білгендігін атап өтті. Сондай-ақ, Елбасы әйелдердің өмірлік маңызды салаларда жұмыс істейтіндіктеріне назар аударды. Статистикаға жүгінсек, бүгінгі таңда барлық педагогтардың 73%-ы, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің 87%-ы әйелдер болып табылады. Барлық бюджеттік сала қызметкерлерінің 60%-ы әйелдердің үлесінде. Мемлекеттік басқарудың барлық жүйесі көп жағдайда олардың кәсібилігінің арқасында жұмыс істеп тұр.

ҚР 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясында мемлекеттік басқару органдар арасындағы әйелдер өкілеттілігін 30%-ға дейін көтеру міндеті қойылған. 2010 жылы ол көрсеткіш 10 пайыз көлемінде ғана болған. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы әйелдердің мемлекеттік басқарудың шешім қабылдау деңгейіндегі үлесінің өте аз екендігін тілге тиек етті. Ұлттық комиссиямен және «Нұр Отан» партиясымен бірлесе отырып, әйелдерді шешімдер қабылдау деңгейіне дейін жылжыту жөнінен нақты жоспарлар жасауды тапсырды.

Шешілмей жатқан тағы бір мәселе – шетелде білім алып келген, жұмыс істеп ширыққан қыздар бізге оралғанда келешегі жоғын көреді. Білім-білігі бола тұрып, министрлікке, депутат пен өңірлік басшылыққа қол жеткізуге қолбайлау көп болғандықтан, кері қайтуға тура келеді.

Гендерлік стратегияны іске асырудың аяқталуына байланысты мемлекеттік гендерлік саясаттың жаңа кезеңін орнықты дамудың халықаралық трендтерімен, ұлттық стратегиялық басымдықтармен және әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаттарымен байланыстырудың қолайлы мүмкіндіктері туып отыр.

Осыған орай, Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілді.

Самат МЫРЗАХМЕТОВ,

Қарағанды облысының

мамандандырылған ауданаралық

экономикалық сотының

судьясы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button