Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «12 сәуір – Қазақстандағы ғылым қызметкерлерінің күні» қарсаңында ғалымдарды марапаттау рәсімінде «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғам өмірінің барлық саласында қатаң сақталуға тиіс екенін ерекше атап өткен болатын. Өз сөзінде: «Қазақстанда жыл сайын көлік апатының кесірінен, соның ішінде, көп жағдайда жол қозғалысы ережесін өрескел бұзудың салдарынан мыңдаған адам көз жұмады. Бұған жол беруге болмайды. Бұрын елімізде көлік апатының көптігіне жолдың нашарлығын желеу қылатын. Соңғы бірнеше жылда барлық өңірдегі жол инфрақұрылымын ауқымды түрде жаңғыртуды қолға алдық. Бірақ қайғылы оқиға азаймай тұр. Демек, бұл жағдайға Үкімет пен қоғам жіті назар аударуы керек» деген еді. Осы ұстаным аясында Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының прокуратурасы жол қауіпсіздігін арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Үлгілі жүргізуші» атты профилактикалық іс-шараны қолға алды.

Аталған іс-шара жол-көлік оқиғаларының алдын алу, халық арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілік деңгейін арттыруға бағытталған. Осы мақсатта жауапты мамандардан құралған жұмыс тобы әуелі Қарағанды технология және сервис колледжіне барып, студенттермен кездесті. Кездесу барысында жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау, жолдағы тәртіп пен өзара сыйластықтың маңызы жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, мамандар жаяу жүргіншілердің, жолаушылардың және өзге де жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі үшін әрбір азамат жауапты екенін атап өтті. Мамандар студенттерге жолдағы қарапайым сақтық шараларының өзі қайғылы жағдайлардың алдын алуда шешуші рөл атқаратынын нақты мысалдар арқылы жеткізді.
– Жол қозғалысы ережелерін сақтау – адам өміріне деген құрмет пен саналы мәдениеттің көрінісі. Мейлі ол жаяу жүргінші, жолаушы немесе жүргізуші болсын, ол өзі үшін ғана емес, айналасындағылардың да қауіпсіздігі үшін жауапты екенін білу қажет. Жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі күрделі техникалық ақаудан емес, адамның салғырттығынан, асығыстан, ережені елемеуінен туындайды. Бір сәттік бейқамдықтың өзі орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Сондықтан, жол үстіндегі әрбір қадам мен әрбір шешім жауапкершілікпен қабылдануы қажет. Әсіресе, жастардың құқықтық мәдениеті мен тәртіпке деген көзқарасы қоғамдағы жалпы жол қауіпсіздігі деңгейіне тікелей ықпал етеді. Бүгінгі студенттер ертеңгі күні түрлі салада еңбек ететін, қоғамның белсенді мүшелері. Сол себепті, бүгінгі түсіндіру жұмыстары жауапкершілік, тәртіп пен сақтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Жолдағы қауіпсіздік – әр адамның жеке таңдауы мен ішкі мәдениетіне байланысты. Өз өміріңді де, өзгенің өмірін де қадірлеу – нағыз азаматтық ұстаным, – деді Қазыбек би аудандық прокуратурасының прокуроры Гүлсара Керімжанова.

Сонымен қатар, арнайы жұмыс тобы «Қарағанды-Астана» тасжолының Теміртау қаласы бағытындағы шығаберісінде түсіндіру жұмыстарын жалғастырды. Жол бойында көлік жүргізушілерін тоқтатып, оларға жол қауіпсіздігі талаптарын кеңінен түсіндірді. Атап айтқанда, апатты жағдайлардың алдын алу, жылдамдық режимін қатаң сақтау, қауіпсіздік белдігін тағу және адам өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін құқық бұзушылықтарға жол бермеу мәселелеріне ерекше тоқталды.
– Жүргізушілер тарапынан жиі еленбей қалатын, сырт көзге ұсақ көрінетін құқық бұзушылықтардың өзі кей жағдайда ауыр салдарға әкелетін жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі болып отыр. Мәселен, жылдамдықты шамадан тыс асыру, бағдаршам сигналын елемеу, қауіпсіздік белдігін тақпау немесе көлік жүргізу кезінде ұялы телефонға алаңдау сияқты әрекеттер бір сәттік немқұрайлылықтан туындағанымен, олардың соңы орны толмас қайғыға соқтыруы мүмкін. Акция барысында біз жолда келе жатқан көліктерді тоқтатып, жүргізушілермен жеке түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Әрбіріне жолдағы тәртіптің маңызы, жауапкершілік сезімі және қарапайым ережелерді сақтаудың адам өмірін сақтап қалудағы рөлі жан-жақты түсіндірілді. Мұндай профилактикалық шаралардың басты мақсаты – айыппұл салу емес, керісінше, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, – деді Гүлсара Серікқызы.

Арнайы жасақталған топтың құрамында қоғам белсендісі Абзал Боран да болды. Осы орайда жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталып, өз пікірін білдірді.

– Жолдағы қауіпсіздік – әрқайсымыздың саналы таңдауымызға тікелей байланысты. Әрбір жүргізуші рөлге отырған сәтте тек өз өміріне емес, жолаушылардың, жаяу жүргіншілердің және өзге де жол қозғалысына қатысушылардың амандығына да жауапты екенін ұмытпауы керек. Сол себепті, мұқияттылық, тәртіп және жол мәдениетін сақтау – кез келген сапардың басты қағидасына айналуы тиіс. Жылдамдықты шектен тыс асырмау, қауіпсіздік белдігін тағу, көлік жүргізу кезінде алаңдамау адам өмірін сақтап қалатын маңызды сақтық шаралары. Барша азаматты жол ережелерін қатаң сақтауға, жауапкершілікті терең сезінуге және өзгенің өміріне бейжай қарамауға шақырамын. Себебі, әрбір дұрыс қабылданған шешім бір өмірді сақтап қалуы мүмкін, – деді ол.
Жолдағы тәртіп пен жауапкершілік әрбір азаматтың саналы таңдауынан басталады. «Үлгілі жүргізуші» профилактикалық іс-шарасы соның айқын көрінісі іспетті. Ең бастысы, әр сапардың түйіні аман-есен үйге оралу екенін ұмытпауымыз қажет.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



