Волонтерлер іске кірісті
Коронавирус инфекциясы елімізді ғана емес, бүкіл әлемді дүрліктіріп отыр. Бүгінде Қарағанды, Шахтинск, Абай, Теміртау және Саран қалаларының аумағында карантин жарияланды. Бұл шектеулер аталған қала тұрғындары үшін қолайсыздықтар туғызуы мүмкін. Сондықтан, сарандық волонтерлер қала тұрғындарына көмек көрсету шараларын қолға алды.
Акцияға қала әкімдігі, Саран қаласының жастар ресурстық орталығы ұйытқы болды. А.Полковникова, Е.Хисметов, Ю.Авзалова есімді белсенділер мен М.Сафронова, И.Магомадов атты спорт шылардың бастамасымен волонтерлер Саран қаласында және Ақтас кентінде азық-түлік жиынтығы, бетперделер, антисептик құралдарын қарияларға, көп балалы отбасыларға таратты. Қайырымдылық акциясына «ГросФарм» ЖШС, бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Н.Жарылғапов демеушілік танытты.
– Осындай қиын уақытта баршамыздың бірігуіміз және мұқтаж жандарға көмек беруіміз қажет. Барлығы өз қолымызда. Кентіміздің, қаламыздың әр тұрғынына волонтерлер сапына қосылуына әбден болады. Әркім өзінің азаматтық ұстанымы мен патриотизмін танытуы керек. Көмекке зәру жандар кез келген уақытта табылады. Бүгін біз 11 отбасыға бардық. Оларға азық-түлік жиынтығы, вирустан қорғану құралдарын табыс еттік. Демеушілерімізге алғысымды білдіргім келеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды еріктілер жылы ретінде жариялап, бізге үлкен сенім артты. Біз жүктелген міндетті абыроймен атқарып, қайырымдылық шараларына мұрындық болуға тырысамыз, – деп атап өтті «Доброволец» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Полковникова.
Сондай-ақ, волонтерлер дерттің алдын алу туралы парақшаларды шаһар тұрғындарына таратты.
Евгения МОСКВИНА.
САРАН қаласы.