Руханият

Өткенін іздеп келді

Қарағандыда «Алтын Ғасыр» галереясы аясында канадалық суретші Кэндис Фризенмен кездесу өтті. Шетелдік қонақ кеншілер аймағына бейнелеу өнері саласындағы мұраны, қуғын-сүргінге ұшыраған суретшілердің шығармашылығын зерттеу үшін келген. Ол дәріс өткізіп, қонақтарымен еркін әңгімелесті. Сапардың тағы бір себебі, оның Қарағандыда тұратын туыстары арасында қуғын-сүргінге ұшыраған қылқалам шеберлері бар.

Кэндис Фризенмен кездесу қарағандылық заманауи өнер кураторы Лариса Карчевскаяның «Қазіргі заманғы өнер мұражайы» жобасы аясында өтті. Жоба қалада заманауи өнер мұражайының жоқтығынан пайда болды. Кэндиспен кездесу – жоба міндеттерінің бір бөлігі.

Кэндис Фризен – есте сақтау қабілеті ерекше жан. Өзін дамыта отырып, әртүрлі этникалық және әлеуметтік топтардың мәдени мұрасын сақтау жолдарын зерттейді. Бұл пәнаралық тәсіл оған тақырыптарды бейне, мүсін, жазу және дыбыс сияқты бірнеше көркемдік құралдармен зерттеуге мүмкіндік береді. Оның жұмысы көптеген өнер институттарында ұсынылған. Соңғы жобалардың ішінде Берлиндегі im Turm галереясы, Калифорниядағы CAFKA қоғамдық кеңістігіндегі заманауи өнер биенналесі және Чикагодағы сәулет биенналесі бар. Сонымен қатар, ол АҚШ-тың Солтүстік-Батыс университетінде өнер теориясы мен практикасы бойынша магистр дәрежесіне ие.

Қарлаг туралы естеліктер Кэндис Фризенді ерекше қызықтырады. Өйткені, ол өзінің жеке тарихымен байланысты. Түбі Украинада болса да, ол өзі Канадада дүниеге келген. Туыстарының бір бөлігі Қарағандыға жер аударылады. Яғни, ол мұнда өткенін іздеп келді…

Суретшінің Қазақстанға алғашқы келуі және ол Арқа күзінің Канададағы күзге ұқсайтынын айтады. Галереядағы кездесуге дейін ол облыстық бейнелеу өнері мұражайындағы мұраны зерттеп үлгерген. Кейін Долинкадағы Қарлаг мұражайына барды. Әрине, ол өзінің немере ағалары жайлы деректі табуға үмітті.

– Менің көптеген туыстарым Батыс Германияда тұрады. Олар 1990 жылдары көшті. Менің Қарағандыға сапарым туралы біліп, олар қуанып жатыр. Қарағандыда мен Дана Сафарованың және бейнелеу өнері мұражайының қызметкерлерінің қуғын-сүргінге ұшыраған суретшілер туралы материалдарымен таныстым. 1930 жылдары қиын кезде осындай мұра қалдырған шеберлердің рухының күшіне таңғалдым. Қанмен сурет салғандар да болған екен. Мені Қарағандыға өз әулетімнің өткен тарихы жетелеп алып келді, – деді Кэндис Фризен.

Ол қаланың сәулетін ерекше атап өтті. Бірнеше қарама-қарсы стильдер араласып, тарихын бейнелейтінін айтты.

– Галереядағы кездесуде ең алдымен, Қарағанды суретшілерімен тәжірибе және пікір алмасқым келді. Мен үшін бұл сапар жаңа әлемді ашқандай болды. Қарағандыдан кейін зерттеуді жалғастыру үшін Берлинге ораламын. Қазір ғылыми мақала жазбаймын, бірақ бұл сапарым көлемді жолжазбаға айналуы мүмкін. Сонымен қатар, 2025 жылы жеке көрмемді ұсынғым келеді. Айтпақшы, оны Қарағандыда да таныстырамын деп үміттенемін, – деп алдағы жоспарларымен бөлісті суретші.

Галереяға көптеген қарағандылық суретші жиналды. Атап айтсақ, Владимир Проценко, Любовь Гуменюк, Евгения Казакова, өнертанушы Лариса Золотарева және басқалары болды.

Жас қонақтар да бұл маңызды тақырыпқа қызығушылық танытты. Кэндистің сөзінен кейін кездесуге қатысушылар осындай жиынның маңыздылығын талқылады. Лариса Карчевскаяның өзі кездесуді тарихи оқиғаға теңеді.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button