Рухани жаңғыру

ӨТКЕНГЕ – баға, болашаққа – болжам

Адамзат баласының ғұмыр кешуінде тарихи-философиялық Уақыт пен Кеңістік ұғымынан тыс тұратын ештеңе жоқ. Жиырма-отыз жыл түгілі, тұтас ғасырдың өзі адамға ұзақ болып көрінгенмен, тарих үшін бір ғана сәт, бір ғана мезет. Қазақстан тәуелсіздікке ие болғанына 30 жыл толуын биыл атап өтеді. Көп уақыт емес. Адам үшін де, тарих үшін де. Ал, алапат оқиғалар, шекараны шегендеп, іргені бекемдеу, әлемдегі дамыған өркениетті елдер қауымдастығына қосылуға әрекеттену, экономиканы дамытудың заманауи жаңа тетіктерін игеру, сана жетілуі, рухани, саяси саладағы өзгеріске қол жеткізу, тағы да басқа бүгінгі күн биігінен өткенге құрғақ түрде шолу жасау емес, нақты ғылыми-сараптамалық негізде Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты еңбегінде шынайы көрініс тапқанын баса айтқан орынды. Мақалада өткенге – баға, болашақтағы болжам, міндетке ұласып, кешендік сипат тапқан.

Бірден басын ашып айтайық, КСРО сияқты алып империя ыдырады, құдіреті күшті партия тарады, одақтас республикалар бөлініп, өз тәуелсіздігін жариялады, «біз қазір егемен елміз, ендеше, неге өйтпейміз, неге бүйтпейміз?» деу бүгінде кейбіреу үшін оңай, ал сол дербестік қалай келді, жері үлкен, халқы бәлендей көп емес, табиғи, пайдалы ресурстары мол елдің экономикалық даму тетігі енді қалай болмақ, әлемдегі геосаяси жағдай нені талап етіп отыр, интеграция, үйлесімді тұрғыда дамуға мүдделілік танытып отырғандар аз ба, көп пе? Үміт пен күдік, болашақ ұрпақ алдағы уақытта не демек? Шүбә мен сенім, сан қырлы саяси ұстанымдар, парасат пен қитұрқылыққа негізделген көзқарастар, міне өзге республикалардан гөрі, тәуелсіздік аясында өз жолын таңдаған Қазақстанға алғашқы кезеңнің қаншалықты ауыр болғанын мақала авторы шынайы түрде көрсете алған.

Бір жайт анық: ғасырлар тоғысында, сондай-ақ тұтас бір халықтың тағдыр-талайы сынға түскен сәтте тарих атты құдіретті күштің саяси сахнаға танымал тұлғаларды шығаратындығы. Егер Президент мақаласындағы жүріп өткен жолымызды үш онжылдыққа бөліп қарастыру принципіне ден қойсақ, сол тағдыркешті ауыр да күрделі кезеңдегі алапат іс-әрекеттің, іс-қимылдың, саяси сұңғылалықтың бастау кезінде тұрған жан ретінде Елбасы Н.Назарбаевты атайтынымыз анық. Бірінші онжылдықтың еншісіне тәуелсіздіктің берік іргетасын қалау, билік жүйесін айқындау, ұлттық валютаны енгізу, Конституция қабылдау, әскер мәселесі, Халықаралық ұйымдарға мүше болу, «Қазақстан – 2030» стратегиясы, шекараны бекемдеу, ядролық қарудан бас тарту, елорданы көшіру, отандық бизнес, нарық институты қағидаларын санаға сіңіру, қандастар көшінің басын елге бұру, шетелдерде оқып, білім алуды жүзеге асыру, ұлттық қорды құру, тағы басқалары тиген екен.

Енді бір сәт тарихи тұрғыдан ғана емес, саяси, экономикалық, ғылыми, философиялық тұрғыдан үңіліп, бажайласақ, қолымызды жүрек тұсымызға қойып, ақиқатын айтайықшы, «небары он шақты жыл мерзім ішінде осындай салмағы да басым, күрмеуі де күрделі істерді жүзеге асыра алған мемлекет әлемде бар ма екен?» деген сауалға жауап іздейтінің анық қой?! Дәл осынау ірі міндеттер бұрынғы республикалар басында да тәуелсіздігін жарияласымен болғаны анық, алайда олардың бірде-бірі Қазақстан кешкен жайтпен, асқан қиындықпен бетпе-бет келмегені ақиқит. Тек географиялық, саяси, экономикалық, жердің асты-үстіндегі байлыққа көз тігу, кеше ұлан-байтақ жерге ие болып, табиғи ресурстарымен алдыңғы қатарда тұрса да, барша әлеуеті еленбей, шикізат базасына айналған, әлеуметтік, рухани салада сана серпілісіне орасан зор бұғау салынған елге сол тоқсаныншы жылдары қалыптасқан түрлі көзқарастар да бірдей емес-тін.

Шындықтан қашып құтыла алмайсың, бүгін алдай алғаныңмен, ертең-ақ жалған сөзің жарияға тап болады. Автор әділ атап өткен, тәуелсіздіктің мәңгілік символы – Елбасы десек, мемлекет басшысы бар жігер, талант, іскерлік, сұңғылалығы арқасында біртұтас Еуразия кеңістігіндегі ынтымақтастық, көп векторлы сыртқы саясат, ұлтаралық татулық, рухани келісім мәселелеріне ерекше мән берді. Дәл сол тұста осындай мызғымас, әрі дәйектелген, әрі өжет ұстаным болмағанда, Еуразияның түйіскен жерінде орналасқан, байлығы мол Қазақстанды мүсіркеп, бірлесіп, бір-бірімізбен ынтымақтасайықшы дей қоятын елдер аздау болатын. Демек, қос құрлықтың тығыз байланысын бастама етіп көтеру әлемдегі елдер алдына тың бастамалармен шығуына алғышарттар жасап еді дегеніміз абзал. Осындай тегеурінді әрі саяси нақты іс-әрекеттер болмағанда қандай қарбалас, аласапыран жайтқа тап боларымызды ешкім де болжап айта алмас-ау…

Мақала авторы дұрыс пайымдағанындай, екінші онжылдық еншісіне ЕЫҰҚ-қа төрағалық (бұрынғы КСРО құрамындағы республикалар ішінде тұңғыш рет), «Қазақстан – 2050» Стратегиясының жасалуы, үдемелі – индустриялық даму жолдарын белгілеу, Аралды сақтап қалу, Батыс Еуропа – Батыс Қытай жобасы, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының басқосуы, еліміздің саяси бітімгершілік елге айналуы, мәдени мұра мәселесі, экономикалық саладағы реформалар бұйырды. Астын сызып айтайық, егер алғашқы он жылдықтағы тегеурінді әрі қайтпас қайсарлыққа негізделген жігерлі іс-әрекеттер, қалыптасқан нақты геосаяси кеңістікте ұтымды, сұңғыла тұжырымдама болмағанда, екінші, үшінші онжылдықта дамудың жаңа кезеңі, саяси тұрақтылықтың салтанат құруы неғайбыл еді. Бұл жайтты мойындаған абзал. Сол әрекет, болжампаздық үшінші он жылдықтағы игілікті істерге қолайлы алғышарттар жасады. Халық даналығы, ұлтымыздың, барша қазақстандықтардың парасаты мен сабыры, тағаттылығы мен төзімділігі алдыңғы шепке шығып, шешуші факторға айналмағанда, бүгінгі жетістіктерді сөз қылудың өзі ыңғайсыз болар еді.

Осы шағын еңбектің басында айтқанымыздай, өткеніне шолу жасау алдағы төртінші онжылдықтағы міндеттерді саралауға арналған. Кемел келешегің болуы үшін не істеу керек? Іргеңді бекемдеп, шекараңды шегендеген екенсің, алайда адам баласы ғұмыр кешіп жатқан ғаламшардың әр жерінде анда-санда бұрқ ете қалып жатқан келеңсіздіктерді қайда қоямыз?! Материалдық игіліктер мүддесі, ашкөздік, өктемдік, қантөгіс, дінді жамылып, лаңкестік әрекеттерге бару, былтырдан бері адамзат үшін жаңа қауіп төндіріп тұрған індет, экономиканың дағдарыс элементтерін бастан кешуі аса ірі қауіп-қатер, сынақ қана емес, әр адамның, әр елдің, тұтас адамзат қауымының алдағы кезеңде нені ерекше құндылық етіп ұстануы қажеттігін айқындап тұр деуіміз абзал. Салмақты жүк. Ірі міндет. Пайымды парасат, сұңғыла саясат, асқан іскерлік пен біліктілікті қажет ететін фактор.

Автордың пайымдауынша, ұлттық тамырыңан ажырамау сана улануына жаһандану, алапат өркениеттер сапырылысында тосқауыл қоя білу, өткеніңді біліп қана қоймай, тарих тағылымы мен ұлы тұлғалар, қасіретті сәттерден сабақ алу, төл руханият, өнерің мен ұлттық құндылықтарыңды қастерлеу болғанда, болмысына елжандылық, намыс, биік зияткерлік ұялағанда ғана, тілің мен дініңе, діліңе, ең алдымен, өзіңнің құрметің асқақтағанда ғана қуатты елдің азаматы атанасың, кемел халықтың перзенті деген атқа ие бола аласың. Бұл айтылғандар Абайдың «толық адам», Шәкәрімнің «ар тазалығы» тұжырымдамаларынан бастау алғаны бірден аңғарылады. Және ортақ проблемаларды міндет ретінде ортаға салып қана қоймай, нақты келешек уақыт аясында бүгіннен бастап, нені атқарған жөн деген сауалдарға мақала авторы толымды жауап берген, ол – ата-бабалар аманатын ұрпақтан ұрпаққа жеткізу; ол – қасиетті жеріміздің ешкімге еш уақытта сатылмайтындығы; тарихи жадың арзан, алайда тез улағыш қасиеті бар тобырлық, дүбәра мәдениетпен уланбауы керектігі; қазақ жерінде ғұмыр кешіп жатырсың ба, ендеше, оның тілін меңгер, ділін құрметте, дінін сыйла принципінің салтанат құруы.

Ол – қандастар көшін жандандыру; ұлттық өнеріңді өркендету, тарихи тақырыпты қамтыған кино-фильмдерді көбірек түсіру (кешегі уақыт аясындағы Жошы ұлысы, Алтын Орда, онан бұрынғы сақтар, ғұндар,түркі қағанаттары өзінен – өзі-ақ экранға сұранып тұр емес пе?), балалар әдебиетін өркендету, тамырын әлдеқашан тереңге жіберген Наурызды тойлаудың жаңа тұжырымдамасы, әділдікті, әр азаматтың әлеуметтік тұрғыда бай – қуатты болуын қамтамасыз ететін шынайы, заңға сүйенген азаматтық қоғамды дамыту, Жер-анаңды, табиғатты аялау, экономикалық реформаларды заманауи уақыт аясында жүргізу – бәрі де Президент еңбегінде көрініс тапқан. Жүріп өткен жолымыз қанша қиын болса да, осы мамыражай, тұрақты уақытымызға алғышарттар жасапты, алдағы алар асуларға тәжірибе жинақталған екен, ендеше, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні салиқалы еңбек кемел келешекке сенімді түрде аяқ басудың жолын нұсқапты, ал, ол жол адам – Қоғам – уақыт – сана төрттағанында түйісіп тұр дегіміз келеді.

Құралбай МЕҢЛІБАЕВ,

«Болашақ» академиясының ректоры, профессор,

Мәуен ХАМЗИН,

академия профессоры,

филология ғылымдарының докторы.

Басқа материалдар

Back to top button