АймақҚарағанды

Еуропа бизнесі Қарағандыға бет бұрды

Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында Латвия Республикасының бизнес-делегациясымен іскерлік кездесу өтті. Іс-шараға Қарағанды облысындағы ірі компаниялардың өкілдері, кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшелері, әртүрлі саладағы бизнес өкілдері, сондай-ақ, екі елдің мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.

Сурет автордан

Кездесудің сауда-экономикалық байланысты нығайту, логистика, агроөнеркәсіптік кешен, өнім тасымалы, жеткізу қызметі, заманауи технологияларды енгізу және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері туралы сөз қозғалды.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов бүгінде халықаралық әріптестік бизнес өңір экономикасын дамытудың маңызды құралдарының біріне айналғанын атап өтті.

– Қарағанды облысының кәсіпкерлері үшін жаңа байланыстар орнату ғана емес, тұрақты серіктестік қалыптастырып, сыртқы нарықтарға шығу және бірлескен жобаларды жүзеге асыру маңызды. Біз екі елдің бизнесі өзара тиімді байланыс орнатып, нақты тәжірибелік ынтымақтастыққа көшкеніне мүдделіміз, – деді Ернар Дауылұлы.

Кездесу барысында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Газалиев өңірдің экономикалық әлеуеті мен қазіргі даму қарқынын таныстырып, облыстың өнеркәсіптік базасын, логистикалық артықшылықтарын және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін атап өтті. Екі тарап Қазақстан мен Балтық өңірі арқылы өнім тасымалы мен логистика мәселелеріне ерекше назар аударды. Латвия Республикасы Климат және энергетика министрлігінің парламенттік хатшысы Янис Ирбе Латвияның қазақстандық кәсіпорындармен тікелей ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.

– Біздің делегация құрамында Латвия порттары, логистикалық компаниялар, аграрлық сектор мен бизнес өкілдері бар. Біз Қазақстанмен ынтымақтастықтың зор әлеуетін көріп отырмыз және мұндай кездесулер нақты келісімшарттар мен бірлескен жобалардың бастамасына айналады деп сенеміз, – деді Янис Ирбе.

Кездесу барысында Латвиядан Қазақстанға асыл тұқымды ірі қара малын Қарағанды арқылы қолданыстағы әуе қатынасын пайдалана отырып жеткізу мүмкіндігі де талқыланды.

Қатысушылар Қарағанды облысының жоғары өндірістік және логистикалық әлеуетін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, тамақ өнеркәсібі, ветеринария, аграрлық ғылым мен білім беру салаларындағы ынтымақтастық көрініс табатынын айтты.

Бұған дейін Астанада өткен Қазақстан-Латвия бизнес-форумында ай­тыл­ғандай, 2025 жылдың қорытындысы бо­йынша екі ел арасындағы агроөнеркәсіптік өнім айналымы 51 миллион доллардан асты. Сонымен қатар, Қазақстан Латвия порттары арқылы өнім транзитін ұлғайтуды жалғастыруда.

Өткен жылы тасымал көлемі шамамен 750 мың тоннаны құрады.
Қарағандыдағы кездесу B2B форматындағы келіссөздермен аяқталып, оның барысында кәсіпкерлер ынтымақтастықтың нақты бағыттары мен жаңа нарықтарға шығу мүмкіндіктерін талқылады.

B2B формат дегеніміз (Business-to-Business) – бұл компаниялардың тауарлар мен қызметтерді соңғы тұтынушыларға емес, басқа ұйымдарға сататын бизнес-моделі. B2B нарығы корпоративтік клиенттерге, кәсіпкерлерге және ұйымдарға бағытталған.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің хабарлауынша: диалогтык кездесуде логистикага жете мән берілді. Қарағандыда транспорт саласы, яғни көлік, ұшақ, поезд тасымалы жақсы дамығандықтан шет ел кәсіпкерлері қызығушылық танытып отыр .

Аружан Төлеухан,
ҚарҰЗУ II курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button