Жаңалықтар

Жаны жайсаң жақсы аға

Айналасын шуаққа толтырып жүрген жайсаң ағадан қапияда айырылу қабырғамызды қайыстырды. Ол қарымды қаламгер ғана емес, соңынан ерген буынға қамқор аға, ақылман ұстаз бола білді.
Оралбек Жүнісұлымен бір топырақта тусақ та, етене араласқан тұсымыз алғаш еңбек жолын бастаған кезіміз еді.

Сурет автордан

Ағай ат жалын тартып мінгеннен көбіне сыртта болды, ел жаққа сирек келетін.

Әкем Жұмағали өнерді, соның ішінде сөз өнерін қадір тұтып, руханият, мәдениет төңірегіндегі әңгімелерді көп айтатындықтан, белгілі қаламгерлердің есім-сойына бала кезден қанық болып өстік. Соның ішінде Қараталдан шыққан белгілі журналистер – Совет Шиманбаев, Алтын Шаймұхамбетовалармен бірге Оралбек Жүнісұлының да есімі аталатын. Балқаш жақтағы жиындарға барып келгенде әкей: «Оралбек бауырыммен бірге болдық. Ат үстінде жүрген азаматтарымыздың ішіндегі кісілігі зор, сырбаз інілеріміздің бірі – осы Ораш. Қашан көрсең, ағалап тұрады. Жүріс-тұрысы, мәдениеті қандай! Сөз толғауы, серілігі, әншілігі қандай!» деп сүйсініп отыратын.

Бізді ағамыздың өзі іздеп тапты. 2003 жылы күзде қалалық «Балқаш өңірі» газетіне Ілияс Мұқаев досым бар, Ерлан Тасырбай деген әріптесіміз бар – үш тілші қатар қабылдандық. Іле-шала ақжайлау ағамыз арнайы іздеп келді.

Түске жақынғы уақыт еді. Кеңсемізге жайлап басып, сәнді шляпа киген дөңгелек жүзді, қызылшырайлы жігіт ағасы кірді. Редакция қызметкерлері түгел әлгі кісіні қаумалап, арқа-жарқа бола кетті. Жұртпен қауқылдасып, амандасып болған соң, ол: «Орталарың толып жатыр екен. Құтты болсын! Ал, бауырлар қайда?» деді. Әріптестер бізді таныстырып жатыр. Кезек маған келгенде: «Айналайын бауырым, сен екенсің ғой! Қадамың құтты болсын!» деп қапсыра құшақтады.

Сол бетте үшеуімізді қаланың орталығындағы дәмханаға апарып, түскі асымызды алып беріп, емен-жарқын отырыс жасады. Пікірлесе отырып, ағалық ақыл-кеңесін айтты. Үмітін үкілеп, журналистика әлеміне жүрексіне бет алған темірқанат бауырларын жігерлендіріп, арқадан қақты.

Содан бері ұдайы қамқорлығын сезініп келдік. Қашанда жөн сілтеп, жол көрсетіп жүретін ағалық пейіліне тәнті болдық. Ол ешкімді бөліп-жармай, қалам ұстап жүрген барлық бауырын бірдей көріп, барлығына бірдей тілеулес болатын.

Балқаштағы әдеби ортаның ақылман ағасы болды. Бізді баласындай жанына ертіп, балапандай баптады, жөн мен жолды көрсетті. Сол тұста жігіт ағасы жасында болса да, көбіне жас қаламгер, өнерпаз қауымның ортасынан табылатын. Жиі-жиі бас қосамыз. Бір-бірімізді іздеп тұрамыз. Балқашта Ілияс Мұқаев, Дәуренбек Әркенов бар, Қарағандыдан ат арылтып Серік Сағынтай келеді. Әннің естісі шырқалып, жырдың жауһары түйдек-түйдек төгілетін сондай саумал кештерде төрімізді толтырып, Орағаң отыратын. Баяулатып, мамырлатып «Гүл­­дерайымды» шырқайтын.

Ілиястың:
«Осы бір әнге салса
Орағамыз,
Күңкіл-шүңкіл бос сөзді
доғарамыз.
Қайран сері күндерін
есіне алған,
Оркеңе ұқсап мұңдылау боп
аламыз.

«Тына ма екен өңешін
жыртып барып,
Көкше көлдің құстарын
үркітті анық.
Дауысы зор, ә, – дейді –
ағамыздың»
Қамбар мені бүйірден түртіп қалып» дейтіні сол кез еді…

Ардақты ағамыздың журна­листикадағы елеулі еңбегі – ту­ып-өскен өлкенің тарихын түгендеп, айтулы тұлғаларын ұрпақ жадына сіңіруі еді. Оның шығармаларынан туған жерге деген перзенттік махаббаттың, елге деген адалдықтың лебі есіп тұратын. «Сағынатын күн туар», «Қыстың ұзақ таңы атты», «Алтын аймақтың адамдары» сынды жинақтарында туған өлкесінің еңбекқор адамдары жайлы көркем суреттеме жасап, оқырман жүрегінен жол тапты. Ұзақ жылғы еңбегінің арқасында ел-жұрттың құрметіне ие болды.
Кейінгі жылдары Орағаң бас қалаға қоныс аударған соң да, жақын араласып тұрдық. Іс-шараларда, жиын-тойларда жиі ұшырасатын болдық.

Өткен жылы «Егеменнің» ша­ңырағына келгенде академик Дихан Қамзабекұлымен дидарласып, жақсы бір мақаласын табыстап кеткені бар еді.

«Талдыбейіт тағылымы» ат­ты сол жазбасын «Egemen Qazaqstan» газетінде Әлихан Бөкейханның туған күнінде – 5 наурызда жарияладық. Сол жолы қатты разы болып, «Әлекең бабамыздың рухы жебей берсін!» деп батасын берді.

Осы естелікті жазып отырып, «WhatsApp»-тағы хабарламаларға үңілдім. «Айналайын» дегені құдды осы жаңа айтылғандай. Кеудені сағыныш кернеді. «Сағынатын күн туар» деп едің, ардақты ағатай. Қараорман халқыңыз сізді сағынады. Көңілге жұбаныш болатыны – өшпес мұраңыздың бар екені. Сіздің қаламыңыздан туған мазмұнды мақалалар қазақ журналистикасының алтын қорына қосылды. Сол мұра – ертеңгі ұрпақтың рухани азығы, кәсіби жолдағы темірқазығы болары анық.

Қамбар АХМЕТ,
шәкірті,
Қазақстан Республикасы Президенті баспасөз хатшысының орынбасары
АСТАНА

Басқа материалдар

Back to top button