Жаңалықтар

Заң үстемдігі – қоғам тірегі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының жа­ңа кезеңінде «Заң мен тәр­тіп» тұжырымдамасы ая­­сында құқықтық мәде­ниетті қалыптастыру, қо­ғам­дағы тәртіп пен қауіпсіздікті күшейту, азаматтардың құқық қорғау органдарына сенімін арттыру жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Содан бері аймақта «Заң мен тәртіп» идеологемасын күнделікті өмірдің нақты қағидатына айналдыру үшін нақты қадамдар жасалуда.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Облыс аумағында құқықтық сауаттылықты арттыру, жастар тәрбиесі, қоғамдық тәртіпті нығайту, цифрлық бақылау жүйелерін енгізу, азаматтық қоғамды жұмылдыру, полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету бағытындағы іске прокуратура, полиция, білім беру ұйымдары, волонтерлер қозғалысы, қоғам белсенділері, мәслихат депутаттары мен бұқаралық ақпарат құралдары бірлесе жұмылған. Соның нәтижесінде қоғамдағы құқықтық сана жаңаша сипат алып, тұрғындардың құқық қорғау органдарына деген сенімі күшейіп келеді.

Тұжырымдаманы жүзеге асырудағы негізгі бағыттың бірі – жастар арасындағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру. Себебі, құқықтық сауатты, жауапкершілігі жоғары ұрпақ қана тұрақты әрі қауіпсіз қоғам қалыптастыра алады.

Осы мақсатта профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасы облыстық прокуратурамен бірлесіп, наурыз айында бірнеше маңызды жобаны жүзеге асырды. Атап айтқанда, «Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу», «Жастардың құқықтық сауаттылығы», «Жол-көлік оқиғаларының алдын алу», «Ашық полиция», «Көшедегі заң» акциялары ұйымдастырылды.

Жалпы, облыстың 10 мектебінде 8-11 сынып оқушылары арасында, сондай-ақ, 3 колледжде студенттермен кездесу өтті. Нәтижесінде 2000-нан астам жас қамтылды. Бұл кездесулерге полиция департаментінің басшылығы, ювеналдық полиция, әкімшілік және жедел бөлім қызметкерлері қатысып, жастармен ашық диалог алаңын қалыптастырды.

Облыстық полиция департаменті профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бас­тығы Арман Құдайбергенов алдын алуға басымдық берілгеніне тоқталды.

– Бүгінгі таңда жазалаудан бұрын алдын алуға басымдық береміз. Жастардың құқықтық санасы қалыптасса, қылмыс та азая­ды, қоғамдық тәртіп те күшейеді. Сондықтан, мектептер мен колледждердегі кездесулерді жүйелі түрде жалғастырамыз, – дейді ол.

Одан бөлек, облыста «Жас сақшы» полиция сыныптарының жұмысы да қарқын алған. Қазір өңірде 7 «Жас сақшы» сыныбы жұмыс істейді. Бұл сыныптарда оқушыларға құқықтық тәрбие, патриотизм, әскери дайындық пен тәртіп мәдениеті үйретіледі.

Қоғамдағы сенім – құқық қорғау жүйесінің басты капиталы болғандықтан полиция қызметінің ашықтығына ерекше мән беріліп отыр.

«Ашық полиция» жобасы аясында полиция департаменті мен аумақтық бөлімшелердің жұмысына қоғам өкілдері тартылды. Депутаттар, журналистер, блогерлер, волонтерлер мен қоғам белсенділері полиция қызметінің күнделікті жұмысымен танысты. Жалпы саны 1500 адам полиция құрылымдарының тыныс-тіршілігін көзбен көріп, криминалистикалық полигондарды, жауынгерлік даңқ музейін, арнайы техникалар мен қару-жарақты тамашалады.

Қатысушылар 11 түрлі қызмет бағыты бойынша бөлініп, оқиға орындарына шығуға да қатысты. Жоба қорытындысында мұндай кездесулерді тұрақты өткізу қажеттігі айтылды.

– Полиция мен қоғам арасындағы ашық байланыс – сенімді күшейтудің негізгі тетігі. Қазір халық полиция жұмысын бұрынғыдай жабық құрылым ретінде қабылдамайды. Барлық жұмысты ашық көрсетуге ұмтыламыз. Әлеуметтік желілердегі белсенділік, халықпен есептік кездесулер, омниканалды жүйе – мұның бәрі тұрғындардың сеніміне бағытталған нақты қадамдар, – дейді Арман Құдайбергенов.

Бүгінде учаскелік инспекторлар тоқсан сайын халықпен есептік кездесулер өткізеді. Жыл басынан бері 114 кездесу ұйымдастырылып, 1056 азамат қамтылыпты.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 23 маусымнан бері «Egov Mobile», «Kaspi.kz», «Halyk Bank» қосымшалары арқылы құқық бұзушылықтар жөніндегі хабарламалар қабылдануда. Облыс­тың омниканалды жүйесіне бүгінге дейін 820 хабарлама түскен.

Бүгінде өңірде қоғамдық тәртіпті сақтау ісіне полиция ғана емес, тұтас қоғам жұмылдырылған. Қазір аймақта құқық қорғау бағытындағы 194 қоғамдық құрылым жұмыс істейді. Олардың құрамында 579 адам бар. Оның ішінде, 17 «Сақшы» және «Сарбаз» жасағында 150 адам, 6 студенттік жасақта 143 адам, 25 қоғамдық кеңесте 118 адам жұмыс атқаруда.

Бұдан бөлек, облыста 150 волонтерлік қозғалыс бар. Олардың құрамында 3 мыңнан астам ерікті полициямен бірге жоғалған адамдарды іздеуге, қолайсыз отбасылармен жұмыс жүргізуге, кәмелетке толмағандар арасындағы профилактикаға, ойын-сауық орындары мен алкоголь сататын нүктелердегі рейдтерге қатысып келеді.

Қоғамдық құрылымдардың қатысуымен 5 қылмыс ашылып, 54 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.
Облыстағы ерекше бастамалардың бірі – алкогольден бас тартқан ауылдар тәжірибесі. Бүгінде өңірдің 72 елдімекені спирттік ішімдіктерден толықтай бас тартқан. Соның нәтижесінде бұл ауылдарда бірде-бір құқық бұзушылық тіркелмеген.

Жыл басынан бері облыс­та 90 828 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,6 пайызға жоғары. 210 мас жүргізуші ұсталып, 123 азамат көлік жүргізу құқығынан айырылды. 176 адам әкімшілік қамауға алынды.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында автоматтандыру жұмыстары да күшейтілген. Бүгінде облыста 170 автоматты бақылау жүйесі орнатылған.

Облыс бойынша 87 352 бейнебақылау камерасы жұмыс істесе, оның ішінде, Қарағандыда 44 964 камера орнатылған. 38 230 камера жедел басқару орталықтарына қосылған.

– «Заң мен тәртіп» – полицияның ғана міндеті емес. Бұл – тұтас қоғамның өмір сүру қағидатына айналуы тиіс ұстаным. Бүгінде азаматтарды құқықтық тәртіпті сақтауға серіктес ретінде тартамыз. Мемлекет басшысы жүктеген міндеттің мәні де осында, – дейді Арман Құдайбергенов.

Облыста жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы нақты өмірдегі көрінісіне айналып келеді. Заңға құрмет артқан сайын қоғамда сенім күшейеді. Сенім барда тұрақтылық орнығады. Ал, тұрақтылық ел дамуының ең берік негізі екенін баса айтқан жөн.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button