Қарағанды

Өткен күндер елесі

Желтоқсан – белгісі ғой

жастығымның,

Желтоқсан – қайғысы ғой

қаралының.

Қыршыннан қиылған көп

жас ғұмырдың,

Тағдырын ойлай-ойлай

жаралымын.

 

Айтылар Алты Алаштың

мәңгі жыры,

Естілер тұлпарлардың

сан дүбірі.

Көкейде сақталады ызғарлы жел,

Санада – Желтоқсанның

жаңғырығы!

Иә, уақыт өткен сайын өмір-өзен толқыны өткен ғасырдың мұң мен шерін, қасиеті мен қасіретін, жемісі мен жеңісін санамыздан сансыратып, алыстатып әкетіп бара жатса да, жүрегімізде мәңгілік ұмытылмайтын қасиетті де қастерлі бір белгі қалады. Ол – дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан көтерілісі еді. Сол күндердегі қазақ жастарының ерлігіне, өрлігіне, рухына деген тағзым, құрмет әрбір Алаш азаматының көкейінде сақтала бермек…

Халқымызды қынадай қырып, керзі етікпен таптап келген алып империяның тас шеңгел құлдығынан құтылуды көксеген жастардың көз жасы, қаны бекерге төгілмепті. Он екіде бір гүлі ашылмай кеткен Ляззат Асанова мен Сәбира Мұхамеджанова, қайсарлық танытып қасқайып тұрған Қайрат Рысқұлбеков пен Ербол Сыпатаев, аттары аталып, түстері түстелмеген өзге де жастардың аңсаған арман-тілектері орындалып, Қазақ елі өзінің ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігіне қол жеткізді. Елін алға жетелеген, дамыған 30 елдің қатарына  қосамын деп, елінің мұң-мұқтажын тереңнен ойлаған Елбасымыз елімен бірге көк жүзімен астасқан  қасиетті көк Туды алты құрлыққа аян етіп келеді. Ал, Желтоқсан көтерілісі болса, 20-шы ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалыстың ұлы белесі ретінде тарихтың төрінен орын алып, алтын әріптермен жазылды.

Осыдан тура 31 жыл бұрын Азаттық аңсаған асқақ жастардың қатарында мен де бар едім. Жезқазған педагогикалық институтының 5-курсында оқып жүрген кезім болатын.  Алматыдағы оқиғаны естіп-білгеннен кейін, жатақханадағы студент жастармен біз де үндеу жазып, 19 желтоқсан күні таңғы 7.00-де Алаңға шеруге шықтық. Ақыры, сол бейбіт шеруге шыққанымызға кінәлі де болдық. Комсомол ұйымында қатаң сөгіс (строгий выговор с занесением) жарияланып, жеке іс қағазға «Участница  движения  беспорядков  студентов в городе Джезказгане 1986 года» делінді. Амал қанша, іс-қағаздарымды, дипломымды алып, туған ауылыма ұстаз болып келгенімде де маған «декабристка» деп айтатындар табылды. Енді, міне, сол күндер артта қалып, көрген түстей болды. Сол кезде небәрі 21 жаста болсам, бүгінде 52-ні алқымдап, самайымды ақ шалды. Отбасын құрып, қос балапанымды дүниеге әкелдім. Жезқазғанда оқыған біліміммен 31 жыл ұстаз болып еңбек етіп келемін. Осыдан 31 жыл бұрын Алаңға шыққанымды жасырып, дауыстап айтуға қорқатын болсам, бүгінгі күні  қолыма қалам алып, сырымды ақтарып отырған жайым бар. Мен сияқты сол оқиғаның куәсі болған замандастарым да өткен күнді  естеріне алып, өз ойларымен бөлісе жатар деп сенемін.

Тыныштық пен береке дарыған еліміздің ертеңі, яғни келешегі барлық қазақстандықтардың қолында. Ендеше,  қилы да қиын, ауыр жолмен, құрбыларымыздың, замандастарымыздың қанымен келген Тәуелсіздігімізді сақтап, еліміздің одан әрі өркендеп гүлденуіне ат салысуға тиіспіз. Тәу еткен Тәуелсіздігіміздің тұғыры  биік болсын  демекпін.

                    Алма ТҰЯҚОВА,

№ 65 орта мектеп  мұғалімі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button