Жаңалықтар

Алаштың адамзатқа жіберген елшісі

Суреттер Vecher.kz, Novoetv.kz порталынан

1961 жылдың 12 сәуірі әлі көз алдымда. Мен онда он бірде едім. Кеңес империясы жер бетінде сайранды салып, енді Көк Тәңірге көз сұғын қадап тұрған. Күні кеше Қазан төңкерісімен ғаламды дүр сілкіндірген орыс, капитализмге соқпай, феодализмнен социализмге бір-ақ секірген иісі қазақ қана ма, тарихи даму заңдылығының өзіне тән үрдісіне қиянат жасамай көш керуенін түзей бастаған өрелі Батыс пен үшінші дүниедегі бүкіл азалы, арманшыл адамзат баласының екі көзі аспанда.
Ғарышта – Адам! Адам – Ғарышта…
Адамзаттың алғашқы ғарышкері Юрий Гагарин жұмыр Жерді айналып, құсша самғап жүр. Жер бетінде үш миллион жыл ғұмыр кешкен Хомо-сапиенстің бір нәсілі біздің жыл санауымызға дейін және одан кейін бірнеше мыңдаған ұрпақтар ғұмыр кешкен, атасы – күйеу болған жер, шешесі – келін болған жұмыр Жердің жұдырықтай ғана екенін өз көзімен көрді. Гагариннің ғарыш кемесі мен Жер-Ананның арақашықтығы 88 километр екен. Сексен сегіз дегеніміз – радистердің тілінде: «Мен сені сүйемін!» деген сөз. Бір-біріне жау екі тап, бір-біріне қас екі қоғамдық жүйе, бір-бірімен алакөз екі пенде: «Мен сені сүйемін!» деп көкке көз сүзіп тұр. Бұл – екінші дүниежүзілік қырғыннан кейін, ділі басқа, тілі бөлек адам баласының ұлыстың ұлы күнінде тоқайласып, бір ой, бір сезіммен құшақтаса табысуы еді.
Атақты фантаст Рей Бредбери адамның ғарышқа көтерілуін балықтың судан құрлыққа шығуымен пара-пар деген еді.
Осы күні алматылықтар екінші бір тарихи оқиғаның куәсі болды. Аспаннан ақ парақтар жауып тұр. Бұл не? Бұған дейін қасиетті төрт кітаптан ғана оқып білген тәңірінің соңғы уағызы шығар мүмкін? Құран да көктен түскен демеуші ме еді? Әлде, сонау аспан төрінде, Алла тағаланың қасында жүрген ғарышкердің адамзат үмбетіне шашқан шашуы ма?
Өзі жер бетінде қалып, бір үмбетін ғарышқа жіберген біздің әулет әлгі парақтарды құрастырып, оқып көріп, таң-тамаша қалды. Өлең! Ұлы мәртебелі цивилизация мен оның алғашқы анасы һәм ару қызы сұлу поэзия екінің бірі, егіздің сыңарындай жарыса сөйлеп тұр:
«Жоқ, Шығыс,
Жоқ, Батыс та.
Жыр – Отаным!
Бар кешің,
Бар әдемі бұла таңын
Жоқ, Шығыс,
Жоқ, Батыс та,
Кәдуелгі Егіздей екі ұлы бар ұлы атаның.
Қылады Атамекен тарлық кімге,
Тұрады сол ойдан ол қарғып түнде,
Батыс жоқ,
Шығыс та жоқ,
ЖЕР дейтұғын,
бір сөз, ұлы сөз бар барлық тілде!». (Тәржімалаған Қ.Мырзалиев).
Миына бір ұғымды сіңіріп алса, содан өлмей айырыла қоймайтын аңғал адам баласының есіне сол күні тағы бір көне классикалық өлең жолдары оралған-ды. Ағылшын ақыны Киплингтің өлеңі. Бір кезде жалғанды жалпағынан басқан, Ұлыбританияның өркеуде шәйірінің бұл өлеңнің ұзын-ырғасы артта қалған бүгежек Шығыс тәкаппар да, ұлы Батыстың аяғын құшуға жаралған дегенге саяды. Мұны кеудесіне нан піскен отаршыл, озбыр көштердің әулекі ән-ұраны десе де болады. Көзін шел басқан Батыстың кейбір басы жұмыр пенделері Шығысқа әлі де өстіп мұрнын шүйіре қарайды. Осынау темірдей сомдалған теріс тезисті тас-талқан қылған қазақ ақыны Олжас Сүлейменов еді.
Адамның жер бетінен бауырын көтеріп, Гомо-сапиенске айналғаннан кейін, ХХ ғасырдың 60-шы жылдары самғап, ғарышқа шығуы – қандай ғажайып тарихи оқиға болса, Батыс пен Шығысқа бөлініп, қаққа айрылған екі дүние мен екі мәдениеттің басын қайтадан адамзаттық бір арнаға қосқан қазақ ақынының асқақ мұраты да осыларға жетеқабыл тарихи оқиға еді. Бірақ ол кезде ешкім де осынау терең ойдың түбіне бойлай алған жоқ. Дегенмен, ғарышта болып жатқан тарихи оқиға жер бауырлаған пенде атаулының сана-сезімін жарық жылдамдығына ілестіріп, адамзат ақыл ойында күндердің бір күні болмай қоймайтын ұлы төңкеріске ұмтылдырып жатты. Ол кездегі озық ойлы оқырман Олжасты интуициямен түсініп, оның қыршын жүрегінде осы заманғы қасаң қағидалармен қырқысып жатқан ежелгі шығыс мәдениеті, көне түркі өркениеті хақындағы ордалы ойды сезгендей болды.
… Аспаннан жыр жауып тұр…
«Қарындасым көшеден жинап әкеліп, асығыс құрастырып оқыған сол листовкалар менің ең алғашқы өлеңдер жинағым еді», – деп жазды Олжас кейіннен поэмаға жазған соңғы сөзінде. Бұған дейін Жамбыл атамыздың «Ленинградтық өрендерім» атты өлеңі ғана листовкамен тараған еді. Адамзат шежіресінде айдарынан жел ескен арқалы ақындар жетіп артылады. Бірақ, ақындық тағдыры, шығармашылық ғұмырбаяны адамзат тарихының жұлдызды сәтімен тұспа-тұс келіп, бір-ақ күнде танылып, аты-жөні бір-ақ мезетте ел-жұрттың аузына іліккен ақын кемде-кем. Ағылшынның атақты Шекспирінің өзі атышулы трагедияларының қадір-қасиетін ата-жұртына түсіндіре алмай, сахнада өзі актер болып ойнаған екен. Әлі күнге дейін орыстың Пушкиннен озып туған ақыны бар ма, оның өзі әйел затының перизаты Наталья Гончарованың арқасында патша сарайының есігінен әзер сығалап, ордалы ойларымен ұйқыдан орыс орманын оята алмай, осында қаңғырып жүрген қайдағы бір дарынсыз Дантестің оғынан жер жастанды.
«Адамға табын, Жер енді» сол жылы бас-аяғы бір-екі үш айда кітап болып басылып шықты.
Сүлейменовті осы күнге дейін Гагариннің рухы мен сондағы ғарыштық жылдамдық тәңірідей жебеп келеді. «Поэма содан кейін бірнеше мәрте басылып шықты», – деп жазды ақын, – «әрбір жаңа жарияланым алдында оның кейбір жерін жөндегім де келіп кетеді. Сонсоң қалай жарық көрсе, солай қала берсін деген ойға тоқтаймын».
Олжас Гагаринді ең соңғы рет 1967 жылы Вещенская станциясында көрді. Социалистік елдердің бір топ жас ақындары мұнда Шолоховпен кездесуге келген-ді. «Дон жағасында доп ойнап жүргенде ғарышкер аяғын жаралап алды да, бір аяғымен секіріп барып, жаралы аяғын суға салған» деп тәптіштеп жазады ақын сүйікті қаһарманы хақында.
Оның есіне фантаст Рей Бредберидің адамның ғарышқа көтерілуін балықтың судан құрлыққа шығуымен теңестіргені сол күні түскен шығар, мүмкін?
Олжас поэзиясы – адам баласының Жер-Анадан қара үзіп, ғарышқа шығуымен пара-пар құбылыс!
Ұлы классикалық әдебиет пен ұлы тарихи оқиғалардың тұстас келе бермейтіні тарихи факт. Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» атты эпопеясы 1812 жылдан 51 жыл өткенде дүниеге келсе, М.Әуезовтің «Абай жолы» дәуірнамасы Абай дүниеден өткен соң 45 жылдан кейін жазылды. Ал, 1961 жылы, аспаннан шұға жауған күні «Адамға табын, Жер ендіні» таласа-тармаса оқығандар оның авторының инженер-геолог екендігін, оған белгілі бір беделді шәйірдің: «Мамандығың бар екен, ендеше қоғамға пайдаңды тигіз, өлең жазбай-ақ қой, қолыңнан келмейді» дегенін біле ме екен?
Поэзия – қасаң қағидаларды быт-шыт қылып талқандау деген сөз!
Сүлейменов социалистік реализмнің апиынынан басы айналған әдебиетіміз бен мәдениетімізді рухани – наркологиялық диспансерге тірідей жеткізіп, аман алып қалғандардың қатарын түзейді. Бұған оның жаттанды ұран, жадағай ой, лепірме айқайдан ада, кез келген өлеңі куә.
Мынау Қорғалжындағы қоңыр қаздар туралы өлеңінің бір шумағы:
Бұл не қылған батпан қайғы,
Батпан шер!
Қызыл мен ғой – қызыл қаны аққан жер.
«Отан – дейді туған көлін»…
Оттама!
Қалай Отан болады оған атқан жер?!
Сізді қайдам, менің көзіме Ахметтер мен Жүсіпбектер, Мағжандар мен Сәкендер елестейді!
«Два истории у нас с тобой? Нет: одна за ложь мы не в ответе. На земле живем нам не чужой, На земле, А не на постаменте». («Ермак ескерткіші қасындағы тебіреніс»). Шовинистерге көзін шұқып, бұдан артық айта алмайсың!
Сволочь – не мелочь, Общественное явление! («Дүниенің қиыр шетіндегі бір сәт үнсіздік»). Бұл сөзді қолына қан уыстаған жендет пен данасын итше талаған дарынсызға, «кеудесі толы қулық-ой» оңбағанмен «ит көрген ешкі көзденген» (Абай) көрінген күйкі пендеге де қаратып айтса – сауап! Бұлар біздің болмыс-тіршілігімізде анда-санда бір кездесетін типтік образдар ғана емес – қоғамдық құбылыс! Індет! Етімізден сүйегімізге өтіп, тәнімізді кеміріп, жанымызды шырқыратып жеп бара жатқан қоғамдық жегі құрттар: «Он – не дурак, он может быть академик», – дейді Олжас. – Все равно – сволочь!». Маймылдың адамға айналу процесі миллиондаған ғасырларға созылғанмен, адам баласының иттің баласына айналуы үшін ұзақ уақыттың қажеті шамалы; қамшының сабындай қысқа ғұмыр да жетіп артылады. Олжастың қасиеті – Абайдың қасіретіне терең бойлап, қазақтың ұлттық ғаламдық өркениетке тұяқ іліктірудің қамын ойлауында жатыр. Бір кезде Абайдың арқасына ащы таяқ ойнатқан жұрт Абай дүниеге келгелі 150 жыл өтсе де оны әлі түсіне алмай жүргеніндей, ХХ ғасырда маңдайы жарқырап туған марқасқа Олжасты да оңдырып жатқан жоқ. «Олжас ана тілін білмейді екен!», – дейді. О, сұмдық! Олжас қазақ тілі түгілі, ежелгі түркі тілін де бес саусағындай біледі ғой! Ол түркі тілдес әзірбайжан , өзбек, қырғыз, ұйғыр, якут, тіпті, араб тілдерін де құныға зерттеп, ежелгі түркі мен славян мәдениетінің тоғысуынан адамзаттық алтын қазына іздеп жүрген қазақ Колумбасы емес пе еді?!
Молдован билеушісінің ұлы Антиох Кантемир орыс поэзиясы бастауларының бірі. Поляк Юзеф Теодор ағылшын көркем ойының айтулы шебері. Тағы бір поляк Геома Аполлинер француз поэзиясының пайғамбарының бірі һәм бірегейі. Қазақ Олжас Сүлейменов өлеңін орысша жазып, қазақ сахарасынан ұзап, әлемге әлі естілмей жатқан ұлттық жырымыздың дауысын ғаламдық аудиторияға жеткізсе, бұл үшін оны мақтау керек пе, жоқ, әлде даттау керек пе?! «Жақсы мен жаманды айырмадың, бірі май, бірі қан боп енді екі ұртың» деп ұлы Абай қалай тауып айтқан! Қазақтың ұлттық профессионал жазба әдебиетінің атасы осы Абайымыздың өзі әлі күнге дейін орысшаға жөні түзу тәржімаланған жоқ қой. «Әкесі өлгенді де есіртеді» демекші, орыстар һәм қалған дүние Абайды ақын ретінде емес, Мұхтар Әуезовтің осы аттас дәуірнамасының кейіпкері ретінде ғана жақсы біледі! Олжастың орысша сөйлеуі, әсіресе, оның орыстың осы заманғы ұлы ақындары Евгений Евтушенко, Андрей Вознесенский, Белла Ахмадуллиналармен қатар бой көрсетіп, ой жарыстыруы – жалғыз қазақтың ғана емес, бүкіл түркі халықтарының маңдайына біткен бағы болатын!
«Аз и Я» – Азияның Евразия мен Америка құрлықтарындағы азаматтық паспорты! Отаршыл озбыр күштердің одан әлі күнге дейін зәресі ұшып қорқатыны – содан! Бір кезде Мағжан майын тамыза жырлаған, Күн елі осы кітап арқылы өзінің азаматтық, ұлттық паспортын төсқалтасына басып отыр! Қазір бұл ел тентіреп жүрген тексіз тайпа емес, ежелгі мәдениеті, ересен ұлттық потенциалы бар, қандай ұлт, нендей ұлыспен болсын терезесі тең отырып сөйлесе алатын ұлт – Тұранның тұяғы!
Ел ішінде Олжас туралы керегер пікір көп. Бұған оның басқа замандастарынан алабөтен айырмашылығы мен адами жаратылысының айырықшалығы түрткі болып жүр. Ол тәңірінің тілегімен ақын болып жаралғанымен, тағдырдың жазуымен лингвист-турколог, славист, шумеролог, тарихтың қалауымен тарихшы, философ, публицист, Алаштың тағдыр-таланымен қоғам қайраткері болып кеткен кісі.
– Жамиғат кинематография министрі Олжас Сүлейменовті іздемеп еді», – дейді оның сырлас-мұңдас замандастарының бірі Бақытжан Момышұлы. – Халыққа Жазушылар одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменов те керек емес еді, тіпті, осы есімді депутат та, өкілетті елші де қажетсіз-ді, жұртымыз көш бастар көсемге зәру еді. Адамзат қазынасына барып құятын ауқымы кең, мақсатын анықтар ұлттық ілімнің авторын іздеп едік» («Заман Қазақстан», 19.04.1996 ж.).
Дұрыс айтпады! Сол екі көзімізді төрт қылып, іздеп жүрген ұлттық іліміміз О.Сүлейменов шығармаларында тұнып жатқан жоқ па? Ұлт көсеміне тақ керек пе еді?! Қытайды өркениет өріне бастаған Дэн Сяопин «Ұлы жебеуші» Маоның тұсында, һәм одан кейін де мемлекеттегі басты билікті қолына ұстаған жоқ қой? Ресей адам құқы жөнінде жаһан дүниеге жар салған Андрей Сахаровты әзер дегенде депутат сайлап, КСРО депутаттарының съезінде мінбеден қол шапалақтап, қуып шыққан жоқ па еді. Қазір мұнда сол рух пайғамбарының орны үңірейіп тұр… «Егер мен жазуды тоқтатсам, адамзат та, әлемдік ақыл-ой да ештеңе жоғалтпас еді», – дейді Б.Момышұлы. – Бірақ О.Сүлейменовтың қаламы үнсіз қалса, біздің күніміз не болады?»
Аталы сөз!
Олжастың орысша сөйлеуі қазақтың ғаламға тіл қатуы болып тұр!
Графоман қазақша сөйлегенше, Олжекеңдер орысша сөйлесін; өйткені ол ойсыраған ойыңның орнын толтырып, ит мініп, ирек қамшылаған ұлттық рухыңды аспанға көтереді! Оның орыс тіліндегі өлеңдерінің төркін жұрты Шалкиіз бен Қазтуғандардың жыраулық поэзиясында жатыр.
– Кітап құрып барады! – дейді Олжас. Иә, кітаптар мен кітапханаларға қауіп төніп тұр. «Шекспирді тумаған мәдениет Ньютонды да туа алмайтынын (О.Сүлейменов. «Қасиетті латын», «Заман-Қазақстан», 10.04.96 ж.) Күндердің бір күні түсінерміз әлі. Бірақ, ертең тым кеш болып жүрмей ме деген сауал өзегімізді өртеп барады!
Олжас – Италияда. Мұқағали мен Жұмекеңнің, Жұматайдың да асын беріп тастадық. Тірісінде ешкім де өз елінде пайғамбар бола алмайды деп кім айтса да дұрыс айтқан екен дейсің. Фактінің аты – факт.
Құлағыңа Лермонтовтың бір шумақ өлеңі келеді: «Хош, Ресей сорынан арылмаған…». Абай айтады: «Туған жер, өлген мола жібермейді, әйтпесе, тұрмас едім осы маңда…». Енді Олжасты тыңдаңыз: «Мы – не рабы, рабы не мы, ибо рабы – немы…». Бүгін болмаса ертең, біз болмасақ бізден басқа екінші бір толқынның құлағына шалынбай қоймайтын әуендер бұл. «Мені де шпион боп өтті деңіз, ақыннан сақта құдай деп тілеңіз; болашақ ұрпақтардың құлағына біздер де бір нәрсені жеткіземіз» (Е.Евтушенко) деген өлең кешегі коммунистік үстемдіктің кезінде туған ғой. Болашақ ұрпақтардың құлағына біздер де бір нәрсені жеткізуге міндеттіміз. Жеткіземіз!
Олжастың ең сүйікті сөзі: «Айналайын». «Кружись, айналайын, Земля моя!» дейді ол. Кіндік қаны тамып, кір жуған Алашыңды туған анаңдай сүйіп, қала берді қалған адамзаттың сұлулығы мен ұлылығына тәнті болудың қандай қасиетті һәм қандай қасіретті құбылыс екенін пайымдау үшін де Сүлейменов­ті қайта-қайта оқу керек бізге. Қазақтың ұлттық, мемлекеттік идеологиясының халқымыздың рухани қазанында қайнап, сорпа бетіне шығар қаймағын содан сүзіп алуға болады. Онда не жоқ дейсің: Ұжымды ұлт болуға өте-мөте қажет нарт мінез намыс, бір ру, бір аймақта тұйықталмай, ғаламдық өркениетпен біте қайнасатын шынайы интернационализм, өзіміздегі және өзгедегі пенделік – тоғышарлық – тышқандық психологияға қарсы ымырасыз күрес дейсіз бе, прогресшіл адамзат зәру болып отырған көкейкесті мәселелердің бәрі де баршылық.
Ел егемен болғалы еңсеңді көтеріп қарасаң қазақ зиялыларының көпшілігі халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, әбден қажыған сыңайда. Орыстың патшалық және коммунистік отаршылдығымен алыса-алыса арқа етті – арша, борбай еті – борша болғандай көйітеді-ау кеп… Мұндай типтерге қарап Олжекеңнің ішек-сілесі қата күлуге моральдық құқы бар. Бірақ күлмейді. Ішінен қан жылайды ол. «Ақынның жүрегін жаралау оп-оңай» – дейді әулие қарт Карл Маркс.
Адам-Ата мен Һауа-Ана жұмақтан қуылып, оның тұла бойы тұңғышы қанішер Қабыл туған бауыры Әбілді ұрып өлтіргеннен бері ақын атаулының жүрегі – шұрқ тесік.
Адамзаттың алғашқы ақыны кім екен? Кім болса да ол да өз ажалынан өлмеген болуы керек… Әлі есімде, 1989 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің сайлауы кезінде О.Сүлейменов өз кандидатурасынан бас тартты. Ақынның мұнысы несі? Үш жүз жылдай бодандықтың бопсасында келе жатқан қазақ халқының жүрекжарды сөзін шаршы топтың алдына қасқая шығып, кім айтады енді? Сөйтсе, оны біреулер «бауырлас орыс халқын ұнатпайды-мыс», «ұлтшыл» деп айыптаған көрінеді. Олар қалың қара ормандай орыстың ішіндегі орысы – Ю.Гагариннің қазаға ұшыраған жерінде «Адамға табын, Жер, енді» деген осы Олжастың сөзі қашаулы тұрғанын қайдан білсін…
«Сүйем сені, жаным, Олжас!» деп жазды ол туралы орыстың адуынды ақын қыздарының бірі Римма Казакова. «О, менің қыршын бауырым, қыпшақ Олжас!» деп жыр толғады Сергей Марков оның уыздай жас кезінде. Сайлауға санаулы күндер қалғанда Мәскеудің орталық теледидары бір көрініс көрсетіп жатты. Тілші бір әйелмен сұхбат жүргізіп тұр.
– Мен Сүлейменовке дауыс бермеймін! – дейді ашулы әйел.
– Неге? – дейді тілші таңқалған сыңай танытып.
– Ол біз секілді сауыншыларды сүймейтін көрінеді…
Теледидардан жергілікті радио да қалысқан жоқ. Хабар жүргізуші журналист Сүлейменовтің сайлау алдындағы бағдарламасына тоқтала келіп, оның болашақ депутаттың бағдарламасы екеніне күмән келтіреді. Әрі қарай – музыка…
Дегенмен, осы тоталитарлық қоғам тұсындағы сайлауда да Олжас жеңіп шықты. Тобыр жер құшты. Халық жеңді. Ақын жөнінде қаңқу көп: «Олжас қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беруге қарсы болған екен», – дейді.
Қазақтың басында тоталитаризмнің қамшысы ойнап тұрған кезде «ұлтшыл» атанған Олжас ел-жұрты егемен болғанда енді «космополит» атанғалы тұр ма? Ақынға жабылмаған жала бар ма еді: Бұқар жырау – «ханшылықтың жаршысы», Шортанбай – «кері тартпа», Мағжан – «халық жауы», Қасым – «ұлтшыл», Мұқағали – «маскүнем».
Оған әлі күнге дейін әртүрлі құйтырқы сауалдар қойылады: «Сіз неге орыс тілінде жазасыз?», немесе, «Сіз қай халықтың ақынысыз осы?» дегендей сұрақтар. «Өлеңімді орыс тіліне тәржімалап бер деп көрінгенге көзтүрткі болмайтын қазақ ақынымын!», – дейді ол. Әрі қысқа, әрі нұсқа.
Олжасты көшедегі көрінген пенденің түсініп, оған көрінген пенденің тұшынуы шарт емес. «Менің шығармаларым елдің бәріне ұнауы мүмкін емес», – дейді А.Вознесенский. – Елдің бәріне ұнайтыны кір жуатын порошок – «Новость».
Олжасты қырғыз Айтматов, башқұрт М.Кәрім, орыс Вознесенский, тәжік Каноғат, литван Марцинкиявичус, латыш Вациетис жанындай жақсы көреді. Олардың бәрі де бір-бір халықтың бетке ұстар ұлдары. Бір өзі бір-бір ұлттың өзекжарды ойын айтып жүрген жақсысы мен жампозы!
…Мен оны алғаш рет 1975 жылы Павлодарда өткен жас ақын-жазушылардың аймақтық кеңесінде көріп, аң-таң қалған едім. Уыздай жас. «Поэт красивым должен быть, как бог» деп өзі айтқан. Біз ер жігіттің сұлтаны Сәкен ағаны көре алмай қалған буынбыз. Бірақ, бізге талай ортада тамсана айтып жүруге Олжас ағаның асқақ тұлғасы жетіп жатыр еді.
Кейінгі кезде ағамыздың шашы бурыл тарта бастапты. Қазақтың басына түскен ХХ ғасырдың зіл батпаны оның да иығын жаншып бара жатқандай. Бірақ, Ақын әлі асқақ тұр.
Табаны жерде тұрғанда тапжылмайтұғын Антейдей (К.Мырзабеков)» – тәкаппар! Ол қашан көрсең де осы қалпында. Оның ең сұлу кезін, ең тәкаппар сәтін мен 1989 жылдың ақпанында көрдім. Алматы Қазақстан Жазушылар одағының үйінің алды. Халық – құж-құж.
– Уа, бұ немене тағы? – дейміз үрейленіп. Өйткені, осыдан үш жыл бұрын Алматыда Желтоқсан оқиғасы болып, ел-жұрт ұлардай шулаған-ды. Тағы да соған ұқсас бірдеңе болып қалды ма деген күдік қой баяғы.
– Олжас сөйлеп жатыр! – дейді біреулер. Өзі көрінбейді. Елден ерекше ер-жігіттің дауысы – Олжас дауысы саңқылдап тұр!
– Қайда барасың, өңмеңдеп! Бәрібір ішке кіре алмайсың! – дейді қасымдағы маған жақтырмай қарап. – Халық Олжасты сыртқа шақырып жатыр. Қазір шығады ғой…
Айтқандай болған жоқ, алпамсадай Олжастың асқақ тұлғасы көзге шалынды. Аруақ қонған арқасы қозып, Ақын сөйлеп тұр. Сөз төркіні – Семейдегі экологиялық жағдай. Сөз түйіні – дүние жүзінде ядролық сынақты біржолата тоқтату мәселесі. Бұрын-сонды мұндайды көрмеген, бұрын-сонды мұндайды естімеген ел-жұрт ішінен тынып, үнсіз тұр. Төбеде – тоталитарлық қоғамдық жүйе. Төрде – коммунист-хатшылар тұрған заман ғой бұл.
– Баурым-ай! Бар екенсің-ау?! – деді біреу қазақша.
Біреулер жылап жіберді. Мен де егіліп қоя бердім… Алматы Алатаудың қойнына сыя алмай, дүрлігіп бара жатты. Олжастың сондағы сұлу кескін-келбеті, тәкаппар тұлғасы әлі көз алдымда. «Семей-Невада» қозғалысы сол күні аттандап, атқа мінді.
Олжас Сүлейменов – Алла тағаланың Алашқа бере салған алтын айдарлы ұлы. «Жабағалы жас тайлақ, жардай атан болған жер, жатып қалған бір тоқты, жайылып мың қой болған жер, жарлысы мен бай тең, жары менен сайы тең, балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған (Қазтуған жырау) қайран қазақтың зұлымдық пен зобалаң атаулыға кеткен есесін қайтару үшін Тәңірі осы Олжасты қарымтаға туа салған секілді! ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырдың өлі арасында иісі қазақтың еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін аузына қарап отырған тұлғасының бірі осы – Олжас Сүлейменов!
Олжас – аңызға айналған тұлға. Өзімнің сүйікті геройымның ғұмырнамасындағы ақиқатты ашып айтқым келген соң ба, аңызына да соқпай кете алмай барамын. «Жаманның артынан бөз ереді, жақсының артынан сөз ереді» дейді қазақ. 1986 жылы Брежнев алаңынан шыққан бір топ өрімдей жас Қазақстан Жазушылар одағы үйінің алдына келіп:
– Мағжан!
– Сәкен!
– Олжас! – деп айқай салыпты.
Олар сол кезде ұлтына арқа сүйеу болар Алатаудай тұлға іздеді.
Олжас – жоқ! Сол күні Олжас ағамыз қайда болды екен? Ел-жұрты егіле іздегенде есіл ер қайда отырды екен сол күні? «Империя белгілі бір бодан ұлттың басына күн туғанда оның арыстан жүректі адуынды ұлдарының аузын алдын-ала жауып тастайды екен!» дейді бір білгіштер. Олжас – жоқ! Қайда ол?!
…Алаш сол Олжасын әлі іздеп жүр…

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,
ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Басқа материалдар

Back to top button