Қарағандыда Майқұдық пен Оңтүстік-Шығысты жалғайтын экосаябақ салынады
Қарағандыда алдағы жылдары аумағы 200 гектарды құрайтын ірі экопарк бой көтермек. Болашақ демалыс аймағы қаланың “Оңтүстік-Шығыс” бөлігі мен Майқұдық шағын ауданының аралығында орналасады. Бүгінде экопарк аумағына “Таза Қазақстан” акциясына арналған естелік белгітас орнатылып, алғашқы ағаш көшеттері егілді.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған шара барысында парк аумағына мың түп ағаш отырғызылды.

Игі бастамаға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысып, тұрғындармен бірге көшет отырғызды.

Аймақ басшысының айтуынша, болашақ экопарктің 150 гектары толықтай жасыл желекке арналады. Ағаш отырғызу мен құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп, жоба шамамен бес жыл ішінде толық жүзеге асады.

– Қазіргі таңда әлемдегі индустриялық қалалар экологиялық тұрғыдан қолайлы, жасыл аймақтарға айналуға басымдық беруде. Қарағанды да осы бағытта дамып келеді. Болашақ экопарк тұрғындардың демалыс орны ғана емес, қала экологиясына, халықтың көңіл күйі мен өмір сапасына оң әсер ететін маңызды қоғамдық кеңістік болады, – деді өңір басшысы.

Сонымен қатар, әкім алдағы уақытта бұл бастамаға кәсіпкерлер, ұйымдар мен қала тұрғындары да атсалыса алатынын айтты.

Ағаш отырғызуға ниет білдіргендерге парк аумағынан арнайы жер телімдері бөлінбек.

Қазірдің өзінде аталған аумақта ауқымды құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

Жаңа тұрғын үйлер салынып, болашақ спорт кластерінің іргетасы қаланған.

Жоспар бойынша мұнда спорт интернаты, стадион және мектеп бой көтереді.

Алдағы жылдары бұл аймақ Қарағандының заманауи әрі көрікті шағынаудандарының біріне айналмақ.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz



