Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

«Тірі қалу стратегиясы»

Сонау 1997 жылы Елбасы Қазақстан халқына жасаған алғашқы Жолдауында еліміздің 2030 жылға дейінгі дамуының стратегиясын ұсынған-тын. Мемлекеттің болашағы баян етілген бұл стратегияға күмәнмен, тіпті, мысқылмен қарағандардың көптігі де өтірік емес-тін. Ел арасында да бұл стратегияны ертегіге балайтын. Бірақ, сынаптай сырғып өткен уақыт оның ойдан шығарылған қиял емес, болашаққа батыл жасалған болжам екенін дәлелдеді. Кері ауызға құм құйылды. Досымыз көбейіп, дұшпанымыздың дымы құрыды. Түркияның «ТюркишДэйлиНьюс» басылымы осыдан біраз жыл бұрын еліміз туралы:

«Қазіргі Қазақстан 1991 жылғы одақтық республикадан мүлдем өзгеше. Бір кезде бұл «темір перденің» әр жағындағы жабық қоғам болған-ды, енді оның адамдары бүкіләлемдік коммуникациялардың рахатын көруде, Орталық Азиядағы интернет пен ұялы байланыстарды пайдаланушылардың көпшілігі осында. Қазақстан аса ірі әлемдік компаниялардың Батыс авиажолдарымен байланыста, ал, шет елдерден келген қонақтар Алматы мен Астанадағы халықаралық стандарттардың талаптарына сай мейманханалардың қонақжайлылығын пайдалана алады.

Қазақ үшін орындалмайтын арман болған кеңестік «Lada» келмеске кеткен. Еуропалық және американдық седандар мен джиптер енді үлкен қалалардың көшелерінде ағылып жатқаны күнделікті көрініске айналды.

Адамдар да өзгерген. Олар Еуропа мен Америкаға еркін сапар шегеді, Анталия мен Бодрумға демалуға барады. Қазақстаннан шет елдердің озық университеттеріне оқуға баратын жастардың саны жыл сайын көбеюде. Қазақстан зейнеткерлік реформаны ойдағыдай өткізді және азаматтарының еңбекақыларын ТМД елдерінің ішіндегі ең жоғары деңгейге көтерді» деп жазды.

Басқа елдің бетін бері бұрғызған басты саясат қандай еді? Ол – Елбасымыз Н.Назарбаев үнемі қадап айтатын, біздің барлық табыстарымыздың қайнары дейтін – бірлік пен ынтымақ. Ішкі және сыртқы саясаттағы құрыштай берік қолдау. Соған орай, бүгінде «біздің саяси реформалардың өзімізге лайық үлгісі, саяси көшіміздің өзіндік «қазақстандық жолы» қалыптасу үстінде».

Расында, жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өту және бұрынғы экономикалық байланыстардың үзілуі жағдайында экономикалық реформаларды жүргізу оңайға түспегенін бұқара жақсы біледі. Осы орайда, ғалымдар 1992 жылдың басында Елбасының басшылығымен жасалған “Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы” еліміз тарихындағы орташа мерзімге арналған тұңғыш жоспарлау екенін айтады. Бұл – өз алдына дербес елге айналған қазақтың ең алғашқы өзіндік экономикалық бағытты айқындаған жоспары еді. Осы арқылы алдағы үш жылда мемлекеттіліктің қалыптасуы мен дамуындағы маңызды міндеттер шешу қолға алынды. Дәл осы жылдары Қазақстанның өзге елдермен дипломатиялық қарым-қатынасын орнатуға ден қойылды. Осылайша, өзгелерге өзінің азат мемлекет екенін жария етудің алғышарттары қалыптасты. 1992 жылдың қаңтарында Қазақстанды егеменді ел ретінде 30 мемлекет таныса, осы жылдың 2-наурызында Республикамыз БҰҰ-ның толыққанды мүшесіне айналды.

1993 жылы Елбасы Лиссабон хаттамасына қол қойып, Қазақстанды ядролық қарудан азат, таза территория деп жариялады. Дүниежүзілік ұйымдарға Қазақстанның мүшелікке өтуі де сол кездерде жүзеге асты. Биліктің мемлекеттік институттары да құрылғаны – осы жылдар еді.

Елбасы бұл құжат туралы: «Өткенге қарайлай отырып, бұл жоспар көбіне-көп тірі қалудың стратегиясы ретінде өз мақсатын орындап шықты деп нақты айта аламыз. Атап айтқанда, ол біздің кім екенімізді, таяу және алыс болашақта кім болатынымызды айқындап берді», – депті. Сол жылдары көршілеріміздің бірі – Қазақстанды «Азия жолбарысы» қаз тұрып келеді» деген-ді. Бұл айтылғандарды ешкім де жоққа шығара алмас. Тәуелсіздік пен байыпты саясаттың арқасында Орталық Азияда көш бастаушы тұғырына көтерілді. Әлем елі «Азия жолбарысына» қарай бастады. Егемендігін алғанда төрткүл дүниенің көбіне беймәлім қазақ аз уақыттың ішінде экономикалық секіріс жасады.

Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жете түсінген еліміз еңсесін экономиканы еселеу арқылы ғана көтеруге болатынын жақсы білді. Өзін де, өзгені де сыйлату үшін қазақтың кеңдігі мен дархандығының, білімі мен біліктілігінің ауадай қажеттігін түйсінді. Сөйтіп, тәуелсіздік алғаннан-ақ Елбасы биік мақсаттар қойды һәм ол мақсаттарға ел болып, жұрт болып жеттік те. Кешегі күні Кеңес үкіметінің керегесі қақырап, шаңырағы ортасына түскенде, өмір бойы Кеңестің көйлегін киіп, суын ішкен аға буынның кейбір өкілдері бұндай бұла күн туарына сенбестік танытқаны да жалған емес. Алайда, уақыт – төре төрелік айтты.

«Қазақстан Тәуелсіздігі, Қазақстан халқы, оның жоғары басшылығы өз елін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы аласапыраннан қорғап, сақтай алды. Басталып кететін қандай да бір араздық, егесушілік немесе ұлттың намысына тиетін байқаусызда айтылатын немесе арандатушылық ниетпен қоздырылатын қандай да бір сөздің қаншалықты қымбатқа тұратынын түсінушілік қана жас тәуелсіз елді орны толмас апаттан аман алып қалды. Сол жылдардағы қиыншылықты еңсеруде, мүмкін болар қақтығыстардың алдын алуда мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың жүргізген икемді саясаты, болашақты көре алуы, халқына сенім артуы, өз атына айтылған аяусыз сындарға төзімділік танытуы, өзіндік қазақстандық жолды қалыптастыруы ғана мүмкін ете алды». Бұл – біздің зиялылардың айтқаны.

Тайландықтар былай дейді: «Қазақстан Н.Назарбаевтың басшылығымен кеңестік және батыстық дамудың енжар зардаптарына ұқсамайтын шын мәніндегі тәуелсіз егеменді мемлекеттің саясатын жүргізіп отыр.

Бұрынғы КСРО-ның көптеген басқа мемлекеттерінен өзгешелігі, Қазақстан қоғамдық саяси, діни немесе қандай да бір басқа бір негізде түбегейлендірмей, тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бері өзінше даму жолымен жүріп келеді» («Аsia Pacifik Investment» Гонконг).

Аңғарсақ, Елбасы «Тірі қалу стратегиясы» деді. Шындығында, сол кезеңде солай-тын. Ол жылдардың экономикалық аштықтан араны ашыла бастаған алпауыттардың жұмырында кетіп қалу қаупі зорлығын енді біліп отырмыз. Ресейді құрсауынан шыққан елді «шынайы демократиямен құтқарғысы» келген «жанашырлардың» көкейінде қазба байлық жататынын тарих пен уақыт әлдеқашан айтып кеткен. Сондай кезеңде «қолжаулыққа» айналмай қалғанымыз саяси көрегендіктің арқасы екенін ең құрығанда, отыз жылда бір мойындап қойғанның ешбір ерсілігі жоқ. Өйткені, біз – тірі қалдық…

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button