Жаңалықтар

Тіл үйрену –  бала шақтан

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын ұсынып: «Бүкіл әлемге Қазақстан халқы үш тілді меңгерген терең білімді мемлекет ретінде танылуы тиіс. Бұл: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға сәтті кірігу тілі» деген болатын. Ал тілді үйренудің ең қолайлы кезеңі мектеп жасына дейінгі кезең, себебі мектеп жасына дейінгі баланың зейін қоюға, логикалық ойлауға қабілетті әрі үш тілде оқытуды мектепке дейінгі ерте жастан бастаған дұрыс екендігін ғалымдар зерттеулерінде айтып та, жазып та жүр.

Осы қағидаларды ұстанған қаламыздағы «Алданыш» бөбекжайы өз тәрбиеленушілеріне үш тілді меңгертуде еңбек етіп келеді. Қазақстан халқы тілдері күнінде бұл еңбекті барынша паш етуге мүмкіндік туды. Өткен аптада бастау алған «Тіл – баға жетпес мұра» апталығы аясында қызықты да танымдық шаралар ұйымдастырылуда. Кішкентай балғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлап қана қоймай, олардың білімін арттырып, таным көкжиегін кеңейтуге сеп болды.

Ұйымдастырушы тәрбиешілер еліміздегі тілдер мерекесі барша қазақстандықтарды біріктіретін айрықша мейрам екеніне баса назар аударды. Мерекеге сай әдемі безендірілген музыка залында балалар біздің елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерінің тілдерін атап шықты. Түрі бөлек болғанымен барлығы қазақ елінің аспанының астында тату-тәтті өмір сүріп жатқандығын сезінді.

Кез келген мектепке дейінгі мекемедегі сияқты мұнда да мереке күндері оқу – тәрбиелеу үрдісінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Ойын-сауық бағытындағы іс-шараларын ұйымдастыруда оқу кезеңдері кіріктіріледі. Мәселен, ертегі сахналау кезінде де балаларға ертегінің беретін тағылымын, мәні мен мағынаны жан-жақты түсіндіру, содан ғибрат алуы негізгі міндет болып саналады. Апталық барысында ұйымдастырылған түрлі танымдық шаралардың бірі де осы ертегі сахналау болды. Әуелі экраннан көрсетілген слайдтарға қарап балалар қандай ертегі және ол қай халықтың ертегісі екенін атады. Сол ертегі кейіпкерлерінің атауы жасырылған жұмбақтардың жауабын тауып, үш тілде атап шықты. Балалардың тәрбиеші қойған барлық сұрақтарды түсініп, жауап бергендерін көріп алғырлықтарына сүйсіндік. Өздерін мәдениетті, әдепті ұстай білген балғындар көпшілік ортаға бейімделіп, өздерінің әлеуметтену деңгейлерінің жоғары екенін де байқатты. Содан кейін барлық қатысушылар бөбекжай мамандары дайындаған «Қолғап» украин халық ертегісін тамашалады. Бөбекжай әдіскері Меруерт Әубәкірова жақында ғана жұмысқа кіріскен жас мамандардың бірінші күннен-ақ өздерінің өнерлерін көрсетіп, балаларды өнерге баулып жатқандығын тілге тиек етті. Сонымен қатар, қызықты апталықты ұйымдастырған қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің мұғалімдері Ж.Естаеваға, С.Менкаиловаға және М.Қазбековаға, музыка жетекшісі И.Игнатовичқа алғысын білдірді. Ал балалар ертегі арқылы басқа ұлт өкілдерімен келісімде өмір сүру керек екендігін түсіне білді. Ертегі тыңдап, оны сахналау, жұмбақтар мен жаңылтпаш шешу арқылы балалар тіл үйренудің жеңіл әрі ұғынықты жолын білді. Апталық аясындағы шаралар ертең қорытындыланатын болады.

Жансая ОМАРБЕКОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button