Басты тақырыпРесми

Теміртау төрінде – төл мейрам

Өткен апта Теміртау көгін қазақы рух кернеді. Әсем ән қалықтап, әуезді күй күмбірледі. Апта басында басталған Наурыз тойы бейсенбі күні қорытындыланды. Қала орталығындағы «Металлург» стадионы алдындағы алаң мерекелік думанның ордасына айналды. Осы жерге шаһар жұртшылығын құттықтауға қала әкімі Ғалым ӘШІМОВ арнайы келді.

Құрыш қала тұрғындары таң бозынан спорт нысанының алдына жиналды. Алаң ортасынан әдемі безендірілген сахна орын алып, жергілікті өнерпаздар өнерлерін ортаға салды. Алаңды жағалай боз үйлер тігілді. Алып өндіріс ошағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бастаған ұжымдар әр үйде келушілерді құрметпен қарсы алып жатты.

Той шымылдығы қазақтың ұлттық биі «Қара жорғамен» түрілді. Жүргізушілер Думан Әкім мен Гүлнұр Көкиева жұртты биге шақырып, флешмобқа ұйытқы болды. Бір мезетте мыңдаған адам көркем бидің көрігін қыздырды.

Күн арқан бойы көтерілгенде қала әкімі Ғалым Әшімов сахнадан сөз алды.

Еліміз егемендік алған уақыттан бастап Наурыз мейрамының маңызы арта түсті. Бұл күнді атап өтуді республика халқы дәстүрге айналдырып келеді. Бекем бірліктің, ұлтаралық татулықтың шынайы көрінісін айшықтайтын мейрамдардың бірі – осы Наурыз. Наурыз – молшылықтың, берекенің, ынтымақ пен ырыстың мерекесі. Мерекеге Теміртау халқы үлкен дайындықпен келді. Ауқымды концерттік бағдарлама құрылып, мәдени, спорттық шаралар ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, Наурыз мейрамы қарсаңында тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетілді. Мұның барлығы бабаларымыздан қалған салт. Біз сол дәстүрді жаңғыртуда келелі жұмыстар атқаруды келешекте де жалғастыра береміз, – деген шаһар басшысы сауықшыл қауымды мерекемен құттықтады.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Вадим Басин жүрекжарды тілегін жеткізді.

Той – ақ тілектер тиегі ағытылар мереке ғой. Қызық іздеген жұрт сахна маңында бой түзеген ағашқа арман-тілегі жазылған ленталарды байлау мүмкіндігіне ие болды. Бұл ғұрыпты Ғалым Әбіханұлы өзі бастап берді. Лентаны байлаған қала басшысы өз арамыздағы әңгімеде мемлекетіміздің тыныштығын, теміртаулықтардың бақуатты тұрмысын тілегенін жасырмады.

Салтанатты рәсімнен кейін қала әкімі боз үйлерді аралап көрді. Әр үйде Елбасы бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде түзілген көрмелермен танысты.

Әкім алдымен барған «Ата дәстүр үйінде» беташар рәсіміне қатысты. Қол ұстасып, жаңа өмірге қадам басқан Айдын Оразалиев пен Жазира Бекдуллаеваға неке қию туралы куәлігін салтанатты түрде табыс етті.

Келесі үйде Ғалым Әбіханұлын өнерпаздар қарсы алды. Осы жерде теміртаулық әкімнің өнеріне тәнті болдық. Домбыраны қолға алып, оркестрдің қақ ортасына отыра қалған қала басшысы Құрманғазының «Балбырауынын» орындап шықты. Бұдан кейінгі киіз үйлерде де үй иелері арнайы әзірленген бағдарламаларды мәртебелі меймандар назарына ұсынды.

Той аясында түрлі сайыстар ұйымдастырылды. Соның бірі – «Бал бауырсақ» аспаз-кондитерлер байқауы.

Байқауға белсенді атсалысқан Теміртау технологиялық колледжі, Теміртау кәсіби техникалық колледжі, «Бидай-нан» ЖШС ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттармен марапатталды. Ал, ІІІ орынға – Теміртау техника-экономикалық колледжі, ІІ орынға – Теміртау сауда және тамақтандыру колледжі, І орынға – «Реал» ЖШС лайық деп танылды. Бас жүлдені «Бабаков» ЖК қанжығасына байлады. Жүлдегерлер мен қатысушыларға бағалы сыйлықтар табысталды.

Қазақтың тойы күрессіз өткен бе?! Білекті жігіттер боз кілемнің үстінде шын мықтыны анықтады. Теміртау спорт мектебіндегі қазақ күресі секциясының аға жаттықтырушысы Дулат Омарханов айтқандай, отызға жуық балуан бас жүлде – дөнен қойды жетектеп әкетуден үміттенді. Әйтсе де, жарыстың аты – жарыс. Ақтық сында Дмитрий Черкасовты жартылай әдіспен ұтқан Шыңғыс Есімханов қойды өңгеріп әкетті.

Мейрам ажарын өнерпаздар аша түсті. «Шыңдауыл», «Тарлан», «Диар» аспаптар ансамблдері, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік әншілері қала тұрғындарына «Қош келдің, әз Наурыз!» концерттік бағдарламасын тарту етті. Мәні мен сәні келіскен мерекелік думан қас қарайғанша жалғасты.

ТЕМІРТАУ қаласы.

Нұрқанат Қанафин

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button