Тарихы терең Қарқаралы

Қарқаралы – тамырын тереңнен тартқан көне шаһардың бірі. Түрлі кезеңдерді басынан өткерген көне қаланың қалыптасу тарихы бірнеше ғасырларды қамтиды. Бұл өңірден ежелгі тайпалардың қоныстарын, қашалған таңбалы тастар, бертінде салынған бекініс орындарын кездестіруге болады. Сырға толы мекеннің тарихының тереңде екендігінің тағы бір дәлелі қала ішінен табылған ескі қорым.

Қаланың іргетасы 1824 жылы әскери бекініс ретінде қаланған. Яғни, патшалық Ресей Орта Азия мен Сібір арасында сауда-саттық орнату үшін осы өлкеде арнайы қамал салдырған. Дегенмен, көне шаһардың тарихы 1824 жылдан басталмайды. Аудан аумағында көне дәуірден сыр шертетін 400-ден астам тарихи сәулет ескерткіштері, ескі қалалар мен қорымдардың қалдықтарын кездестіруге болады. Ертеден жеткен осындай ұлттық құндылықтар мен тарихи жәдігерлер көне шаһардың 2500 жылдық тарихы бар екендігін көрсетіп отыр. Белгілі археолог, этнограф Әлкей Марғұлан зерттеген «Суықбұлақ шатқалындағы» ежелгі қоныстар, «Үш үңгір» маңындағы жақпар тастарда салынған суреттер Қарқаралының алғашқы адамдардың қонысы болды деуге бірден бір дәлел. Қала тұрғындары аудан аумағында түрлі тарихи ескерткіштерді кездестіріп, ерте дәуірде қолданыста болған тұрмыстық бұйымдарды тауып алып жатады. Бұл ежелгі ескерткіштер ауданның барлық жерінде кездеседі.

Қарқаралы сақ, қола, темір дәуіріндегі ежелгі ата-қоныс деп айтылуына басты себеп, қала ішінен сол кезеңдердегі қорымдардың табылуы.

Нақтырақ айтқанда, Қосыбаев және Қуанышбаев көшелерінің бойындағы екі үлкен жерлеу орындарын қала әкімшілігі 2011 жылы қала тұрғындарының өтініші бойынша қоршады.

Ал өткен жылы қаланың солтүстік бөлігіндегі Мамыраев көшесінде анықталған үшінші қорымда кем дегенде үш дәуірдің, ерте темір, қола дәуірінің және орта ғасырдағы ата-бабаларымыз жерленген деген пікірге келді арнайы мамандар. Себебі, сол кездегі жерлеу рәсімдері сақталған және сол уақыттарда тұрмыста пайдаланған заттардың қалдықтары табылған. Жалпы, зерттеуші ғалымдар әр қорымдағы жерлеу рәсімін назарға ала отырып, оның қай дәуірге жататынын нақты айтады.

– Қарқаралы қаласында түрлі дәуірдің мәдениетін қамтитын үлкен қорым табылды. Бұл жерде қола және ерте темір дәуірінің адамдары жерленген. Тұрғындар сол жерден құрылыс жүргізуге жер сұрағаннан кейін аудан әкімінің орынбасары Сайлау Әлиұлы бізге шығып, көмек сұрады. Біз археологтармен бірге барып, тарихи орынды көргеннен кейін, ол жер қоршалып, «Тарихи мұраларды сақтау» жөніндегі заңға сәйкес «Қарқаралы қорымы» деп тақта орнаттық. Яғни, мемлекет қорғауына алынды. Біздің мұны қола дәуірінің қорымы деуімізге негізгі себеп, қабір ішіндегі тастарда қола дәуіріндегі Андронов мәдениетінде адамды жерлер алдында қабір ішін таспен қоршап, тізесін бүгіп жерлеген. Бұл біздің дәуірімізге дейінгі 5-6 ғасырлар мен одан кейінгі дәуірлерді қамтып отыр. Қаланың ішінде қорым көп. Алдағы уақытта қазба жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Қарқаралы тұнып тұрған тарих. Бұл жерден тас, неолит дәуірінің тұрақтары мен орта ғасыр ескерткіштерін кездестіреміз,– дейді тарихи мәдени мұраларды сақтау орталығы басшысының орынбасары Жанболат Мәжитов.

Қарқаралы тарихтың алтын діңгегі. Осынау тарихы тасқа қашалып, шежіресі санаға сіңген киелі өлке ашық аспан астындағы мұражай қалаға айналса деген қала тұрғындарының тілегі бар.

Сағыныш ӘБІЛ.