Жаңалықтар

«Талпыныс толқынында»

«Жақсы сөз — жарым ырыс» деген, қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйтқы болуымен Астананың 20 жылдығына арналған қала жастарының фестивалі осылай аталды. Қаланың орталық алаңы кешкілік құлпырып кетті.

 

Жастардың рухани, мәдени, білім мен кәсіпқойлық жағынан қапысыз қалыптасуы және жан-жақты табиғи толысуы үшін жағдай жасау мен кепілдік беру бағытында Елбасының бағдарламалық «Рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген көкейкесті мәселе мен жастар саясатын жандандыру мақсатындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ұйымдастырылған ілкімді іс-шарада олардың шығармашылық әлеуетін айқара ашуға айрықша көңіл бөлінді.

Қала басшылығы жастармен кездесуге керемет құлшыныс танытты. Шаһар басшысы Қайрат Қамзин жиналған жұртшылықты құттықтап, салалық және аймақтық бағдарламаны жүзеге асыру барысында елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне жастардың белсене қатысуы үшін тиісті жағдай жасалып жатқанын атап көрсетті.

Жалындаған жастарға қала гарнизоны бастығының орынбасары, штаб бастығы, подполковник Есжан Батырбеков пен РФ ҚМ әскери бөлімшесі командирінің орынбасары, полковник Валерий Воронов жылы лебіз білдіріп, сәттілік тіледі.

Салтанатты сәтте денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұртай Стамқұл – облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, ІІБ жол полициясының аға инспекторы Анара Махашева, ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Алмагүл Тұлшықова, коммуналдық тұрғын үйді қайта қалпына келтіру басқармасының автокөлік жүргізушісі Ербол Есергиев – қала әкімінің Құрмет грамотасымен, «Еркетай» шағын орталығы тәрбиешісінің көмекшісі Бақыт Өмірбаева, «Айналайын» балабақшасының тәрбиешісі Жақсылық Құлмағамбетова, коммуналдық тұрғын үйді қайта қалпына келтіру басқармасының электригі Сарыбай Жораев және «WTO» ақпараттық жүйе орталығының ұжымы қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Орталық аурухананың дәрігер акушер-гинеколгі Әлия Саурабаева мен қалалық прокуратура қызметкері Жалғасбек Қосановқа қызметтік пәтер кілті тапсырылғанда көпшіліктің қолпашы кең залды кернеп кетті.

Алқалы басқосу барысында қаланың өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік мәселені шешуге меценаттар қосқан елеулі үлеске ерекше назар аударылды. «Жомарт жүрек» сыйлығы өз иесін тауып, «Мектепке жол» акциясының бас демеушісі, балаларға арналған басқа да көптеген қайырымдылық шарасын ұйымдастырушы, «ЕрТай» ЖШС кен-байыту фабрикасының директоры Талғат Қарабалаев – «Жыл мецанаты», қалада спортты дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға орасан үлес қосқан жеке кәсіпкер Мұса Әбдімүтәліпов – «Жыл тұлғасы» атанды.

Ал, «Туған өлке» аталымының сыйлығы «Бесаспап» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бұйырды. Кәсіпорынның атқарушы директоры Мұратбай Нарымбетовтің тікелей араласуымен бұл ұжым үш аула алаңына спорт жабдығын орнатты. Сонымен қатар, жеке қаражатына спорт алаңын әткеншекпен толықтырды. Полицияның тірек бекетін жөндеуді, жиһазбен жабдықтауды ұйымдастырды. Мешіт пен оның қасына асхана салғанда демеушілік жәрдем жасады.

Бір көңіл аударатын нәрсе, жүлдегерлерге тапсырылған барлық кәдесыйды жасаған – қала әкімінің жас кәсіпкерлер арасындағы өткен жылғы грант иегері Валерия Николайчук.

 Көпшіліктің көңілінен шыққан, үш мыңдай адамды қамтыған керемет кездесуді ұйымдастыруға Илья Струментов жетекшілік жасайтын «Орион-207» қоғамдық бірлестігі көп еңбек сіңірді.

Жастар фестивалі концерттік бағдарламаға ұласып, отшашумен аяқталды.

Әлібек ӘБДІРАШ,

«Орталық Қазақстан»

ПРИОЗЕРСК қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button