Жаңалықтар

Табиғат тылсымынан ғылым шыңына дейін…

Академик Әбдуәлі Баешов тағдырдың сынағын өмірге келмей жатып-ақ сезінген жан. Ана құрсағында ұзақ уақыт қимылсыз жатқан оның өміріне қауіп төнеді. Дәл осы кезде табиғаттың шипалы күші – емдік өсімдіктердің көмегімен сәби аман қалыпты. Бұл жағдай кейін оның табиғат, энергия және тіршілік заңдылықтарына деген терең қызығушылығының бастауы болғандай. Балалық шағынан-ақ, ол қоршаған ортаның құпиясына үңіліп, от пен металдың, электр мен химиялық реакциялардың байланысын түсінуге ұмтылады. Мектеп кезінде газбен дәнекерлеуді меңгеріп, металдың қызу мен әсерден «өзгеруін» тәжірибе жүзінде байқайды. Осы алғашқы ізденістер оның электрохимия­ға деген қызығушылығын оятып, болашақ ғылыми бағытын айқындайды. Уақыт өте келе, Әбдуәлі Баешов электрохимия, электрохимиялық технологиялар және гальваникалық процестер саласында тың зерттеулер жүргізіп, жаңа ғылыми мектеп қалыптастырған ірі ғалымға айналды. Ғылым мен өндірісті ұштастырып, химиялық ток көздері мен металл электрохимиясын дамытуға елеулі үлес қосты. Табиғат пен тағдыр тоғысынан басталған өмір жолы оны Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик дәрежесіне көтерді. Даңқты ғалым биыл мерейлі 80 жасқа толып отыр.

Сурет автордан

Мектептен басталған құштарлық

Көпбалалы отбасыда туған Әбдуәлі Баешұлы жастайынан еңбекке бейімделіп, табандылық пен жауапкершілікті бойына сіңіреді. Өсе келе табиғат құбылыстарына ерекше зер салып, желдің бағыты, судың ағысы, оттың ұшқыны сияқты тылсым көріністерді оймен саралап өседі. Домбыра үніне ерте әуестеніп, бір күйдің әсерінен өнерге шындап қызығып, алғашқы әуендерді үйренуге талпынды. Бұл оның ішкі әлемін байытып, табиғат пен дыбыстың, ырғақ пен үйлесімнің байланысын сезінуіне жол ашты. Кейін ғылым жолына түскенде дәл осы қасиеттер – құбылысты терең түсіну, себеп-салдарды іздеу және төзімділік оның ғылыми мінезіне айналып, болашақ ғалымның ішкі дүниесін қалыптастырған шешуші кезең болды.

Студенттік жылдардың серпіні

1964 жыл Әбдуәлі Баешов үшін өмірлік және ғылыми бағытын айқындаған шешуші кезең болды. Мектепті аяқтаған ол Қазақ химия­-технология институтына түсіп, бастапқыда техникаға жақын бағытты қарастырғанымен, түпкілікті «электрохимиялық технологиялар» мамандығын таңдайды. Бұл шешім оның кейінгі бүкіл ғылыми жолының негізін қалады, себебі, электрохимия – электр тогы мен химиялық процестер тоғысатын күрделі әрі перспективалы сала еді.
Институттағы ұстаздары, әсіресе Равиль Вахидов пен Виктор Пташник оның ғылыми ойлау жүйе­сін қалыптастырып, теориялық электрохимия, гидроэлектрометаллургия және электротехника негіздерін терең меңгеруге жол ашты. Осы кезеңде студент өндірістік еңбек пен теорияны ұштастыра отырып, студенттік жылдар оның дүниетанымын кеңейтіп, болашақ зерттеуші ретінде қалыптастырды.
Баешовтың алғашқы ғылыми жұмыстары гальванотехника саласына арналды. Ол мыс (Cu) электродтарын никельмен (Ni) электрохимиялық қаптау процесін зерттеп, қаптама сапасына ток тығыздығы, электролит құрамы, температура және катодтық потенциалдың әсерін талдады. Сонымен қатар, электролиз кезінде түзілетін қабаттың құрылымдық біртектілігін, адгезия­лық қасиеттерін және микроқаттылығын салыстырмалы түрде зерттеу жүргізді. Бұл зерттеулер оның электрохимиялық тұндыру процестерінің заңдылықтарын түсінуіне алғашқы ғылыми негіз болды.
Кейінгі маңызды бағыт – никель-фосфор (Ni–P) жүйесіндегі электрохимиялық тұндыру процесі болды. Баешов арнайы эксперименттік қондырғы құрастырып, катодтық потенциалдың уақыт бойынша өзгерісін үздіксіз тіркеу арқылы процесс кинетикасын зерттеді. Нәтижесінде алғаш рет никель-фосфор қорытпасы түзілгенде катодтық потенциалдың периодты түрде тербелетіні анықталды. Бұл құбылыс қабат-қабат құрылым түзілуімен және электролиттегі иондық тепе-теңдіктің динамикалық өзгерісімен байланыстырылды. Осы зерттеу электрохимиялық тұндырудың тек стационарлық емес, күрделі динамикалық жүйе екенін көрсетті.
Сонымен қатар, ерітінділердегі иондардың өзара әрекеттесуін, электрод бетінде жүретін тотығу-тотықсыздану реакцияларын және металл иондарының разрядталу механизмдерін зерттеуге көңіл бөлді. Бұл жұмыстар оның кейінгі гидроэлектрометаллургия және металл ұнтақтарын алу технологиялары бағытындағы зерттеулеріне тікелей негіз болды.

Қарағандыдағы қадамдар: Бөкетов мектебі

Химия-металлургия институтындағы (ХМИ) Қарағанды кезеңі Әбдуәлі Баешовтың ғылымдағы ең шешуші әрі өнімді дәуірі болды. Әсіресе, оның ғылыми қалыптасуына осы ХМИ-дағы академик Евней Бөкетов жетекшілік еткен ғылыми мектеп ерекше ықпал етті. Оның негізгі зерттеу бағыты гидрометаллургия мен электрохимияның түйісінде өрбіді. Баешов автоклавтық жоғары қысымда жүретін процестерді зерттеп, мыс, никель, кобальт сияқты түсті металдарды сульфидті және тотыққан кендерден ерітіндіге өткізу және бөліп алу технологияларын жетілдірді. Ол кен құрамындағы күрделі қосылыстардың ыдырау механизмін, ерітіндідегі иондардың әрекеттесуін және металдардың ерігіштік кинетикасын зерттеді. Сонымен қатар, электролиз процесі арқылы металдарды тұндыру, катод пен анод бетінде жүретін реакциялардың заңдылықтарын, ток тығыздығы мен электролит құрамының әсерін нақты тәжірибелермен дәлелдеді. Кейін бұл жұмыстарды кеңейтіп, селен, теллур, күкірт сияқты халькоген элементтерінің қосылыстарын электрохимиялық жолмен алу және олардың қасиеттерін зерттеуге көшті.
Ғылыми ізденістердің ең маңызды кезеңі – автоклавтық гидрометаллургиялық процестерді электрохимиялық әдістермен алмастыру идеясын ұсынуы болды. Ол жоғары температура мен қысымды қажет ететін өндірістік реакцияларды электр тогы арқылы бөлме температурасында жүргізуге болатынын тәжірибе жүзінде тексерді. Александр Костиковпен бірлескен зерттеулер нәтижесінде селен қосылыстарының электролиз арқылы тотықсыздануы, анодтық тотығу процестері және потенциалдық қисықтар арқылы реакция механизмін анықтау сияқты маңызды нәтижелер алынды. Бұл гидрометаллургия мен электрохимияны біріктірген жаңа ғылыми бағыттың бастамасы еді.
– Бұл ортада академик Евней Бөкетовтің ғылыми ықпалы ерекше болды. Евней Арыстанұлы зерттеу­шілерге тек тапсырма беріп қана қоймай, әр тәжірибенің ғылыми мәнін терең талдауға үйретті, идея­ны өндірістік деңгейге жеткізуге бағыт берді. Бөкетовтің қолдауымен институтта теория мен практиканы ұштастырған нағыз ғылыми мектеп қалыптасты. Мен сол мектептің белсенді өкілдерінің бірі болдым, – дейді Әбдуәлі Баешұлы.
Химия металлургия институтының қазіргі директоры Сайлаубай Байсанов пен Әбдуәлі Баешовтың ғылыми байланысы Қарағандыдағы Химия-металлургия институтында (ХМИ) қалыптасқан біртұтас ғылыми мектептің аясында дамыды. Сайлаубай Байсанов – түсті және қара металлургия саласының белгілі маманы, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Ол ферроқорытпа өндірісі мен металлургиялық процестердің технологиясын жетілдіру бағытында іргелі зерттеулер жүргізді. Ал, Әбдуәлі Баешов электрохимия және гидроэлектрометаллургия саласын дамытып, металдарды ерітінділік әдістермен алу, тазарту және қайта өңдеу технологияларын қалыптастырды.
Химия-металлургия институты Евней Бөкетов негізін қалаған, теориялық химия мен өндірістік металлургияны ұштастырған нағыз ғылыми мектеп еді. Осы ортада қалыптасқан жас зерттеуші гидрометаллургия мен электрохимияны қатар зерттеп, әсіресе, селен және теллур химиясына терең мән берді. Институттағы гидрохимиялық зертханаларда жүргізілген автоклавтық тәжірибелер түсті металдарды жоғары қысым мен температурада ерітіндіге өткізу процестерін түсінуге бағытталды және өндірістік кендерді өңдеудің жаңа тәсілдерін іздеуге негіз болды.
Осы зерттеулер барысында маңызды ғылыми жаңалық қалыптасты. Бұрын тұрақты әрі тотықсыз­дануы қиын деп есептелген алты валентті селен иондары (SeO₄²⁻) электрохимиялық жағдайда оңай тотықсызданып, элементтік селенге айналатыны тәжірибе жүзінде дәлелденді. Поляризациялық қисықтар мен электролиздік зерттеу­лер арқылы Se(VI) → Se(0) процесінің кинетикасы мен механизмі анықталды. Бұл нәтиже селенді өндірістік ерітінділерден тиімді бөліп алудың жаңа электрохимиялық технологиялық негізін қалады.
Ең маңызды ғылыми бетбұрыс – автоклавта жүретін күрделі гидротермиялық процестерді қарапайым температурада электрохимиялық әдістермен алмастыру мүмкіндігін көрсету болды. Бұл идея тек теориялық тұжырым емес, нақты тәжірибелермен дәлелденіп, селен мен теллурды қалдық шикізаттан бөліп алудың жаңа жолдарын ұсынды. Соның нәтижесінде бірнеше патенттер алынып, ғылыми мақалалар жарияланды, ал зерттеу бағыты Қазақстандағы қолданбалы электрохимия мен гидрометаллургияның жаңа мектебіне айналды.
Осылайша ХМИ-дегі Бөкетов мектебі жас ғалымды қарапайым тәжірибешіден жаңа ғылыми бағыт қалыптастыратын зерттеуші деңгейіне көтерді. Ал, селен химиясы бойынша жүргізілген жұмыстар оның кейінгі ғылыми мектебінің өзегіне айналған іргелі бағыттардың бірі болды.

– Әбекеңнің ұлан-ғайыр ғылыми жұмыстарымен қоса білімді ғылыми кадрлар даярлауға қосқан үлесі оның еңбексүйгіштігінің дәлелі деуге болады. 1991 жылы енді ғана ашылған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің экология факультетінің деканы қызметіне шақырылып, кейін Кентау бөлімінің вице-президенті, ректоры, директоры қызметтерін атқарды. Осы жылдары ол өзінің ғылыми бағыты бойынша Кентау бөлімінде электрохимия саласы бойынша көптеген шәкірт даярлады. 2005 жылы Әбекең «Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің еңбек сіңірген құрметті азаматы» атағымен марапатталады, – деп еске алады химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Серік Фазылов.

Тереңдей түскен зерттеулер

Ультрадисперсті мыс ұнтағын алу бағытындағы зерттеулер Әбдуәлі Баешовтың Химия-металлургия институтындағы ғылыми ізденістерінің ең маңызды әрі нәтижелі кезеңдерінің бірі болды. Бұл жұмыс Евней Бөкетов қалыптастырған ғылыми мектептің тікелей ықпалымен дамып, электрохимия мен металлургияны тоғыстырған қолданбалы бағыт ретінде қалыптасты.
Тәжірибелер барысында күтпеген, бірақ өте маңызды құбылыс анықталды: электролитке титан иондары енгізілген кезде мыс тек катод бетінде ғана емес, ерітінді көлемінде де өте майда бөлшектер түрінде түзіле бастайды. Кейін бұл құбылыс титан иондарының Ti⁴⁺/Ti³⁺ редокс-жұбы арқылы «аралық электрон тасымалдаушы» қызмет атқарып, жүйеде қосымша тотықсыздану жолдарын ашуымен түсіндірілді. Яғни, титан иондары электрондарды уақытша «сақтап», кейін оларды Cu²⁺ иондарына беріп, мыс ұнтағының түзілуін күшейтеді. Нәтижесінде сутек бөлінуі азайып, токтың пайдалы шығымы артып, ұнтақ мыс түзілуі 10-18% аралығында жоғарылады.
Алынған ғылыми тұжырымдар өндірістік деңгейде Алмалық тау­-кен комбинатында сынақтан өтті. Үздіксіз электролиз режимінде жүргізілген тәжірибелер титан иондары бар жүйенің бақылау жүйесіне қарағанда әлдеқайда тиімді екенін көрсетті: мыс ұнтағының шығымы орта есеппен 15%-ға артты, ал шлам құрамындағы селен мен теллур сияқты бағалы компоненттердің жоғалуы азайды. Бұл нәтижелер сол кезең үшін сирек кездесетін ғылыми-өндірістік жетістік ретінде бағаланып, авторлық куәліктермен қорғалды.
Кейінгі кезеңде зерттеу тек мыс жүйесімен шектелмей, ультрадисперсті бөлшектердің түзілуінің жалпы заңдылықтарын анықтау­ға бағытталды. Катод маңындағы ерітінді аймағында жүретін коллоидтық процестер, анод-катод арасындағы редокс-тепе-теңдіктер және микродисперсия түзілу механизмдері терең зерттелді. Соның нәтижесінде 1 микроннан кіші мыс бөлшектерін алудың бірнеше жаңа электрохимиялық әдістері ұсынылды. Бұл әдістер кейін өндірістік майларға қосымша ретінде қолданыс тауып, үйкелісті азайту және механизмдердің тозуын төмендету мақсатында сынақтан өтті.
Ол тек классикалық тұрақты токта жүретін электрохимиялық процестерінің зерттеушісі ғана емес, ХМИ қабырғасында Менделеев кестесіндегі металдардың айнымалы токта байқалатын бүкіл электрохимиялық қасиеттерінің анықтамалығын жасап, электрохимия саласында өшпес із қалдырды. Бұл орасан зор жұмысты көптеген шәкірттеріне жасатып, оларды ғылым жолына аса бір өзгеше жаңалық үлес арқылы шығарды.
Әбдуәлі Баешов – химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, «Құрмет» орденінің иегері, Кеңес Одағының өнертапқышы.
Академик Е.Бөкетовтің жетекшілігімен кандидаттық (1977) және докторлық (1991) диссертация қорғады. Қазақстандағы жоғары білім мен ғылымның дамуына зор үлес қосты. 1993 жылы профессор атанып, кейін бірнеше ұлттық және халықаралық академиялардың мүшесі болды. 1000-нан астам ғылыми еңбектің, 22 монографияның және 150-ден аса патенттің авторы.
Баешов 39 кандидат және 1 докторлық диссертацияға жетекшілік етіп, көптеген жас ғалымдарды тәрбиеледі. Оның шәкірттері арасында мемлекеттік сыйлық иегерлері мен белгілі ғалымдар бар.
Әбдуәлі Баешов – Қазақстанда электрохимия және гидрометаллургия бағытында өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырған көрнекті ғалым. Оның жетекшілігімен Қарағанды кезеңінде бірнеше жас зерттеуші кандидаттық және докторлық диссертация қорғап, жеке ғылыми бағыттарын дамытты. Солардың бірі – Химия-металлургия институтының профессоры Мұрат Мантенұлы Доспаев.
Мұрат Мантенұлы – Баешов ғы­лыми мектебінің тікелей шәкірті. Түсті металлургияның күрделі мәселелерін шешуге, әсіресе, қиын байытылатын тотыққан және үйінді кендерден металдарды алудың тиімді технологияларын дамытуға ден қойды. Оның кандидаттық жұмысы «Жоғары дисперсті мыс және оның тотықтары ұнтақтарын электрохимиялық әдіспен алу» тақырыбына арналса, докторлық диссертациясы «Ультрадисперсті мыс, оның тотықтары мен сульфидтерінің ұнтақтарын алудың және пайдаланудың гидрометаллургия­лық технологиясын жасау» бағытында орындалды. Бұл зерттеулер мыс қосылыстарын ұсақ дисперсті және ультрадисперсті күйде алудың электрохимиялық және гидрометаллургиялық негіздерін жүйелеп, жаңа технологиялық шешімдер ұсынды.
Баешов мектебінің басты ерекшелігі – теориялық ізденісті өндірістік қолданбалы нәтижемен ұштастыру болатын. Осы дәстүрді жалғастырған Мұрат Мантенұлы да электрохимиялық сульфидтендіру, мыс және оның қосылыстарының ұнтақ түрлерін алу, сондай-ақ, күрделі кендерді өңдеудің жаңа гидрометаллургиялық тәсілдерін дамытуға үлес қосты.
Ел ғылымында электрохимия мен металлургиялық процестердің дамуына зор үлес қосқан тұлға Әбдуәлі Баешов – табиғат пен тіршіліктің тылсым заңдылықтары тоғысқан ортадан өсіп шықты. Ол от пен металдың, ток пен реакцияның құпиясын терең зерттеп, электрохимиялық технологиялар бойынша ғылыми мектеп қалыптастырып, Қарағандыдағы Химия металлургия институтында көптеген шәкірт тәрбиеледі. Осылайша оның еңбегі жеке жетістік деңгейінен асып, Қазақстандағы электрохимия мен гидрометаллургия ғылымының дамуына негіз болған тұтас ғылыми бағытқа айналды.

Академик Әбдуәлі Баешұлын мерейлі 80 жасымен құттықтап, мықты денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз!

Сайлау БАЙСАНОВ,
Ж.Әбішев атындағы Химия-металлургия институтының директоры,
техника ғылымдарының докторы,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,
Мұрат ДОСПАЕВ,
ХМИ электрохимиялық үрдістер зертханасының меңгерушісі,
техника ғылымдарының докторы

Басқа материалдар

Back to top button