Тақырып арқауы – нәубет шындығы

Тарихтың өткенін таразылау, одан сабақ алу – бүгінгі күннің еншісінде. Қазақ тарихында мәңгі ұмытылмастай орын алатын қуғын-сүргін кезеңі ұлтымыздың беткеұстар тұлғаларын қынадай қырды. Тарихи деректер 100 мыңнан астам адам қуғынға ұшырап, 25 мыңы атылып кеткен дейді. Алаш ардақтыларын жалған жаламен, халық жауына балап, түрмеге тоғытқан осы бір жылдардың жаңғырығы арада қанша уақыт өтсе де өзінің маңызын жоймады. Халық ардақтыларына жағылған күйе кеткенімен, тарихта қаралы кезең болып қала берді. Ұлты үшін құрбан болған арда азаматтар – қуғынсүргін құрбандарын, Алаш зиялыларын құрметтеу, олардың патриоттық істерін халыққа насихаттау, өскелең ұрпаққа аманаттау мақсатында «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты республикалық онлайн ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен тағылымды шараны облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ ашты.

Жалпы халқымыздың тарихында қиын-қыстау күндер, «тар жол, тайғақ кешулер» аз болған жоқ. Солардың бірі – ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін. Тарих бетінде қалған осынау қаралы жылдар – халық жадынан ешқашан өшпейтін қасіреттің таңбасы. Тұтастай ұлттың трагедиясы. Әрине, Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, осынау зұлматтың құрбандарын мәңгі есте сақтау үшін мемлекет деңгейінде жұмыстар жүргізіліп келеді. Арнайы заң қабылданды. 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында да осы тақырыпқа ерекше мән берді. Бұл ретте ол ескі тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керектігін айтып, Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруі тиіс деп атап айтты. Осы орайда, 2020 жылдан бастап қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр, – дей келе Абзал Нүкенұлы өңірдегі бірқатар ғалымдардың еселі еңбектеніп жатқандығын айтып өтті.

Адамзат баласының көкірегін қарс айырып, шерменде күйде қалдырған саяси қуғын-сүргін мыңдаған жазықсыз жандардың қаны мен көз жасына жуылған шерлі тарихтың ақтаңдақ беттері болып қала бермек. Жазықсыз құрбан болған жандардың есімін ұмытпау, сол кезеңнің саяси астарына терең үңілу, олардың еңбегін елге жария ету – бүгінгі ұрпақтың борышы. Осы атаулы күннің қадірін арттырған рухани шараны академик, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті ректоры, профессор Нұрлан Дулатбеков тізгіндеп отырды.

«Мың өліп, мың тірілген» қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу ұлт жанашырларының азаттық қозғалысы оларға құрылған қақпан болды. Қуғын-сүргін саясаты қазақ халқының саяси, мәдени өміріне аса зор шығын келтірді. Өзекті өртер шындықты конференцияға қатысушы спикерлер одан әрі өрбітті.

«Қазақтың рыцарлық қоғамы және тоталитарлы жүйе тайталасы: XX ғасырдағы этнос тағдыры», Боқты және Тоқырауын көтерілісі жайлы мәліметтермен қатар, Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметі, сол кездегі саяси жүйеге шолу конференцияның өзекті тақырыбына айналды.

Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған жандарға арналған Қарағанды облысының өзінде жеті лагерь болған екен. Осындай мәліметтерді негізге ала отырып, тарих ғылымдарының докторы, академик, Қазақстан Республикасы Ұлттық аграрлық университеті «Рухани жаңғыру» институтының директоры Хангелді Абжановтың Қарағандыда саяси қуғын-сүргін кезеңдерін зерттейтін институтты ашу керек деген ұсынысын Нұрлан Дулатбеков конференция қарарына кіргізетіндігін жеткізді.

– Сансыз сылтаумен саяси қуғынсүргін құрығына ілініп, құрбанына айналғандардың лайықты бағасын беру керек. Әлеуметтік, моральдық тұрғыда шынайы ақтау қажет, – дейді әлихантанушы-ғалым, халықаралық журналист Сұлтанхан Жүсіп.

– Саяси қудалаудан көп жапа шеккен өңірлердің бірі – Шет ауданы. Кәмел Жүністегінің айтуынша, ашаршылықтан кейін аудан тұрғындарының бестен бірі ғана қалған. Репрессия 37-ші жылдан бұрын басталған. Қазақтың қасіреті болған Қарлагтың бөлімшесі Шет ауданында Шетлаг құрылды. Қуғынға ұшыраған 180 аудан тұрғынының 106-ның дерегін таптық. 64 адамның ешқандай дерегін таба алмай отырмыз. Лагерьді итпен күзетті. Малқораға қамалған адамдардың қашуға мүмкіндігі болды. Ондай әрекетке барғандарды атып тастап отырды. Әрине, олар туралы ешқандай ресми құжат жоқ, — дей келе өлкетанушы, жазушы Төрехан Майбас Шетлаг туралы әлі де зерттеуді қажет ететіндігін тілге тиек етті.

Өткенге құрмет танытып ұлттық тарихымызды ұлықтап жүрген жас зерттеушілер-алаштанушы, «Qyr balasy» қоғамдық қорының атқарушы директоры Елдос Тоқтарбай, тарихшы-зерттеуші, Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының Ғылыми зерттеу институтының қызметкері Әділет Жағыпар да өз ойларын ортаға салып, өзекті мәселелерді көтерді.

Конференция жұмысын қорытындылаған Нұрлан Дулатбеков:

– Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу тек біркүндік шара емес. Қасиетті қазақтың жерінде, Сарыарқаның төрінде көптеген ұлыс өкілі тұрақтады. Олар жыл сайын қазақ халқына мың алғысын білдіріп отырады. Бұл біздің дұрыс жолда келе жатқанымызды білдіреді. Әрине – жеңіл тақырып емес. Бұл біздің ұлттық кодымызға енетін, әрқашан жадымызда қалатын тақырып. Сондықтан, мұқият болып, атадан балаға жеткіземіз деп ойлаймыз. Барлық халық бұл қуғынның зардабын көрді. Бірақ, біздей жапа шеккен ешкім болған жоқ, – деп, сол кездегі саяси жүйенің қаншалықты ұлтымызға ауыр болғанын баса айтты.

Сағыныш ӘБІЛ.