Руханият

Тақиямызды төбеге атқанда, Тазымыз көрініп қалмасын

    Өмірдің базарына барған емес, қайтқан тұста сол базардың қазіргі парқы мен нарқы туралы ойланбау мүмкін емес. Жауырды жаба тоқып неғылайық. Рухани аш, ұлттық құндылықтан тыр жалаңаш өнген өскінді көргенде көкірегіңе өксік тығылады. Мәңгүрттену үрдісімен жаһандануға жұтылып бара жатқан ұрпақтан не күтуге болады? Ал, бұған қарсы тұрар қару не? Тіл, дін, діл, ұлттық тәрбие, салт-дәстүр десек, осы күні бұл аталғандарды ұрпақтың бойына сіңірудегі сенімге әлдеқашан-ақ селкеу түскен. Соның ең өзектісі, өміршеңі – тіл тағдыры.

   Бүгінгі ана тіліміздің Қарағанды облысындағы мүшкіл халін айтудан бір жалықпаймыз. Жасымыз жер ортасынан асқанда, жетіскеннен, еріккеннен Қарағанды облысында «Қазақ тілі» қоғамын құрған жоқпыз. Ана тілімізге төр бұйырса, үй ішінен үй тігіп, айдың, күннің аманында неміз бар? Облыстағы тіл ахуалының қатпары – қалың. Соның бірі – қаланың қақ ортасындағы мектептердегі ана тіліміздегі сыныптардың ахуалы. Көз алдаумен айналысқан мектептерде ана тіліміздегі сыныптар бастауышта ғана. Одан әрі жоқ. «Әке, өлдім» десеңіз де, бұған қалалық білім бөлімі, тіпті, білім басқармасы бас ауырт­қан жоқ. Бұл туралы «Орталық Қазақстан» газетінде Қызғалдақ Айтжанованың «Өз жерімізде өгейдің күйін неге кешеміз?» деген мақаласы шықты. «Қарағанды облысының білім басқармасы назарына» деп айғайлатып берілген материалға бүгінге дейін сол құзырлы басқарма, мекемелер ләм-мим деп жауап берсе, мұрнымызды кесіп берейік. Осы үнсіздік түбімізге жетіп барады. Үндемей құртқан саясат дымымызды шығармай тұншықтырып отыр.

   Құдай ақы дейік. Мүйізі қарағайдай облыстық басылымдағы бұл сын мақаланы бірде-бір облыстық деңгейдегі басшы оқыған жоқ. Назарын да салған жоқ. Өйткені, біздің басшылардың түрі қазақ болғанымен, тілі қазақ емес. Қазақша әліпті таяқ деп танымайтын мүсәпір күйде. Осыдан-ақ Қарағандыдағы қазақ тілінің жағдайы қасыса қаны, қасымаса жаны шыққан қара қотырға айналғанын көруге болады. Атал­ған мақалада қаланың ортасындағы мектептерде ана тілімізде сыныптар тек бастауышпен шектелетіні сынға алынған. Бұл – рас. Басшылардың абыройын айрандай төгетін ақиқат. Мәселен, Қарағанды қаласының 45 орамының ауданына жақын орналасқан екі мектеп бар. Олар – № 97,45. Осы мектептердегі ана тіліміздегі сыныптар, тек, бастауышпен отыр. 1-сыныптан 4-ші сыныпқа дейін оқытады да әлгі мектептер 4-тен соң «дәсбидания» деп шығарып салады.

   Бұл не деген сұмдық? Қайдан шыққан заң? Ол мектептерге мұндай құзыретті кім беріпті? Бұл білетіндеріміз ғана. Ал, көрмей, білмейтініміз қаншама? Мұны биік мінберлерден жиі айтып келеміз. Бірақ, қозғалған сең жоқ. Сондықтан да, бұған Қарағанды аймағының ақсақал, қарасақалы қарап, қол қусырып отыра алмаймыз. Ата-аналар жоғары басшылыққа арзу-арманын айтқан өтініш хат жолдауға бел бууда. Дұрыс өтініш. Оңды ұсыныс. Осы арада Қарағанды қаласының зиялы қауымы неге үнсіз? Балаларды бастауышта білім алған мектебінен еріксіз ажыратып, ата-аналарының оларды итарқасы қиянға сүйреуіне жол бермейік деп неге ойланбайды екен?

   Аралас мектептерден біртіндеп арылатын, қазақ сыныбы жоқ мектептерде 100 пайыз 11 сыныпқа дейін ана тілімізде сыныптар ашатын уақыт әлдеқашан жеткен. Ондай күн туғалы 25 жыл. Бірақ, сол күннің жылуы қаланың ортасындағы мектептерге қандай да бір себептермен түспейді. Неге? Не сонда туған күнде жылу жоқ па? Бүгін жүрегіміз жарыла тойлағалы отырған 25 жылда таза қазақша 20 мектеп ашуға қауқарымыз жетпепті. Сонда бұл той тойып секіргеннің емес, тоңып секіргеннің тойы ма?

   Мәселен, Тәуелсіздік алғанда дүние есігін ашқан бала бүгін 25 жаста екен. Сол жиырма бестегі жасыңызды алып қараңызшы. «Бір қызым бір қызымнан сорақы» дегендей. Бұрын қайта қылышынан қан тамып, қазақша мектептерден адыра қылған кезеңдегі жастардың тілі таза қазақша еді. Қазіргі Тәуелсіздік төлдерінде тіл жоқ. Ана тілді айтамыз. Сонда Тәуелсіздік алғандағы өріс жайған тіл қайда?

   Балабақшаңыз – шүлдір-шүлдір. Қазақша қарық қыла алмай жүріп, ағылшын дейтінді тағы тіркестіріп қойды. Содан соң қазіргі ұрпақтан күлдібадам, ұлты бар да, үні жоқ, түрі бар да, тілі жоқ буын өспегенде қайтеді? Қарағандының қазақ тіліне келгенде мойны қарысып қалатындай тіліміз бұл билікке не жазыпты? Әлде, кешегі биліктің бишігін ұстаған, қазір елдің абыз ақсақалына айналған аға буынның ұлтқа қатысты ұлық істе бір ауыз дуалы сөз айтпай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алмай отырғандығы да сеп пе? Мен, өз басым, бұл мәселені – бұлай атүсті қалдырмаймын. Көптің тілегі басылым арқылы айтылған екен. Ендеше, бұқараның бұл арыз-арманы – аяқасты болмауы тиіс. Оны жүре тыңдауға ұлт алдында менің арым да, ақсақалдығым да жібермейді. Тәуелсіздіктің ширек ғасыры деп тақиямызды атқанда, төбеміздің тазы көрініп қалатынын бір ауық ойлайық. Бұл мәселенің томардай түйінін шешуге шамамыз жетпесе, несіне ел болып отырмыз?! Көлгірсіп, көкірек керіп, кеуде соққандық ұлтты ұшпаққа шығармайды.

Темірғали КӨКЕТАЕВ,

префессор, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қарағанды облыстық филиалының басшысы, Қарағанды қаласының

Құрметті азаматы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button