Туған жер төріндегі жүздесу
«Ақтоғайым, мен сенің бір ұлыңмын!» Осы бір жүрекжарды сөз Алаш арыстарының ізі қалған қасиетті топырақта қайта жаңғырды. Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар мерекесі қарсаңында Президент сыйлығының лауреаты, медиа зерттеуші Төлен Тілеубай туған еліне перзенттік есеп беріп, шығармашылық кешін өткізді. Тоқырауын бойындағы қалың қауым қаламгердің жырмен өрілген жастық шағын, публицистикадағы қайраткерлік жолын және «Түлкілітаудың аспанында» қалықтаған балалық шақ сағынышын автормен бірге қайта тебірене толғады.

Балалықтың дастанындай болған «Түлкілітаудың аспаны» кітабы – қаламгердің төртінші кітабы. Ал, проза жанрындағы алғашқы туындысы. Төлен әріптесіміз әдебиетке тосыннан келген жоқ. Журналистикаға өлең жазып келген ол «Шабыт» фестивалінде қазақтың аяулы ақын қызы Фариза Оңғарсынованың батасын алыпты. Сонда Фариза ақын: «Айналайын, Төлен бауырым, публицистикаңмен таныспын. Жазуыңа ризамын. Бірақ, сен прозаны қолға алып көрші. Қолыңнан келеді», – деп сенім білдірген екен.
Міне, ақынның бір ауыз пікірі қаламына қуат беріп, көркем шығарманың да ауылына ат байлатты. Қаламгердің алғашқы прозалық жинағына «Түлкілітаудың аспаны» атты повесі және әңгімелері енгізіліпті. Алғашқы повесіне ауыл баласының арман-тілегі, мақсат-мұраты, адамның бойындағы адалдық, мейірім сияқты ізгі қасиеттер арқау болған. Автор шығарманың бас кейіпкері Әмірдің балалық шағын суреттеу арқылы ауылдың мамыражай тіршілігін сағынышпен жеткізеді.
Кеш шымылдығы талантты балалар сомдаған повесть үзіндісімен түрілді. Бала Әмірдің әкесіне «ауыл ғажабын кітапқа түсіремін», деген уәдесінен соң сахнаға құрметті кеш иесі көтерілді. Сонда хикаяттағы бас прототиптің өзі екенін түсінген көрермен қол соқты.
Кешті ақпараттық технологиялар маманы, абайтанушы ғалым Сұлтан Ыбырай жүргізді. Төлен әріптесіміздің сөз өнеріне өлең жазып келгені белгілі. Ақтоғай халық театрының әртістері ақынның жалындаған жастық шағындағы жазған өлеңдерін оқыды.
Туған жерге, ауыл-анаға деген зор сүйіспеншіліктен туған Төлен Тілеубайдың сөзіне жазылған композитор Медет Салықовтың «Ақшиім – ән арқауым» әнін «Толқындастар» тобы шырқады.
Қолына қасиетті қалам ұстаған жанға құрмет көрсету, төрге шығару – қазақ баспасөзіне, қазақ әдебиетіне, тұтас ұлтқа деген құрметпен барабар. Өз кезегінде аудан әкімі Абылай Аманжолов ақтоғайлықтардың атынан қаламгерге құрмет көрсетті.
Дәстүрлі әннің дүлдүлі Ержан Базарбеков қаламгерін ардақтап, кеш өткізіп жатқан Ақтоғайдың еліне ризашылығын білдіріп, Үкілі Ыбырайдың «Шаттық», Балуан Шолақтың «Ғалиясын» орындады.
Құрметті меймандар да сахнаға көтеріліп, кеш иесіне құтты болсын айтты. Қазақтың Сары тентегі, ақын, бард Қуаныш Мақсұтов, ақын Мүсіркеп Сейдахмет, журналист, қоғам қайраткері Мақпал Орынбет жылы лебіздерін жеткізіп, алдағы шығармашылық жолына сәттілік тіледі.
«Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабек «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілданың құттықтау хатын табыстап, иығына шапан жапты. Ақындар Мүсіркеп Сейдахмет пен Руслан Нұрбай өлеңдерін оқып, кітаптарын сыйлады.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің «Жастар Әлемі» журналының бас редакторы Гүлнар Шөменова, университеттің «Үкілі үміт» клубының атынан ақын Нұрасыл Аманжол сөз сөйлеп, естелік сыйлықтарын тарту етті. Ақын, композитор Қалиасқар Шыныбектегі меймандардың атынан ән салып берді.
Төлен Зәрубайұлын оқушы кезінен өнерге баптаған ауылдағы мәдениет үйінің меңгерушісі Жанар Төселбаева өлең жазылған сарғайған қағазды сыйға тартты. Кежек ауылының әкімі Мейірбек Мәкенбаев та жазушыларына сый жасады. Ардагер ұстаз, қаламгердің апасы Дыбыс Тілеубаева да сахнаға шығып, жазушысын алақанына салған ақтоғайлықтарға, алыстан ат арылтып келген меймандарға алғысын жаудырды.
Кеш соңында «Түлкілітаудың аспаны» кітабы кеңінен талқыланып, жас оқырмандар жазушымен еркін сұхбат құрды. Ақтоғайдың аспанында перзенттік махаббаттың әні қалықтап, қазақ сөзінің құдіреті тағы бір мәрте ұлықталды.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Ақтоғай ауданы



