Руханият

Кенептегі келісім келбеті

Көктемнің шуақты күндерімен бірге келетін «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні» – сан түрлі тағдыр тоғысқан, жүздеген этнос өкілдері бір шаңырақ астында жарасым тапқан елдің жүрек соғысы. Осындай сәтте өнер де үн қатады. Кейде сөзбен жеткізе алмаған ойды бояу жеткізеді, кейде бір ғана картина тұтас дәуір келбетін, тұтас қоғамның болмысын сөйлетеді. Облыстық бейнелеу өнері музейі қорындағы суретші Сергей Щеголихиннің «Қарағандының мәдениет адамдары» атты туындысы – дәл осындай рухани үн. Туынды 2011 жылы салынып, 2012 жылы музей қорына сыйланған.

Сурет облыстық бейнелеу өнері мұражайы қорынан

Бұл – кенепке майлы бояумен салынған, кең тынысты, көпфигуралы картина. Картина композициясының дәл ортасында – қазақтың ұлттық киімін киген, қолына домбыра ұстаған жас қыз тұр. Оның бейнесі – ұлттың жаны, өнердің тамыры, дәстүрдің үні. Домбыраның үнін көзбен көргендей әсер қалдыратын бұл бейне бүкіл композицияның жүрегіне айналған.

Орталық кейіпкерді айнала қоршаған өзге тұлғалар – түрлі этнос өкілдері. Олардың әрқайсысы өз ұлттық киімінде, өзіне тән музыкалық аспаптарымен бейнеленген. Бірі – скрипка, бірі – баян, енді бірі – үрмелі аспап ұстап тұр. Мұнда суретші кездейсоқ кейіпкерлерді таңдамаған. Картинада Қарағанды облыстық музыкалық комедия театрының әртістері сомдалған. Яғни, терең тарихы бар іргелі ұжымда жылдар бойы жұдырықтай жұмылып еңбек етіп, елдің рухын көтеруге барын салып, бірліктің символына айналған өнер иелері. Театр сахнасындағыдай, мұнда да әр дауыс, әр әуен бір-бірімен үйлесіп, тұтас симфонияны құрап тұр.

– Шығарманың тереңіне бойлаған сайын оның астарындағы ой айқынырақ сезіледі. Мұнда қарапайым әріптестер бейнесі арқылы бірлік идеясының көркем тілін көресіз. Әртүрлі мәдениет, түрлі тағдыр, сан алуан үн – бәрі бір кеңістікте тоғысып, бір ырғаққа бағынған. Суретші бояу арқылы татулықтың моделін жасағандай, – дейді облыстық бейнелеу өнері мұражайы директорының орынбасары Мейрамгүл Елубаева.

Картинада Қарағанды қаласының символы – «Кеншілер даңқы» монументінің бейнеленуі де ерекше мәнге ие.

Сергей Данилович Щеголихин 1953 жылы дүниеге келген. Балалық шағында ауыр дерт салдарынан есту қабілетінен айырылса да, тағдыр оған ерекше көркемдік түйсік сыйлайды. Ол әлемді дыбыс арқылы емес, бояу арқылы «еститін» суретшіге айналды. Ленинградтағы көркем-безендіру мектебінде білім алған ол классикалық кескіндеменің қыр-сырын меңгеріп, кейін өзіне ғана тән мәнер қалыптастырды.
Бүгінде музей қорында суретшінің жиырмадан астам туындысы сақталған.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button