АбайАймақ

Тәуекелсіз іс тынбайды

Қазіргі таңда еліміздегі шағын және орта бизнес саласында еңбек ететін әйелдердің үлесі 43 пайыздан асып отыр. Осыған байланысты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев олардың көктемгі мерекесі қарсаңында жолдаған бейнеүндеуінде «Біз еліміздің дамуына белсене атсалысып жүрген осындай іскер аруларымызға жан-жақты қолдау көрсетеміз» деген болатын. Міне, абайлық жеке кәсіпкер Әлия Жұматаева да осы қатарға жатады.

Сурет: автордан

«Ат баспаймын деген жерін үш басады» демекші, Қызылжардың қызы Әлия Жұматаеваның табаны Қарағанды топырағына екі рет тиген. Біріншісінде ол осындағы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің экономика факультетіне оқуға түсіп, 1994 жылы оны бітіргеннен кейін ел жағында мамандығы бойынша жұмыс істейді. Екіншісінде 2008 жылы отбасымен Абай қаласына көшіп келіп, біржола орнығады. Жұбайы Сайлау «Абай» шахтасына жұмысқа тұрып, өзі кәсіпкерлікпен айналысуға ниет қылып жүреді.

Ақыры осы ойын жүзеге асыру үшін 2015 жылы өзі жасаған бизнес-жоспарымен Абай ауданы әкімінің 1,8 миллион теңге грантына ие болып, Топар жылыжайларынан саңырауқұлақ цехын жалға алады. Мұның да себебі бар. Өйткені, өзінің туып-өскен Солтүстік Қазақстан өңірі саңырауқұлақтың шантерелла, россула, балдыркөк, тағы басқа түрлеріне өте бай болса, бұл аймақ дүкендері сөрелерінен поляк шампиньонынан басқасын көре алмағанына таң қалды. Сондықтан, саңырауқұлақтың түр-түрін осы жерде де өсіру мақсатында Саратов қаласында білімін жетілдіріп, Алматыдан технолог шақыртып, іске кірісіп те кеткен. Бірте-бірте шаруасы алға басып, бұл кәсіппен 7 жыл үзбей шұғылданды. Бірақ, цехтың жалдау ақысы жыл сайын өсіп, оны тоқтатуға тура келді.

Осы жылдар ішінде Әлияның саңырауқұлақтарына сұраныс артып, оны өсірем деушілер шыға бастаған. Сондықтан, ол «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы «Қалалық фермер» оқу орталығын ашып, ісін жаңа бастағандар мен тәжірибесі аз кәсіпкерлерге жылыжай шаруашылығын жүргізудің қыр-сырын үйретуде. Оларға ықтимал қауіптер, форс-мажорлық жағдайлар, демпинг, өсімдік аурулары туралы дәрістер оқып, бизнес-жоспар үлгілерін ұсынып, өз тәжірибесімен бөліседі. Өткен жылдың маусымында алғашқы 17 тыңдаушы осы курсты бітіріп шықты.

Әлия сонымен бірге, өзінің әуелдегі ісін жалғастырып, 2020 жылы Абай қаласындағы бұрынғы шахтақұрылыс басқармасының қаңырап, қираған жылыжайының ғимаратын сенімдік басқаруға алған болатын. Аумағы 1 мың шаршы метр болатын бұл сау­тамтығы қалмаған екен. Соны қалпына келтіріп, су, жылу, электр желілері мен тораптарын қайта жалғатып, қосқызуға қаншама күш жұмсап, соның негізінде 2022 жылы «Агрохорвест» жекеменшік кәсіпорнын құрды. Бүгінде аталған кәсіпорында қызғалдақ, қияр, көкөніс өсіріліп, 6 адам жұмыс істейді. Олар өткен жылы 10 мың тал қызғалдақ, 3 тонна қызанақ пен 20 тонна қияр өндіріп, тұтынушыларға жөнелтіпті. Енді, Әлия былтыр алған облыс әкімінің 3,8 миллион теңге грантына өндіріс көлемін ұлғайтуды көздеуде.

Кәсіпкер келіншек үйдегі үш баласынан бөлек ауданның қоғамдық өміріне қатысуға да уақыт тауып, өз үлесін қосып келеді. Мәселен, «Жәрдем» мүгедектер қоғамына көмектесіп, жыл сайын кембағал жандардың атаулы күні 9 қазанда оларға арнап дастарқан жаяды. Сол сияқты үстел теннисінен спорт шеберлігіне үміткер Әлия Жұматаева облыстық жарыс­тарда Абай ауданының намысын қорғап жүр. Осы және кәсіпкерлік қызметте оның алған мадақтамалары жеткілікті. Ең бастысы, ол тәуекелшіл жан. Қай іске болсын тәуекелмен бел байлап, қашан мақсатына жеткенше бір тынбайды. Және де сол тәуекелі түбі табыс әкелетінін жақсы түсінеді де.

Ержан ИМАШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button