Ата Заңның өлшемі – азамат игілігі
Конституцияның құны оның баптарының санымен емес, сол баптардың адам өміріне қаншалықты ықпал ететінімен өлшенеді. Ауылдағы тұрғын медициналық көмекке дер кезінде жете ала ма? Баланың сапалы білім алуына жағдай жасалған ба? Еңбек адамының құқығы қорғала ма? Мемлекеттік орган азаматтың үнін ести ме? Жаңа Ата Заңның мәнін күнделікті тіршіліктен іздесек, Қарағанды облысында осы сауалдардың әрқайсысына жауап беретін нақты дерек те, шешімін күткен мәселе де бар.

2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданып, 1 шілдеден күшіне енді. Орталық референдум комиссиясының түпкілікті мәліметіне сәйкес, ел бойынша дауыс беруге 9 миллион 127 мың 192 адам қатысып, олардың 87,15 пайызы жаңа Негізгі заңды қолдаған. Ал 15 наурыз күні сағат 20.00-дегі алдын ала есепте Қарағанды облысындағы қатысу деңгейі 84,30 пайызға жеткен. Бұл көрсеткіш өңірдің қоғамдық-саяси үдерістен тыс қалмағанын аңғартады. Бірақ азаматтық қатысу бір күнгі дауыс берумен шектелмеуге тиіс.
Ата Заңның 1-бабында мемлекеттің ең жоғары құндылығы адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені айқындалған. Ал 3-бапта халықтың әл-ауқатын арттыру, қоғамдық диалог, білім мен прогресс, жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру негізгі қағидаттар қатарында көрсетілген. Өнеркәсіп пен ғылым тоғысқан Сарыарқа үшін бұл ұстанымдар айрықша маңызды. Себебі экономикалық өсімнің түпкі нәтижесі ең алдымен адамның тұрмысынан көрінуі керек.
Құқықтың баршаға бірдей қолжетімді болуын көрсететін бастаманың бірі Қарағандыда жүзеге асты. Наурыз айында облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада жаңа Конституцияның жобасы Брайль қарпімен қазақ және орыс тілдерінде басылып шықты. Кітапхана мамандары арнайы жабдықты пайдаланып, басылымды оқырман қорына енгізді. Мұның мәні символдық шарадан әлдеқайда терең: адам өз құқығын білмейінше, оны толық пайдалана алмайды. Ал құқықтық ақпаратқа қол жеткізу адамның денсаулығы мен мүмкіндігіне тәуелді болмауы қажет.
Жаңа Ата Заңның 32-бабы азаматтардың денсаулық сақтау құқығын, 33-бабы мемлекеттік оқу орындарында ақы төлемей орта білім алу кепілдігін бекітеді. Осы қағидаттарды өңірдің нақты көрсеткіштерімен салыстырып көрелік. Қарағанды облысының 3 қарашада жариялаған ресми мәліметіне сәйкес, ауылдық жерлерде 92 медициналық нысан ашылған. Телемедицина 117 медициналық ұйымда енгізіліп, жедел жәрдем паркі 113 жаңа көлікпен толыққан. Бұл – шалғайдағы елді мекен үшін қызметтің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Білім саласында 13 мектептің құрылысы аяқталған, соның оны «Келешек мектептері» жобасымен салынған. Тағы 29 білім беру ұйымы жаңғыртылған. Әрине, мектептің жаңа ғимараты сапалы білімнің бір ғана шарты. Оған білікті мұғалім, қауіпсіз орта, материалдық база және балаға тең мүмкіндік қажет. Конституциялық кепілдіктің күнделікті өмірдегі шынайы өлшемі – қаладағы оқушы мен шалғай ауылдағы баланың білім алу жағдайындағы алшақтықтың қысқаруы.
Баспана да – әлеуметтік тұрақтылықтың өзекті мәселесі. Жаңа Конституцияның 28-бабында мемлекет азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге жағдай жасайтыны, заңда белгіленген санаттарға баспана берілетіні көрсетілген. Облыста соңғы үш жылда 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, кезекте тұрған азаматтарға 2,5 мыңға жуық пәтер табысталған. Дегенмен баспанаға мұқтаж жандар үшін басты сауал өзгермейді: кезектің ашықтығы, бөлінген тұрғын үйдің әділдігі және оның қолжетімділігі қалай қамтамасыз етіледі?
Қарағанды – еңбекпен еңсе тіктеген өңір. Көмір, металлургия, машина жасау және басқа өндіріс салаларында мыңдаған адам жұмыс істейді. Конституцияның 27-бабы қауіпсіз еңбек жағдайына және кемсітусіз сыйақы алуға кепілдік береді. Биылғы тоғыз айда облыстың өнеркәсіп өндірісі 4,9 пайызға өсіп, 4,2 триллион теңгеге жеткен. Машина жасау саласындағы өсім 26,2 пайызды құрады. Ал 2032 жылға дейін жалпы құны 7 триллион теңге болатын 186 жобаны жүзеге асырып, 36 мың жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бұл – әлеует. Оның әлеуметтік мәні жаңа жұмыс орындарының қауіпсіздігімен, еңбекақының әділдігімен және мамандарға жасалған мүмкіндікпен айқындалады.
Жергілікті билікке қатысты талап та нақты. Конституцияның 87–89-баптары аумақтың дамуына жауапты жергілікті органдардың міндетін, мәслихаттың халық мүддесін білдіру және бюджеттің орындалуын бақылау өкілеттігін белгілейді. Сондықтан өңірлік бағдарламаның орындалуы тек ресми баяндамада емес, қоғам үшін түсінікті әрі ашық көрсетілуі тиіс. Қандай жобаға қанша қаржы бөлінді, ол қанша адамға пайда әкелді, тұрғындардың ескертпесі қалай ескерілді? Қоғамдық бақылау осындай нақты сұрақтардан басталады.
Бұдан бөлек, 3-баптағы «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру үшін Қарағанды облысында 8 қыркүйекте ведомствоаралық комиссия құру туралы қаулы қабылданған. Оның қыркүйек айындағы күн тәртібіне интернет-алаяқтық, мал ұрлығы, заңсыз кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл және көші-қон мәселелері енгізілді. Бұл бастамалардың нәтижесін отырыс санымен емес, құқық бұзушылықтың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін арттыру тұрғысынан бағалау орынды.
Жаңа Конституция – барлық әлеуметтік мәселе бір күнде шешіледі деген уәде емес. Ол – мемлекеттік шешімнің бағытын айқындайтын құқықтық өлшем. Қарағанды облысында мектеп те салынып, емдеу нысандары да ашылып, өндіріс көлемі де ұлғайып келеді. Ендігі маңызды міндет – осы істердің нәтижесі әр адамның өмірінен байқалуына қол жеткізу. Ата Заңның шынайы беделі мәтіндегі асқақ тұжырыммен емес, азаматтың қорғалған құқығымен, естілген үнімен және әділдікке деген сенімімен орнығады.
Салтанат Ілияш
«Ortalyq Qazaqstan»



