Ресми

Құндылықтарды қорлаудан асқан азғындық жоқ

Балаларды жастайынан қоршаған ортаны, мемлекет меншігін, қоғамдық мүлікті құрметтеуге тәрбиелеу керек. Кез келген дертпен күресудегі сияқты, қоғамдағы вандализмнің салдарын емдеп, оның алдын алу тиімді. Елімізде «вандализм» ұғымы көп жағдайда жастармен тікелей байланысты. Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында вандализм қоғамда жағымсыз құбылысқа айналғанын ерекше қынжылыспен атап өтті.

Сурет: tourchoose.ru сайтынан

– Тағы бір кесел, бұл – вандализм. Өкінішке қарай, қоғамдық мүліктен бастап, мыңжылдық мәдени мұраларға дейін – бәрін жаппай бүлдіру кейінгі кезде әдетке айналған. Бурабайдағы Жұмбақтасты, Баянауылдағы Кемпіртасты қараңыздар. Ең жауһар жерлеріміздің сұлулығы шимайдың астында қалып жатыр. Үйдегі лифтіні, ауладағы ойын алаңын, көшедегі аялдаманы қиратудың қандай қисыны бар?! Мұның бәрі – барып тұрған тәртіпсіздік, мәдениетсіздік, – деді Президент.

Көп жағдайда қоғамдағы адамдардың жұмыссыз жүруі және әлеуметтік шиеленістің жоғары деңгейі вандализмді өршітеді. Жүздеген жастардың орындықтарды сындырып, қоқыс жәшіктерін қиратып, ғимараттардың қасбеттеріне ғана емес, тіпті, ескерткіштерге де әдепсіз сөздер жазып жүргенін көріп жүрміз. Балалар алаңдарында әткеншектер, спорт алаңдарында баскетбол шеңберлерін сындыру арқылы қоғамдық құндылықтарды аяққа таптауда. Осындай олқылықтардың алдын алу үшін «вандализм» мәселесі кешенді түрде шешілуі керек. Көп жағдайда құқық бұзушылықтарды көбінесе NEET жастары жасайтыны байқалатындықтан, жастарды қоғамдық жұмысқа тартудың мәселені шешуде тиімділігі басым. Вандализмнің алдын алу үшін не істеу керек? Біріншіден, мектеп оқушыларын, жасөспірімдерді туған елдің Рәміздеріне, тарихи жәдігерлеріне, әрбір мүлкіне құрметпен қарауға, сақтауға баулу керек. Бұл орайда Мемлекет басшысы Құрылтайда өскелең ұрпақтың тәрбиесіне назар аударып, маңызды және пайдалы дағдылардың барлығын бала кезден қалыптастыруды тапсырды.

– Мектепте оқушылардың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін дәрістер оқытылуға тиіс. Жастар ақпаратты қорыта білуді, уақытын дұрыс пайдалануды, қаржы сауаттылығын мектеп қабырғасынан біле бастауы қажет. Өскелең ұрпақты түрлі ойындарға құмар болудан сақтандыру керек, – деп атап өтті ­Қасым-Жомарт Тоқаев.­

Ал, екіншіден заң талабын күшейту жұмыстарын дереу қолға алған тиімді. Бүгінде әлеуметтік желілерде вандализмге қарсы ағарту жұмыстарын күшейтуге басымдық берілгенін байқап жүрміз. Алайда, ресми органдар елімізде ескерткіштерді қирату, түрлі нысандарды бүлдіру, сындыру фактілері жиілегенін айтты. Былтыр вандализм жасаған 5 мыңнан аса адам анықталған. Ішкі істер министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, Қазақстанның тарихи-мәдени және табиғи мұрасы объектілеріне жоспарланған 28 мың бейнебақылау камерасын орнату жұмыстары жалғасса, қоғам болып бұзақылыққа тұсау қойылар күн жақын.

Осы орайда бейберекеттікке салынған жастарға әкімшілік айыппұлдардың мөлшерін бірнеше есе арттырған да тиімді. Ақшалай жазалаудан бөлек, көше тазалау түріндегі қоғамдық жұмыстарды енгізген дұрыс.

Үшіншіден, жастарды тарихи ескерткіштер аясында жүргізілетін игі істерге жұмылдыру керек. Өзі еңбектеніп істеген дүниесін қайтадан қиратуға ешкімнің жүрегі дауаламайды. Сондықтан, еліміздің еңселі ескерткіштеріне құрметпен қарауды жастардың санасына тереңнен сіңіру үшін еңбекке араластырған жөн. Сонда ғана жастар, барша қазақстандық ескерткіштердің ұлттық бірегейлікті қалыптастыратын мұра екенін ескеріп жүреді.

Осы орайда Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайда «Өркениетті елдің әрбір азаматы қоғам мүлкін өз мүлкіндей қорғауы керек. Дүние жүзінде, нақты айтқанда, Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Қытайда, Сингапурда жағымды мысалдар көп, осы елдер көпке үлгі болып отыр. Ал біз неге олардан кем болуымыз керек?», – деді.

Қоғамда ілгері дамытып, жақсылықты насихаттауға ұмтылатын жастар патриот болуы тиіс деп санаймын. Елге пайдасын тигізетін оңды әрекеттер ғана жас қазақстандықтарды ортақ құндылықтар төңірегіне біріктіреді. Сондықтан, мызғымас елдің бірлікті жақтайтын азаматтары ретінде, Мемлекет басшысының идеясына қолдау білдіру – маңызды.

Мәселен, Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ-де ескерткіштерге құрмет танытып, оны құндылық ретінде күтіп ұстау мақсатында акциялар жиі өтеді. Тарихи мұраларымызды сақтап қалу – қастерлі міндетіміз болғандықтан, жастарды елдің мүддесі жолындағы іс-шараларға жиі тартамыз. Халқымыздың дүниетанымына жат вандалдық бағыттағы идеологиялардың үлкен қауіп төндіретінін ескертеміз. Акциялар жас ұрпақтың жасанды идеялар мен «жалған батырлардың» жетегіне ілесіп кетпеуіне бағытталады.

Жастардың құқықтық сауатының төмен болуы жағымсыз үрдістердің белең алуына әкеп соқтырады. Сондықтан, жастар арасында сауатты әрі дұрыс көзқарас қалыптастыру – маңызды.

Абай ҚАЛЫҚОВ,
облыстық мәслихаттың депутаты,
Қарағанды техникалық университетінің проректоры.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button