Басты тақырыпРесми

Тұрғын үй құрылысы-қарқынды

    Өңірімізде «Нұрлы жер», «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы»,  «Нұрлы жол» сынды мемлекеттік бағдарламалар аясында бірқатар тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВ бастаған жұмыс тобы бейсенбі күні облыс орталығындағы осындай бірнеше құрылыс алаңын аралады.

Алдымен, жұмыс тобы Құрылысшылар даңғылы бойында орналасқан «Жанұя-2» тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңына ат басын тіреді. Мұнда ауданы 12800 шаршы метрді құрайтын он қабатты зәулім үйлер тұрғызылуда. Көрген адамның көз жауын алатын кешенде барлығы 199 пәтер қолданысқа берілмек ойда. Ал, жоба құны – 2,6 млрд. теңге.

– Қазіргі күні өздеріңіз көріп-біліп отырған жоба «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Негізінен, пәтерлер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына сатылады. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда жұмыс жүргізуге қандай да бір кедергі жоқ. Жоспарға сай жұмыс жасап жатырмыз. Қаржыландыру мәселесіне қатысты да еш қиындықтар жоқ, – дейді «ККК Инжиниринг» ЖШС директоры Иван Малюшенко.

Айта кетерлігі, бұл құрылыс жұмыстарына жергілікті үй құрылысы комбинатының өнімдері пайдаланылуда. Яғни, отандық құрылыс саласындағы инновациялық өнімдер – қосарлы қуысты қабырғалар мен өрнекті жабу плиталары қолданылуда. Бұл – құрылыс мерзімін жылдамдатып, материал құны мәселесін төмендетуге мүмкіндік бергенімен қатар, отандық өндірушілерімізді қолдаудың да жарқын үлгісі болмақ. Себебі, құрылысқа қажетті материалдар шет мемлекеттерден жеткізілген жағдайда, пәтер шаршы метрі әлдеқайда қымбат болар ма еді? Сәйкесінше, еңбек күшінің жұмсалуы үш есеге қысқарып отыр.

Аталған құрылыс компаниясы «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы»  аясында Қарағанды қаласының құрылыс бөлімі тапсырысымен Б.Момышұлы көшесінің бойында да көпқабатты тұрғын үй кешенін тұрғызуда. Мұндағы басты мақсат – халықты қол жетімді баспанамен қамтамасыз ету. Яғни, жоба «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына сату арқылы жүзеге асады. Барлығы 1128 пәтері бар 14 және 16 қабатты үйлердің жалпы ауданы – 60 мың шаршы метр. Ал, қаржы мәселесіне келетін болсақ, бұл жоба құны – 9,3 млрд. теңге.

Шыңылтыр аяз, ақ қар, көк мұзға қарамастан, барлық жұмыс жоспарға сай жүргізілуде. Тиісінше, банк салымшылары жыл соңында жаңа баспанаға қол жеткізбек.

Мұнымен қоса, аймақ басшысы «Панель-Орталық» шағын ауданындағы 1200 орындық жаңа мектеп-гимназиясының құрылыс жұмысымен де танысты. «Строй с нами» компаниясы мердігерлік еткен мектеп құрылысы – жоспарға сай жүріп жатыр. Құны 2,2 млрд. теңгені құрайтын бұл жоба «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүзеге асуда. Ал, қаражат – Ұлттық қордан бөлінген. Сөйтіп, білім ошағының қолданысқа берілу мерзімі жыл соңына жоспарланып отыр.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button